Облыстық мәслихаттың үлкен залында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының актив отырысы өтті. Отырысқа Саяси кеңес мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, партия және жастар белсенділері қатысты.
Алқалы жиынды «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Мұрат Мұқаев жүргізді. Күн тәртібінде партияның кезектен тыс XXII сиезінің шешімдерін орындаудағы БҚО филиалының міндеттері туралы мәселе қаралды.
Отырыс барысында облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Серғалиев және Шаттық Өтебалиева таяуда өткен партия сиезінен алған әсер һәм түйген ойларын жеткізіп, партияны жаңғырту бағдарламасын іске асыру бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты. Мұнан кейін партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, «Қазпошта» АҚ директорының орынбасары Нұрғиса Қамашев баяндама жасады. Оның айтуынша, алдағы уақытта партиялық бақылау күшейіп, қызметін жауапкершілікпен атқармаған, тұрғындармен тіл табысу білмейтін мемлекеттік қызметкерлерге қатаң шара алынбақ.
Активті қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев партияның жаңа бағдарының негізгі бағыттары жөнінде халықты хабардар ету қажеттігін, депутаттардың көшпелі кездесулерін жиі ұйымдастыру, партиялық бақылауды күшейту, халық пен билік арасындағы байланысты жандандыру керектігін мәлімдеді.
- Көп жағдайда халық пен билік арасында байланыс болмаған соң тұрғындар амалсыздан алаңға шығуға және басқа формада өз назын жеткізуге мәжбүр болады. Осы орайда партиялық бақылау, қоғамдық кеңес сынды партиялық алаңдардың жұмысын тиімді пайдалануымыз керек. Біздің өңірде Президенттің жақсы бастамаларын қолдап, аудандық, облыстық, республикалық деңгейде ұсыныстарын бере алатын жерлестер барын білемін. «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға берілген мүмкіндікті пайдаланып, елдің дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Депуттармен қатар аудан әкімдері де жауапты жұмыстары мен тұрғындарға деген көзқарастарын өзгертуі қажет. Кешегі сиезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудан әкімдерінің сайлауын көп кешіктермеу керектігін айтты. Халықпен тіл табысу, олардың мұң-мұқтажын шешу секілді жүйелі жұмыстарды бүгіннен бастап қолға алу шарт. Ел алдында беделге құр жарнамамен емес, нақты іспен ие болған жөн.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық» деген еді. Партия атауында немесе құрылымында тұрған ештеңе жоқ. Партияның беделін көтеретін, оның сапасын арттыратын адамдар екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан алға қойған мақсат-мүдделерді орындау жолында білек сыбана жұмыс істеуге шақырамын, - деді аймақ басшысы Ғ.Есқалиев.
Алтынбек Серікқалиұлы,
zhaikpress.kz