10.03.2022, 9:40
Оқылды: 81

Әр теңге тиімді жұмсалуы керек

Өткен апта соңында облыстық қоғамдық кеңес Ербол Ғұмаровтың төрағалығымен екінші шақырылымының соңғы отырысын өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Т.Каюпов, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

059C45E0-13EA-4500-8AA5-F149AA5DB6AC

Аталмыш кеңестің күн тәртібіне негізінен екі мәселе шығарылып, қызу талқыға түсті. Оның  біріншісі - облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №8-1 «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» хабарлама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрия Ғайтпаева (суретте) әр цифрдың көтерген жүгін, мақсат-міндеттерін, сол арқылы атқарылуы тиіс кейбір жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді. Ал енді екінші мәселе - «2022 жылы облыстың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар» бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков біраз мәліметті жеткізді.

Иә, қоғамдық кеңестер – мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, бақылаушы құрылым. Қазіргі уақытта әкімдіктер мен мәслихаттар өз шешімдерін қоғамдық кеңестермен кеңесіп, талдап-таразылап барып қабылдау керектігі арнайы заңмен бекітілген. Сол себепті кеңес өзінің құзыреті шегінде өңірдегі өзекті жайлардың барлығына дерлік араласып, ортақ ұстанымын білдіріп келеді. Талқылауға шығарылған бұл күнгі екі мәселеге қатысты да қоғам мүшелері тарапынан біраз ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер болды. Оның ішінде Жаңақала ауданында су тапшылығы түйткілдерін түпкілікті шешуге және қыруар қаржы жұмсалса да, бірі істеп, бірі оның жанында тек «күзетші» міндетін атқарып тұрған Мәстексайдағы қос су қондырғысына қатысты өз уәжін білдірген Әлихан Досмұқанбетов те бар. Ол Ұялы аумағынан (Бөкей ордасы ауданы) Казталов ауданының кейбір ауылдық округтеріне су тарту бағытындағы жоба-жоспарға да алаңдаушылық білдіріп, азық-түлік бағасын реттеуде тұрақтандыру қорларының жұмысын жетілдіру қажеттігін  алға тартты. Жалпы, бюджет төңірегінде сұрақ-жауап аз болған жоқ. Кеңесте кейбір аудандардан түсетін сұраныстар, яғни  құжаттар «шикі» келіп, түсінбестік тудыратыны да тілге тиек етілді. Бұл қатарда алдымен аты ауызға алынған Шыңғырлау ауданы болды.

140E020E-8259-416B-9767-AF812788A536

«Бірінші байлық – денсаулық». Өңір тұрғындары үшін мән-маңызы  ерекше бұл саланың да өзіндік түйткілдері жетіп-артылады. Басқарма басшысы Арман Талғатұлы өз кезегінде былтыр қараша айында 32 медициналық ұйымға тәуелсіз аудит жүргізіліп, сол бойынша көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған арнайы «Жол картасы» әзірленгендігін  айтты. Онда негізінен 2025 жылға дейінгі басым бағыттар сараланып, қолда бар медициналық құрал-жабдықтар мен кадр мәселесіне  ерекше назар аударылған көрінеді. А. Қалибеков атап өткендей, денсаулық сақтау жүйесін заман ағымына қарай жаңғыртып отыруға жыл сайын орта есеппен 3-4 млрд теңге қаржы шығындалады екен. Бұл аз дүние емес. Бір жағымды жаңалық, біраздан бері түйіні тарқамай келе жатқан облыстық кардиоорталық ғимаратын кеңейту ісі биыл  жүзеге асырылмақшы. Мұны бас дәрігердің өз аузынан естідік. Қоғамдық кеңес мүшелері соңғы жылдары өмірімізге дендеп енген жұқпалы дерт – КВИ-мен ауырып, емделіп шыққан жерлесте-ріміз үшін арнайы сауықтыру орындары жасақталса деген ұсынысты да ортаға тастады. Бұл да көптің қамы, ел-жұрттың көкейінде жүрген ортақ ой. Сонымен бірге алдағы кезде соңғы үлгідегі заманауи медициналық құрал-жабдықтарды сатып алумен қатар, оның «тілін» терең түсінетін білікті мамандар даярлау қажеттігі де назардан тыс қалмады. Несін жасырамыз, әке жолын қуған Арман Талғатұлы өзіне жүктелген ауыр да абыройлы міндетті мінсіз атқаруға бекем бел буғаны аңғарылады. Алдағы ой-жоспарларының бірқатарын кеңес мінбесінен санамалап айтып та берді. Бәріне уақыт төреші.

Айта кетелік, қос сала басшысын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы алдымен мемлекеттік қызметте жүрген әр адам өз деңгейін білуі керектігіне тоқталып, кейбір мәселелерді әлі де пысықтай түсу қажеттігін жасырмады. Мұндай талқылаудың мақсаты да әр тиынның  тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, халыққа пайдалы іске бұру екендігін түсіндірді. Өз белсенділіктерімен көрінген қоғам мүшелеріне ризашылығын білдіруді де ұмыт қалдырмады.

DF7B4FCC-8868-430B-8138-AD0C67FE9F04

- Қоғамдық кеңестермен берік байланыс орнатуға бірінші кезекте мемлекеттік құрылымдардың өздері мүдделі болуы керектігін облыстық басылымға берген сұхбатымда айтқан едім. Ал қай қоғамда да түрлі көзқарас, алуан пікір орын алуы қалыпты құбылыс. Ашық алаңнан ақиқат туындайды. Біз бүгін екінші құрылымның соңғы отырысын өткізудеміз. Кейінде қалған үш жылда біраз мәселеге үн қосып, түрлі мемлекеттік құрылымдардың құлағына жеткіздік. Олардың ішінде өз шешімін тапқандар да, тартпада  жабулы жатқандар да бар.

Ендігі айтпағым, үшінші құрылымда кейбір әріптестеріміз бұл қатарда болмасы белгілі. Сондықтан  аталған мерзімде қоян-қолтық араласып, бірге жүрген үлкен-кішіге айтар алғысымыз шексіз. Алда да байланысымыз үзілмей, хабар алысып тұрайық, - деп жиынды қорытты қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Ғұмарұлы. Одан әрі бірқатар қоғамдық кеңес мүшелеріне өңір басшысының алғысхаты табысталды.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале