Сырым ауданы Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов ауыл тұрғындарымен кездесті.
Жиынға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, бірқатар сала басшылары қатысты.
Ауыл әкімі тұрғындар алдында жасаған хабарламасында атқарылған жұмыстарға, орынды көтерілген негізгі мәселелерге, алдағы міндеттерге тоқталды.
Атап айтар болсақ, Қособа, Жырақұдық ауылдары бойынша жасалған сход жиындар нәтижесінде жеке тұрғындар арасынан мал бағатын бақташылар шығарылып, бүгінгі таңда Жырақұдық ауылынан 210 бас, Қособадан 90 бас бағымда.
Ауылды көркейту мақсатында Қособа орта мектебінің 1981 жылғы түлектері мектеп айналасына 20 түп, Жырақұдық ауылынан 2002-2007 жылғы түлектер саябақты қоршап, 57 түп көшет отырғызса, оның 17 түбі жеміс ағаштары.
Аталмыш жиында тұрғындар тарапынан мал бағымына тиесілі жерлер, күн тәртібінен түспей тұрған бұралқы иттермен, аусыл, сарып ауруларымен күрес бағытындағы сұрақтар қойылды.
Аудан әкімі өз сөзінде: "Жергілікті мәселелерді жедел шешуге ауызбірлік керек, қабаған итті қадағалап, малымыз ауырмауы үшін тиісті шаралар жасалуы керек", - деді.
Одан бөлек, 5 маусым болатын референдумға аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Дүйсенғалиев пен қоғамдық штаб мүшесі Ж.Нұрмұханов баяндама жасап, түсінік жұмыстарын жүргізді.
Кездесуді аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы қорытындылады.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz