Орал қаласындағы бірінші саяжайдың «Виктория» қауымдастығы бүгін түсте электр қуатынан ажыратылып, 200-дей үй жарықсыз қалды. Аяқ асты келеңсіздікке ұшыраған саяжай тұрғындары біздің редакцияға хабарласты.
- Свет жаңа күндіз 13.00-ден бастап сөнді. Біздің саяжайдың төрағасы Көненов Нұрлан деген азамат болатын. Бірақ біз жаңа ғана ол кісі заңды төраға еместігін білдік. Саяжай төрағасы Виктор Николаевич екен. Ал жарыққа төлеу керек қаржыны "төрағамын деп Н.Көненов жинады" дейді тұрғындар. Ол кісі 1 маусым күні саяжайдың қарызы көп деп электрды айыртып тастаған. Екі ортада қарапайым халық зардап шегіп отырмыз. Осы мәселені шеше алмай жүргенімізге екі ай болды, - дейді Нұржігіт Әкімғалиев есімді тұрғын.
Саяжай тұрғындары ай сайын электр қуаты үшін қажетті ақшаны уақтылы төлеп отырғандарын айтады. Олардың айтуынша, табиғат апаттары кезінде болмаса қалған уақытта жарық сөне бермейді екен.
-Менің 4 балам бар. Бұйырса 5-ші баламды күтіп отырмын. Біздер жарықтың киловатына 24 теңгеден төлеп отырмыз. Енді жаңа осында келсек, 3-4 ай бойы жарыққа ақша төленбеген деп шығарып берді. Біз төрағамын деген адамға сеніп, ақшамызды беріп отырдық. Ол кісі жауапкершілігін дұрыс атқармай, айналғанда халық жарықсыз қалып отыр,-дейді бізбен тілдескен көпбалалы ана Ұлғаным Садықова.
Иә, жаз айында тұрмысқа қажетті тоңазтқыш та, су да айырылып қалғаны тұрғындар үшін қиындау соғары сөзсіз. Саяжайлықтардың арыз-шағымын алып, «Батысэнергоресурсы» ЖШС-не бардық. Ол жерде отырған мамандар Виктория саяжай қауымдастығы мен "Батысэнергоресурс" мекемесі арасындағы келісімшарт бұзылғанын атап өтті.
- 1 маусым күні саяжайдың төрағасынан екі жақты келісімшартты бұзу туралы өтініш түсті. Сол өтініш негізінде ол саяжайға электр жарығын беру тоқтатылды. Олар енді төрағаны тағайындап, электр қызметін тұтыну үшін қажетті құжаттарды жинап рәсімдеу қажет. Және бүгінде бұл саяжай қауымдастығының 1 млн 500 мыңнан астам қарызы бар. Соны толық өтеулері қажет. Содан кейін келісімшарт негізінде электр энергиясын тұтынатын болады,- дейді «Батысэнергоресурсы» ЖШС-нің маманы Ольга Романовская.
Төлеген ақшалары тиісті жерге жетпеген тұрғындар кімге, қайда барарларын білмей дал.
П- сы: Саяжай аумағында былық көп болар-ау. Халықтың үніне құлақ асатын өкіметтің құқық қорғау саласы саяжай жақтағы ақша айналымын бір тексеріп қойса артық етпес еді. Себебі кеше ғана сайлау өткізіп, енді жаңаша өмір сүреміз деген тұрғындардың билікке деген өкпесі қара қазандай.
Жанат Көшкінбайқызы,
zhaikpress.kz