9.08.2022, 11:15
Оқылды: 40

Білім нысандары жаңа оқу жылына дайын ба?

Казталов ауданында білім саласына ауадай қажет нысандар құрылысы мен мектеп ғимараттарының күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Иә, бұл қуанышты жағдай болғанымен, бір жағынан алаңдатар тұстары да көп. Кейбір ғимараттардың құрылыс жұмысы созылып немесе тоқтап қалып жатқанына аудан халқы бейжай қарап отырған жоқ. Осы тұста қордаланған сұрақтарға жауап іздеп, Казталов аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Жангереевамен сұхбаттастық.

20220804_170725

- Самал Қанапияқызы, қазіргі таңда ауданда Алма Оразбаева атындағы 600 орындық білім ордасының, Ахмедияр Құсайынов атындағы 105 орындық мектептің, Сарықұдық 60 орындық мектебінің құрылыс жұмысы және Ғинаят Молдашев атындағы, Сүлеймен Есетов атындағы мектептері мен Казталов мектеп-лиейінде күрделі жөндеу жұмыстары өтуде. Жалпы алдағы оқу жылына аталмыш және басқа да білім нысандарының дайындығы қалай болмақ?

-Аудан бойынша аудандық білім бөліміне қарайтын 56 мекеме болса, соның ішінде 35-і білім беретін мектеп. Қазіргі таңда олардың 4-уі апатты жағдайда, 3-уі күрделі жөндеу жұмысынан өтуде. Негізінен мектеп ғимараттарының дені 60-70-80 жылдары салынған. Ал «апатты» деп танылған мектептердің құрылыс мәселесіне келетін болсақ, құрылысқа тапсырыс беруші ретінде аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тікелей жауапты. Сарықұдық негізгі білім беретін мектебінің құрылысына жауапты мердігердің жауапкершілігі жоқтығынан және құрылыс жұмысына бөлінген қаражаттың уақтылы бөлінбеуіне байланысты жұмыс созылып кетті. Қазір жалғасып жатыр. 1 қыркүйекте бұл мектепке оқушыларды кіргіземіз деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар Жұлдыз ауылында А.Құсайынов атындағы мектеп «апатты» жағдайда болғасын, былтыр жаңадан мектеп ғимаратын салу жұмысы басталған болатын. Биыл мектеп ғимаратының қабырғасы ғана қаланып үлгерді. Әлі бітетін түрі жоқ. Құрылыс жұмысына қосалқы мердігер мекемені тарту жоспарлануда. Бұл жерде тағы да мердігердің жауапсыздығынан болып отыр. Жұлдыз ауылындағы апатты мектепте оқитын оқушылардың ата-аналарына оқушыларды уақытша Қарасу ауылындағы интернаты бар мектепке оқыту туралы ұсыныс бердік. Әзірге, олар балаларын ескі мектепте қалдырып, оқытуға уағдаласқан.

qaztalov (2)

- Тағы да бір үлкен мәселе – аудан орталығындағы 600 орындық Алма Оразбаева атындағы мектептің құрылыс жұмысы. 2019 жылы басталған құрылыс әзірге бітер емес. Сонымен қатар мердігер тарапынан қосымша қаражат сұрап жатқанын да естідік. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз?

- Расында бұл мектептің құрылысына қатысты бас ауыртатын мәселе көп-ақ. Құрылыс жұмысына облыстық құрылыс басқармасы тікелей жауапты болғасын, біздер ықпал жасай алмаймыз. Дегенмен мәселеге қатысты арнайы басқарма, жауапты мекеме басшыларына хаттар жолдап жатырмыз. Жалпы мектеп құрылысына 2 млрд. теңге қаражат бөлінген болса, қосымша 800 млн. теңге ақша бөлінуде. Құрылысты жүргізіп жатқан «Жиенбай» ЖШС-ның директоры Александр Қарағойшин: - Құрылыс жұмысын толығымен 2022 жылдың желтоқсан айына дейін бітіреміз! - деген уәдесін беруде. Мәселеге қатысты мектеп оқушыларының ата-аналары қатты алаңдатушылық білдіруде. Біздің болашағымыз – балаларымыздың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікпен қарауымыз қажет қой. Сол үшін, біздер «апатты» деп танылған ескі ғимаратта оқитын оқушылардың ата-аналарымен кездесіп, бұл мәселені ортақ келісіммен реттеуді көздеп отырмыз. Екі тілде аралас сыныптары бар Алма Оразбаева атындағы мектептің оқушыларын әзірге бұрынғы ғимаратта қалдыру ұсынылды. Олар да осы ұсынысқа келісті. Тек мектеп ғимаратының апатты үшінші қабатын балалардың қауіпсіздігі үшін жауып қоямыз. Ал Алма Оразбаева мектебінің үстіне Казталов мектеп-лицейінің оқушыларын оқытпаймыз. Осындай ортақ шешімге келдік.

- Ендігі кезекте күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатқан мектептерге тоқталсаңыз?

- Былтыр Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі және Талдықұдық ауылындағы С.Есетов атындағы жалпы орта білім беретін мектепке күрделі жөндеу жұмысын бастадық. Бірінші мектептің күрделі жөндеуі ауыспалы болғасын былтырғы жұмыс биыл жалғасын тапты. Осы жылдың оқу жылына мектепті тапсырамыз. Ал Талдықұдықтағы мектептің күрделі жөндеу жұмысына толық қаражат берілмегесін, бітпей қалды. Сол қаражат қысқартылып, берілген бар қаражатқа келісімшарты қайта қаралып, жөндеу жұмысы жалғасуда. Бұл жұмыстар да 1 қыркүйекте аяқталмақ.

- Казталов мектеп-лицейі турасында не айтар едіңіз? Бұл мәселеге де қатысты ауылдың белсенділері, ата-аналар өз пікірлерін білдіруде.

- Әрине, біз бәрін дұрыс түсінеміз. Олардың алаңдауы орынды. Мектептің жөндеу жұмысын Шымкент қаласының «ГрадСтройСервис» ЖШС ұтып алды. Күрделі жөндеу жұмысының мерзімі - 8 ай. Құрылысқа қажетті қаражаттың 30 пайызын бергіздік. Бірақ мердігер тарапынан тиісті жұмыс көлемі жоқ. Біздер облыстағы білім басқарамасына, құрылыстарды тексеретін мемелекеттік сәулет-құрылыс басқарамысына шағымданып, хат жаздық. Аудандық прокуратура да бұл жағдайдан хабардар. Тоқтап қалған жөндеу жұмысы қайтадан басталып жатыр. Егер, мердігер мекеме 8 айдың ішінде күрделі жөндеуді уақытын да аяқтамаса, сотқа жүгінеміз. Бұл мердігердің тікелей кінәсінан болып отыр. Енді, күрделі жөндеу бітпеген жағдайда оқушыларды баяғыша аудан орталығындағы туризм орталығы мен балалар шығармашылық орталығында, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында, интернатта және саз мектебінде уақытша оқыта тұрамыз. Осыған орай ата-аналармен де бір келісімге келдік.

- Оптимизация деген әлемдік үрдіс бар екенін бәріміз жақсы білеміз. Өкінішке орай, бұл үрдіс біздің елімізді, одан қалса ауданды айналып өткен жоқ. Осы күнге дейін аудандағы бірнеше елді мекендердің бастауыш мектебі жабылды. Осыған түсінік беріп өтсеңіз?

- Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің ауданда 35 мектеп бар. Өткен жылы бала саны толмауына байланысты Қарасу ауылдық округінің Ащысай, Бостандық, Болашақ ауылдық округіне қарасты Аққурай ауылдарындағы бастауыш мектептерді жабуға тура келді. Нормативке сәйкес, бастауыш мектепте оқушы саны 5 баладан кем болмауы тиіс. Ал биылғы жаңа оқу жылында Қоныс, Көпкүтір ауылдарында бала саны жетпейтін болып, мектеп ұжымына және ата-аналдарға бұл мектептерді қайта құру туралы ұсыныс тастадық. Дейтұрғанмен, ауыл тұрғындары, ата-аналар ақылдаса келе, аталмыш ауылдарға көпбалалы отбасыларды көшіріп әкеліп, әзірге мектептерді сақтап қалды. Осы жерде Президентіміздің тапсырмасы бойынша кіші елді мекендерде мектеп салу жоспарлары бар. Соның ішінде Қоныс, М.Жүнісов атындағы мектептеріне 54 орындық модульді мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасалды. Сатыбалды, Жас, Жаңатаң, Көпкүтір, Әбіш, Н.Дүйсенғалиев атындағы негізгі мектептердің құрылысы алдағы жылдар еншісінде. Құрылыс жұмысына қажетті қаражат «KPO.bv» компаниясы тарапынан бөлінеді деп жоспарланған.

- Сізге тағы бір сұрағым, былтыр аудан орталығындағы «Жадыра» балабақшасы, Нұрсай ауылындағы балабақша басқа орындарға көшірілді. Бұл мектепке дейінгі  мекемелердің ғимараттары «апатты» деп танылды.  Балалардың қауіпсіздігі үшін көшіру керек-ақ. Ал сол кейін «апатты» деп танылған ғимараттарға басқа бір мекемені көшіру немесе басқа бір мекемеге беру қаншалықты дұрыс?

- Біз бұл ғимараттарды арнайы техникалық бақылау мекемесінің мамандары арқылы «апатты» деп танығасын оқушылардың қауіпсіздігі үшін жаңа, қауіпсіз орындарға көшірдік. Мысалы, сіз айтып отырған «Жадыра», «Жігер» балабақшалары Оқу және Ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес болмады. Қарапайым ғана іштегі әжетхананың болмауы, ғимараттардың арнайы балабақшаға арнап жасақталмауы, сол стандарттық талаптарға сай келмеуі. Сонымен бірге ғимараттардың «апатты» деп танылуы да бірден-бір басты себеп. Содан кейін ғана бұл мектепке дейінгі ұйымдар басқа лайықты орындарға көшірілді. Ал кейін босаған ғимараттар жергілікті әкімдіктің қарамағына берілген. Ары қарай ғимараттардың қандай да мақсатта пайдаланылуына әкімдіктер ғана жауапты.

- Тағы бір сауалым, бірінші кезекте сіз мемлекеттік қызметкерсіз. Сондай-ақ осы ауданның, Казталов ауылының тумасысыз. Казталов ауданында туып-өсіп, білім алып, қызмет жасап жүрсіз. Ауылдың азаматы ретінде туған жеріңізге жаныңыз ашымай ма? Бұл сұрақты тегін қойып отырған жоқпын. Сол мектептерді жауып немесе қайта құрып жатқан кезде не ойладыңыз?

- Иә, айтуыңыз орынды. Әрине, мен бірінші кезекте мемлекеттік қызметкермін. 20 жылдан аса қызмет жасап келемін. Кей мәселелерге жаным ашиды, жүрегім ауыратыны рас. Дейтұрғанмен, бүгінгі білім стандарттары мен талаптары бәрі басқаша. Түбегейлі өзгерді. Қай мәселені де шешпес бұрын заңдылықтарын қараймыз. Егер заңға қайшы келмесе, мектептерді жаппай алып қалуға тырысамыз. Менің де басым екеу емес. Сондықтан заңға сай жұмыс жасауға тура келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале