29.04.2024, 17:15
Оқылды: 41

Кәсіп көкжиегі кеңейіп келеді

Қаражар ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Алмаз Ізтілеуов «Балашым» бренді үлгісімен ұлттық дәмдерді арнайы қаптамада дайындап, нарыққа өз өнімдерін ұсынып отыр.

IMG-20240429-WA0115

«Өткен жылы жұбайыммен бірге Қаражар ауылына көшіп келдік. Туған жерім – Тасқала ауданы. Бұл біздің жанұялық кәсіп деп те айтуға болады. Идеяны ойлап тауып, пысықтап, бүгінде бастап жатқан жайымыз бар», – дейді іскер азамат.

Сондай-ақ кәсіпкер үйден тәтті өнімдер мен сусындар әзірлеп, балаларды құрттан жасалған «чупа-чупспен» қуантып жүр. Оның айтуынша, бұл өнім – көнеден келе жатқан тағам түрі, ал Алмаз оны жаңғыртқан.

WhatsApp Image 2024-04-29 at 17.52.40

- Бұл құрт – арнайы балаларға арнап шығарылған, өзімнің ойлап тапқан өнімім. Одан балаларда диатез болмайды. Өйткені оның ішінде кальций бар. Ал ол ағзаға өте пайдалы. Құрттың бірнеше түрін жасаймыз. Мысалы, кішкентай балаларға тәтті болуы үшін бал немесе тәтті фундук қосамыз, – дейді алғыр жігіт.

Алда жаздың аптап ыстық күндері келе жатыр. Салқын сусындар маусымы басталысымен кәсіпкер мохито мен лимонад дайындауды қолға алмақшы. Сұраныс бар жерде пайда артады демекші, болашақта кәсіпкер өз өндірісін кеңейтуді жоспарлап қойған. Айту керек, тәтті-дәмділердің бағасы да қалта қақпайды. Алмаз қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша грантқа өтініш беріп, соның оң жауабын күтіп жүр. Жас та болса жауапты істі дөңгелентіп отырған жерлесімізге сәттілік тілейміз!

Жанна Өтебаева, 

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале