Бұрынғы Чапаев, қазіргі Ақжайық ауданында басшылық қызметтерде болған, ел-жұртпен бірге жақсы өмірге талпынып, өзі басқарған шаруашылықтардың үлкен-кішісін жасампаз еңбекке жұмылдырған Мұхамбетқали Хайруллиннің адамгершілігі мен алғырлығын, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қарым-қабілетін ол кісінің көзін көргендер әлі күнге дейін жыр қылып айтып келеді. Сондай көнекөздердің бірі – бүгінде ғұмыр жасы сексеннен асқан еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомов.
– Мен секілді әкесі қан майданнан оралмаған жетім жеткіншектердің талайы Мұхамбетқали ағаның жан жылуын, қамқор көңілін сезініп, бүкіл өміріне жететіндей ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алды. Өзі жан алысып, жан беріскен талай шайқасқа қатысқан Мұхамбетқали ағай атың өшкір сұм соғыстың кесірінен асқар тау әкесіз қалған біздерге ерекше мейіріммен қарап, маңдайымыздан сипап, «Ақылды болыңдар, айналайындар! Сабақтарыңды жақсы оқысаңдар, еңбекқор болсаңдар, ертең-ақ қатарға қосылып, тіпті тең құрбыларыңның алды боласыңдар» деп арқамыздан қаққаны бізді қанаттандырып, тұла бойымызға тың күш-қуат құйып, жарқын болашаққа жігерлендіретін, - деп еске алады бүгіндері сексеннің үшеуіндегі Нәсіпқали қарт.
Жан дүниесі қарапайымдылық пен адамгершіліктің шуағындай, пайым-парасаты мол Мұхамбетқали Хайруллиндей ел ағасы өзі қызмет еткен жерінде халықтың алғысына бөленумен болды. Бұған бүгін жадымызда жаңғырып отырған М.Хайруллиннің өмірдерегінен мысалдар дәлел.
Хайруллин Мұхамбетқали Хайроллаұлы 1913 жылы Жаңақала ауданының №11 ауылында жарық дүниеге көрінген. Анасынан бұғанасы қатпаған кезінде айырылған бала қаршадайынан-ақ тұрмыстың талай қиындығын басынан кешіреді. Ауылдағы 4 кластық мектепті түгескен жеткіншек әкесі Хайролламен бірге қатардағы қара жұмысқа кіріседі. Ұжымдастыру кезеңі шағыл құмды мекен еткен шағын отбасын да айналып өтпепті. Жақсы өмір, жайлы тұрмыс-тіршілікті қалаған бірнеше жерлесімен Мұхамбетқалидің де отбасы сол кездегі Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданының Жасталап ұжымшарына көшіп келеді. Жастық жігері жалындап тұрған шағы Мұхамбетқалидің, жаңа жерде білекті сыбанып, еңбекке араласқан жігіттің талабы, құлшынысы бірден көзге түсіп, оның осында бригадирліктен бастаған еңбек жолы өрге сүйрейді. Әрине, қырдағы еңбек – кез келген жанға бағына бермейтін, тек қыруар қиындыққа төзе білген әрі қажыр-қайрат көрсетіп, табандылық танытқан адамға ғана еңсерілетін аса бір ауыр сала. Себебі мұнда адам демалыс дегенді мүлдем ұмытып, бір науқандық жұмыс екіншісіне, ал екіншісі үшіншісіне, үшіншісі төртіншісіне ұласып кете беретін жыл-он екі ай бойы бір бітпейтін жанкешті еңбекке араласып кете барады. Осылайша, таңмен таласа тұрып, тым кеш жатып, бар болғаны төрт кластық қана сауаты бар бозбала өз жұмысын тәжірибесі мол еңбеккерлермен тығыз байланыста болып жетілдірді. Қызметінде мін жоқ, іскерлік пен шеберліктің шынайы үлгісін көрсете алған Мұхамбетқали Хайроллаұлын сол кездегі басшылық еш күмәнданбастан жауапты қызметтерге жолдайды. Еңбек жолына көз жүгіртіп көрсек, қарапайым бригадир Бидайық, Белағаш ауылдық кеңестерінде төраға, Чапаев еңбекшілер депутаттары аудандық атқару кеңесінде нұсқаушы, «Ілбі-шін» совхозында партбюро хатшысы, 1942-43 жылдары «Тайпақ» қаракөл совхозының саяси бөлім бастығының орынбасары, кейін «Сүттігенді» совхозында саяси бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Осылайша, бейбіт күнгі еңбектің қазанында қайнап жүрген азаматтың орда бұзар отызы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Қан майданға аттанған жігіт ағасы 1944 жылы ауыр жарақаттанып, елге оралыпты. От пен оқтың ортасынан аман келген ол енді соғыстан әбден тұралаған ауылдың тірлігін қайта қалпына келтіруге бар күш-жігерін жұмсайды. 1945 жылға дейін «Игілік» колхозында төраға болған Мұхамбетқали Хайроллаұлына зор сенім артылып, шаруасы шатқаяқтап қалған колхоз-совхоздарға басшылық лауазымға жолданады. Қарап отырсақ, атпал азамат 1946 жылдан бастап 17 жыл бойы «1-май» колхозын, сосын «Алғабас» совхозы мен Ленин атындағы колхозды басқарып, зейнет жасына таман Октябрь ауылдық кеңесінің төрағасы қызметінде болған екен.
Талапшыл басшының өз ісіне, бұқараның күшіне сендіре алатын ұйымдастырушылық қабілеті ірілендірілген «Первомай» колхозын басқарған кезінде анық көрінді. Ол мал шаруашылығы бағытында ортақ істі ілгерілеткен шаруаларды жаңа бағытқа, соны бастамаларға жетеледі. Соғыстан кейінгі халықтың тұрмыс-тіршілігі мүлдем төмен кезеңде «Колхоздың еңбек көрсеткіштерін арттырамыз, үздіктердің қатарынан көрінеміз!» дегенде, ауылдастардың оған күмәнмен қарағаны шүбәсіз. Әйткенмен, жұртшылық оның сөзіне сенді, басшының өзіне арқа сүйеді. 1950 жылы «1 Май» колхозының өнімдері бүкілодақтың ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің төрінен көрінгені соның айқын дәлелі емей, немене?! Көрмеге апарылған еділбай қойларының салмағы 90-95 келіден айналды. Келесі жылы-ақ шаруашылықта сиырды суару, сауу, қыста азықтандыру облыста алғашқылардың бірі болып механикаландырылды. 1952 жылдың қорытындысымен ұжымшар миллионер атанды. Сол жылдары еңбек майданындағы мұндай өте сирек жетістік басқарма төрағасының тікелей іскерлігі мен жасампаз еңбекке ұжымның жаппай жұмылуына ұйытқы болуының мәуелі жемісі еді. Колхоз төрағасының жергілікті жұртқа жанашырлығының арқасында ұжымшарда енді сыз тартқан шым үйлер тарихқа кетті. Қыстақтарда және орталықта екі бөлмелі, асты-үсті тақтайланған үйлер сап түзеді. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында аурухана, медпункт салынып, әлгіндей су жаңа нысандарда білікті медицина қызметкерлері тұрғындарға тиісті ем-дом жасай бастады. Ал машина-трактор жөндеу шеберханасының салынуы жөндеу жұмысымен айналысатын механизаторларды жазда қапырық ыстықтан, қыста қақаған аяздан құтқарды. 150 орындық клуб тұрғызылып, стационарлық киноаппаратураның орнатылуы, ауылдың өз киномеханигінің даярлануы сол кездері өзге өңірлерге жете қоймаған игі жаңалық еді. 1957 жылы колхоздың тек қой шаруашылығынан тапқан таза пайдасы 1,5 млн сомды құрады.
«Мен партия мен халық сенімін жаяу жүріп те ақтауға тиіспін». Бұл сөзді «1 Май» колхозының төрағасы өзіне облыстан берілген «Победа» аутомобилінен бас тартып тұрып айтқаны екен. «Победаның» орнына құрастырмалы бір пәтерлік 10 тұрғын үй алып, еңбеккер қауымды кіргізеді. «Бір үй болса да, қатардағы колхозшы кірсін» деген ұстанымды берік ұстанып, шаруашылық басшысының 17 жыл бойы аласа ескі баспананы қанағат тұтқанын байырғы тұрғындар әлі күнге аңыз қып айтады.
Ешкімге мақтау айтып көрмеген ауданның әйгілі бірінші басшысы Кенжебек Меңдәлиевтің «Мұхамбетқалидан үйреніңдер!» деп бұйырып, басқаларға ол басқарған шаруашылықтарды үлгі еткені де ел аузында, жұрт жадында. Ойлап қараңызшы, сол жылдары колхоз-совхоздарды басқарған Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаев пен Сатым Сұпалдияров сынды тұлғалардың өздері Мұхамбетқали Хайруллиннің шаруашылық басқару, шаруа жүргізу, экономиканы ілгерілету үрдісіне назар аударып, зер салған.
Ардақты азаматтың кішілігі кісілігінен, ірілігі ісінен, адамгершілігі әділдігінен көрінетін. Жаңалыққа жаны құмар, әр істің ыңғайын жан-жақты ойластыратын Хайролланың Мұхамбетқалиын халық әрдайым қолдайтын. Атын атамай, «Мұқас» деп айрықша құрметтейтіндердің қатарында алғабастықтар да аз емес еді. Аға туралы естелігінде аталмыш ауылдың тұрғыны, еңбек ардагері Сағынгерей Құбашев былай деп жазған екен:
«Мұқас таңғы бесте малшыларды, бригадаларды аралап, таңертеңгі тоғызда мамандарды жинап алып, кемшіліктерін айтып, сол ағаттықтардан арылу жолдарын алға тартатын. Шаруашылықты салт атпен аралайтын, оның қай уақытта, қай жақтан келіп қалғанын білмей қалатынбыз. Оған қыстың аяз, боранды күндері де кедергі емес, атшанамен жүретін. Қазіргідей айына бір үй, 3-4 айда бір мектеп тұрғызып жатқан заманда Мұқастың сол кездегі еңбегі бүгінгінің адамын таңғалдырмайтын шығар. Ал сол уақытта, соғыстан кейінгі жылдарда құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп, қарайған нысанды іске қосу ерлікпен пара-пар еді. 1958 жылдары Қарағай, Сарыкөл, Бесауыл қыстақтарында механикаландырылған типтік жобамен салынған сиыр қораларының біреуін шаруа қожалықтары бүгінде пайдаланып отыр. Ағамыздың халыққа жасаған жақсылығын, еңбегін айтып жеткізу қиын. Адамгершілік құндылықтар кері ысырылған бүгінгідей заманда Мұқас сияқты біртуар азаматтың нар тұлғасын, мәрт мінезі мен өзгеге ұқсамайтын болмыс-бітімін аңсайды екенсің...».
1964 жылдан бастап М.Хайруллин басқарған Шалқар көлінің жағасындағы Ленин атындағы ұжымшарда малшы-шопандардың балаларына арналып мектеп жанынан интернат салынды. Сондай-ақ клуб-кітапхана, монша сықылды әлеуметтік нысандар іске қосылып, қоғамдық мал үшін қора-қопсылар салынып, құрылыс саласы кең қанат жайды. Колхоздың орталық елді мекеніне қоса, бөлімшелерде де тұрғын үйлер салынып, ауылдар жаңарып-жаңғыра
түсті. Көп ұзамай-ақ В. И. Ленин атындағы колхоз бүкіл-одақтық ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде алтын медальді еншіледі. Бітік шыққан егіннің маржан дәні Отан қамбасына құйылды. Осылайша майдангер төраға бастаған, еңбеккерлері қостаған Шалқар көлінің жағасындағы шаруашылықтың атақ-даңқы алысқа тарай берді...
Ерен еңбек елеусіз қалған жоқ. Жанкешті бейнеті, жасампаз еңбегі үшін Мұхамбетқали Хайруллин әр жылдары Ұлы Октябрь революциясы, Құрмет белгісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальмен наградталып, ел сенімін арқалап, бірнеше дүркін аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды.
«Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов айтқандай, көптің қамын ойлайтын халықшылдығымен, игілігін көпшілік көретін жемісті еңбегімен ел-жұртқа жаққан, өзгенің мүддесін әманда өзінен жоғары қойған Мұхамбетқали Хайроллаұлының өмірі мен еңбек жолы – кейінгіге үздік үлгі, өшпес өнеге.
Әсия Шырай,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz