Бүгін Орал қаласындағы Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында ақын, журналист Тілес Жазықбайдың 70 жасқа толу мерейтойына арналған "Қадірін қара өлеңнің саралаған" атты кездесу кеші өтті.
Кеште аталған орталық директорының орынбасары Талғат Мықи мерейтой иесін құттықтап, орталықтың атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыстады. Жиында Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов қаламгерді мерейжасымен құттықтады.
Кеште, сондай-ақ ақын-жыршы Сағынғали Бисенғалиев, облыстық "Орал өңірі" газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, мерейтой иесінің достары, кластастары, жоғары оқу орнында бірге оқыған группаластары, шәкірттері Тілес Жазықбай туралы естеліктермен бөлісті.
Сол сияқты "Айтуға оңай", "Қаракет" телехабарын жүргізген белгілі журналист, марқұм Бисен Құранбектің көзі тірісінде Т. Жазықбай хақында теледидар арқылы айтқан пікірі тыңдалды.
Тілекеңнің немересі Еркебұлан Төлепқали "Өлең туралы өлең" атты поэзиялық туынды оқыды.
Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Донеділ Қажымов мерейтой иесінің өңіріне Қадыр Мырзалиев атындағы қордың медалін тақты. Кеште облысымызға танымал өнерпаздар ән шырқап, күй төгілтті.
Толығырақ ақпаратты облыстық "Орал өңірі" газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Н.Нұрманов,
zhaikpress.kz