Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында қазанның 4-6-сы күндері ХІІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалі өтті. Ән байқауының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының халық әртісі, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің жары Дарико Хасанғалиева, ұлы Біржан Хасанғалиев және облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.
- Қадірлі қонақтар, Орал шаһарына қош келдіңіздер! Ең алдымен, ән байқауына қатысып жатқан үміткерлерге сәттілік тілеймін. "Отан" орденінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір ағамыздың шығармашылығында елдің есінен кетпейтін есті ән көп. Біз оны бала күннен сүйсіне тыңдап келеміз. Содан да болар, ең ыстық естеліктерімізді еске түсіреді. Сонымен қатар еліміздің екінші әнұранына айналған композитордың «Атамекен» әні қаншама ұрпақтың санасына патриоттық сезімді дарытып, елін сүюге тәрбиеледі. Осы бір ғана әннің ұлтымыз үшін орны бөлек, мәртебесі жоғары. Сондықтан да Ескендір Хасанғалиевтің есімі ел жадынан өшпейді. Жалынды әндері ардақты тұлғаның жарқын бейнесін көз алдымызға әкелетіндей. Бүгін, міне, ағамыздың жары Дарико Хасанғалиева мен ұлы Біржан Хасанғалиев ортамызда отыр. Осы орайда Ескендір ағамыздың шығармашылығына үнемі қолдау білдірген Дарико апайымызға алғыс айтамын, – деді Бақытжан Хаберұлы.
Фестивальге Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясынан және Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай және Батыс Қазақстан облыстарынан 22 үміткер қатысты. Ал қатысушыларға әділ бағасын беретін қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев, бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты, танымал әнші Марат Сарбөпеев, VI халықаралық «Атамекен» ән байқауының бас жүлдегері, әнші Асхат Үрпеков және «Шалқар толқыны – 2018» республикалық ән байқауының бас жүлдегері Таңат Жексенбаев болды. Ескендір Хасанғалиевтің аяулы жары, өмірінің мәні болған Дарико Хасанғалиева көзіне жас алып, Ақ Жайық жұртына ізгі тілегін жолдады.
– Осы байқауға келерде мен қатты қуандым әрі қобалжыдым. Көңілі кең Жайық жұртының ыстық ықыласын сезініп, ерекше сезімде отырмын. Өнерді сүйетін, әннің қадірін түсінетін халыққа зор алғыс. Бүгінде ағаларының ізін басып келе жатқан ізетті інілеріме, ұйымдастыруға атсалысып жатқан азаматтарға ризамын. Байқауға қатысқалы жатқан жастарға сәттілік тілеймін. Осындай жастар барда өнер жасай береді, сырлы әндер де жаңарып, жаңғыра береді. Ескендірдей ел ағасын еске алған елге басымды иемін, – деді Дарико Сопыжанқызы.
Кештің құрметті қонақтары – әншінің ұлы Біржан Хасанғалиев пен немересі Нұрсұлтан Хасанғалиев «Келші, келші, балашым!» әнін шырқап, көпшілікті өнерімен сүйсінтті. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған фестиваль қаламызда 2000 жылдан бастап өтіп келеді. Аталмыш байқауда көпке белгілі композитор Ескендір Өтегенұлының әндерін 17-32 жас аралығындағы қатысушылар орындайды.
ХІІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің алғашқы кезеңінде еліміздің түкпір-түкпірінен, одан әрі Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясының атынан қатысқан үміткерлер сыналар сәттің туғанын сезгендей. Олар өзіне бұйырған реттік нөмір арқылы сахнаға шығып, жан тебірентер әндерді жүректерге жеткізуге тырысты. Осы орайда кезегін күткен қатысушыларды сөзге тартып үлгердік. Абай облысының Семей қаласынан келген Олжас Оспан реттік санына сәйкес оныншы боп өнер көрсетпек. Ол бала кезінен әнге әуес болған. 2011 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, музыкалық білім алған. Бүгінде өзінің авторлық әндері бар екенін де айтты.
– Бұл конкурсқа бұрыннан қатысып көргім келетін. Мен үшін осы байқауға қатысудың өзі зор мәртебе. Қатысушылардың көбі – бұған дейін өткен ірі байқауларда кездескен дүлдүлдер. Сондықтан біразын танимын. Бәрінің дайындығы жоғары деңгейде деп ойлаймын. Әрине, топқа түскесін, біріміздің оза шауып, жеңіс-жүлде тұғырынан көрінетініміз анық. Бүгін мен Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Асыл арман» әнін орындаймын, – деді Олжас бауырымыз. Халықаралық деңгейдегі «Атамекен» ән байқауының ең алғаш бас жүлдесін иеленген әнші, бүгінде қазылар алқасының мүшесі Жаскелең Ғайсағалиев байқаудың бірінші кезеңі бойынша қысқа-нұсқа пікірін айтты.
– Жан-жақтан жиналған жастардың сахнада жалын шашып, жарқырап өнер көрсеткеніне риза болдым. Көрерменді бірден баурап алатын дауыс иелерінің де бар екенін байқадық. Бүгін Ескендір ағамыздың көптен орындалмаған әндері шырқалып, өткен шаққа сапарлатқандай болдық. Жарыстың мақсаты да осы еді. Сондықтан мені қатысушылардың ізденісі, жастық жігері мен қуаты қайран қалдырды, – дейді Жаскелең Ғайсағалиев.
Байқаудың қорытынды кешіне облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысып, алыстан арнайы келген қонақтар мен үміткерлерге, сондай-ақ өңір тұрғындарына жүрекжарды тілегін жолдады.
– Қазақ елінің ән ағасы атанған Ескендір ағамыздың әндері өткен күннен сыр шертіп тұрады. Композитордың өміршең әндері қазақ елінің көгінде қалықтап, халқымен бірге жасай беретіні анық. Фестивальдің басты мақсаты – жас таланттардың басын қосып, бағын ашу. Сонымен қатар олардың өнерге деген ынта-ықыласын арттырып, есімдерін елге таныту, – деді облыс әкімі.
Көзді ашып-жұмғанша фестивальдің үш күні өтіп, марапаттау сәті де жетті. Шешуші кезеңде сахнада қобалжып тұрған қатысушылардың әрқайсысының көздерінен үміт оты аңғарылады. Сонымен, ХІІ халықаралық «Атамекен» ән байқауында Шымкент қаласынан келген Айнұр Назарбекова 1 000 000 теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Ал І дәрежелі диплом (650 000 теңге) Ескендір Хасанғалиевтің «Сені ойлаймын» әнін әуелеткен Астана қаласының өкілі Мұратбек Хайролдаға бұйырып, лауреат атанды. ІІ дәрежелі диплом және лауреат атағын (500 000 теңге) Түркістан облысынан келген Өсірбай Бөріханов иеленсе, ІІІ дәрежелі диплом және лауреат атағы (300 000 теңге) Ұлытау облысының әншісі Айбек Абдыашимұлы мен Батыс Қазақстан облысының дүлдүлі Рустам Хафизовқа берілді. Сондай-ақ Ресей Федерациясынан қатысқан Тасқын Әжібай Хасанғалиевтер әулетінің арнайы жүлдесімен (100 000 теңге) марапатталды.
– Әуелі осындай байқауға қатысқаныма қатты қуанып тұрмын. Алғашында өзіммен бірге бағын сынайтын талантты замандастарымның тастүйін дайындалып келгенін байқап, қобалжығанымды жасырмаймын. Бәрі шетінен «Сен тұр, мен атайын» деп тұрған дарындар. Бұл жерде ән таңдаудан қателеспегенім маған сәттілік әкелді. Осы байқауда мен шырқаған «Ескірмеген махаббат» маған бас жүлдені әперді. Тағы бір айта кететінім, Орал қаласына алғаш рет келдім. Қаланың әсемдігі жаныма ерекше әсер сыйлады. Тұрғындарының да қонақжайлығы бірден байқалады. Бәрі үшін алғыс! – деді байқаудың биылғы жеңімпазы Айнұр Бостанқызы.
Аманжол Рахымжанұлы,
zhaikpress.kz