13.10.2022, 17:02
Оқылды: 27

"Батыс су арнасынан" тағы да шу шықты

Бұл жолғы мәселе тым тереңге кеткен. Шаруаның қиюы қашқаны сондай «Батыс су арнасының» қызметкерлері Президентке, Бас прокуратураға, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне дейін хат жазған. Осыған қарап-ақ істің облыс шеңберіндегі бақылаудан шығып кеткенін ұғуға болады. «Батыс су арнасы» қызметкерлері Бас прокуратураға жазған хатында ұжымда тыныштық кеткенін, соның кесірінен жұмыстың сапасы төмендегенін, тіпті соның кесірінен тамызда екі жұмысшы қаза тапқанын атап көрсетіпті.

67CF43B7-4156-4482-A23C-BA8B1163AEB3

Президентке дейін хат барғасын бұл мәселе БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің құлағына да жеткен. Облыс әкімі аппаратының тапсырмасымен «Батыс су арнасындағы» мәселелерді қарап, шешу үшін арнайы комиссия құрылыпты. Бүгін сол комиссия аталған мекемеде болып, ұжыммен кездесу өткізді. Бірақ ол жиынға журналистерді кіргізбеді. Шамасы жасыратын дүниелері болса керек. Әйтпесе есік алдындағы күзет байбалам салып, журналистердің жұмысына кедергі болмас  еді.

Сағат жарым уақытқа созылған жиналыстан кейін есік алдында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәймен сөйлесудің реті түсті. Ал, "Батыс су арнасының" директоры сол күйі журналистер алдына шықпады.

«Түсінбеушілік қызметкерлердің өз міндетін атқару мәселесі мен техникаға қатысты сұрақтардан туындап отыр. Олардың қажетті техникалары керек жерден сатып алынбайды, шамалы техникалар әкелінеді, заң нормалары сақталмайды, біреудің жалақысы жоғары, біреудікі төмен деген секілді ішкі ұжымдық сұрақтары көп. Бұл мәселеге қатысты комиссия құрылды. Олардың хаты құқық қорғау органдарына дейін жетті. Енді Мемлекеттік сатып алу департаменті, Еңбек инспекциясы, Прокуратура бар бір тексеріс жүргізіледі. Біз әкімдік тарапынан қажетті жұмысты жасайтын боламыз», - деді Мирас Мүлкәй.

"Батыс су арнасы" қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мекеме. Соңғы жылдары бұл мекеменің басына бақыт құсы қонбай қойды. Қалада тұрғындардың сусыз қалатын күндері көбейді. Жазда жұмыс уақытында қаза болған жұмысшыларға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Халық бұл мекеменің жұмысына онсыз да наразы. Енді мекеме абыройына нұқсан келетін осындай шу шығып жатқаны өкінішті.

жалоба

Бізбен сөйлескен Марс Валиев есімді жұмысшы сол мекемеде 9 жыл мастер болып қызмет атқарған адам. Ішкі жұмыстың бәрін білемін дейді.

«...Соңғы екі жыл күй кетті. Юртаев Виктордың көлік бөліміне басшылыққа келуімен бар проблема басталды. Ол кісі көлік бөлімінің жұмысын құлдыратып жіберді, техникадан хабары жоқ. Бұл саланың кәсіби маманы емес. Соның кесірінен ең мықты деген 40-тан астам қызметкер жұмыстан кетті. Трактор жүргізушілері, машинистер, слесарьлар, автоэлектриктер сияқты ең керек мамандар кетіп қалды. Біз амал жоқ Президентке хат жаздық. Бүгін әкімдіктен келіп «разборка» болып жатыр. Қазір білетінім "Батыс су арнасына" қатысты қателеспесем тергеу жүріп жатыр. Біз әділдікті күтеміз», - дейді Марс Валиев.

Бұл жанжалды ішкі мәселе деп қарауға келмейді. Себебі ол жұмысқа әсер етеді, қалада су жоқ, ал біз мына жақта керілдесіп жүреміз дейді Валиев.

Владимир Давыдов экскаватор жүргізуші маман. Қай жерде апат сол жерде жүреді. Ол бізбен сөйлесу барысында жақында Антикорға «допросқа» барғанын айтып қалды.

«Біздің талабымыз басшылықты уақытша жұмыстан шеттетуді сұраймыз. Себебі қазір сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізімінде (ЕРДР)  №222700131 нөмірімен ҚР ҚК 361 бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс ашылып, тергеу жүріп жатыр. Мені онда куәгер ретінде жауап алуға шақырды, мен жауап бердім. Қала әкімінің орынбасары жиналыста қылмыстық істің жоқтығына байланысты басшылықты жұмыстан шеттете алмайтынын айтты. Егер мен куәгер ретінде жауап берсем, тергеу жүргізіліп жатыр деген сөз емес пе? - деп таң қалды Владимир.

Сөз арасында Давыдов білікті кадрлардың жұмыстан кеткені қазір қиындық туғызып отырғанын да айтып өтті.

«Кетіп қалған мамандар нағыз өз ісінің білгірлері еді. Қаланың әр нүктесін біледі, канализация құбырларын жатқа біледі, бір жерде апат болса, соны дереу нүктесін тауып жөндейтін еді. Қазір ондай маман жоқ. Бәрі жаңадан  келгендер. Олар анықтап, тауып барғанша уақыт алады. Қиындықты шешу жолын тежейді. Түсініп тұрсыз ба, бір бастықтың кесірі неге алып келгенін», - деп өз ойын қорытты Давыдов.

Қазір тергеу жүріп жатыр ғой, мен сондықтан артық ештеңе айта алмаймын деген Владимир қыркүйек айында жалақысы 50 мың теңгеге кесілгенін айтты. Оған себеп көлігі мен киімі лас болғаны деседі. «Мен боқтықпен жұмыс істеймін, әрине киімім де, машинам да лас жүремін, кеңсе қызметкері емеспін ғой», - деп күледі Владимир.

"Батыс су арнасындағы" былыққа қашан нүкте қойылады. Еңбек инспекциясы, прокуратура бір шара қолданатын уақыт келген сияқты. Айдың күні аманында жазда екі жұмысшы қаза тауып, екі отбасы асыраушысынан айырылды. Жаз болса қаланың сусыз отыратыны бар. Осы аталған фактілерге ішкі жанжал қосылып отыр деп ашынады қызметкерлер.

Айтпақшы "Батыс су арнасына" қатысты Антикор қылмыстық іс ашыпты деген әңгімені естігелі біраз болды. Бұған дейін де айтылып жүретін. Бүгін жұмысшылар өз ауыздарымен жауап алуға (допрос) барғандарын айтты.

Бірақ БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен жауап ала алмадық.

Ал БҚО Экономикалық тергеу департаменті "Батыс су арнасына" қатысты ешқандай іс жоқ екендігін айтты.

Қазір "Батыс су арнасының" атауы аталса болды «тағы қандай шу шықты?» деп елеңдейтін деңгейге жеттік. Жергілікті атқамінерлер мен құқық қорғау органдары бұл мекемеге қатысты жақсы бір тексеріс жүргізгендері жөн болатын шығар. Қанша дегенмен мемлекеттік мекеме деген статусы бар ғой. Өйткені, еңбек қауіпсіздігінің тиісті сақталуы, қаржының тиімді не тиімсіз жұмсалуы, екі жұмысшының өлімі сияқты мәселелер ішкі жанжал емес, ақыр соңында әлеуметтік шиеленіске әкелетін күрделі мәселе.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале