Республика күніне орай бүгін Орал қаласында «Егемен елімнің жасұланымын!» атты патриоттық форумы өтті. Қала мектептеріндегі клуб мүшелері жиналған форум жұмысына шаһар басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов, білім ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары қатысты.
Форум диалогтық алаңдар және пленарлық мәжіліс бөлімі бойынша ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарындағы тәрбиелік жұмыстар, клуб мүшелерінің таныстырылымдары ұсынылды.
«Театр» алаңында Оқушылар сарайы мен Мектептен тыс жұмыс орталығының театрлары, «Дебат» алаңында пікірсайыс қозғалысының өкілдері, «Патриот» алаңында «Жас ұлан», «Жас қыран», Парламент, балалар өкілдігі, волонтерлар, «Ұлағатты ұрпақ» алаңында «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы» клубының мүшелері, «Көркемөнер» алаңында С.Ғұмаров атындағы балалар көркемсурет мектебінің шәкірттері және «Қара жорға» алаңында білім беру ұйымдарының жас өнерпаздары жиналды.
Пленарлық мәжілісте қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, мерекеге орай қала әкімінің алғысхатын дарынды оқушы Ш.Сәпиевтің анасы М.Шагироваға, қала мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Қ.Темірбаеваға, Г.Бисенғалиеваға, Э.Харесоваға, С.Жулкашеваға, Ү.Турдалиеваға және Оқушылар сарайының педагогы М.Нарымбаева мен мектептен тыс жұмыстар орталығының хореограф-мұғалімі А.Салыховаға табыс етті.
Форум аясында «Болашағың өз қолыңда!» ұранымен Д.Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінің директоры Қуандық Мәдір, А.Островский атындағы орыс драма театрының режиссеры, мектептен тыс жұмыс орталығының педагогі Оксана Малуша егемен еліміздің келешегі жас ұрпақты жалынды сөздерімен қуаттандырып, Отанды сүю және оған қызмет ету арқылы мақсатқа жетудің құндылығын өз өмірлерінің тәжірибесі негізінде түсіндірді.
«Біз болмасақ енді кім?» тақырыбында қаламыздың жалынды жастары – волонтер, қоғамдық жұмыстардың белсендісі, қосымша білім беру педагогы Ерлік Шамғали, №42 «Ақ ниет» гимназиясының мұғалімі Абылайхан Қуанышев және №12 ЖОББМ мұғалімі Еркебұлан Ғилманов мектеп жасынан әр оқушының өзіне жауапкершілік алуы мен тұлға ретінде дамуға ұмтылуы биікке самғатарын атады.
Егемен елдің жасұландары – №19 ЖОББМ оқушысы, халықаралық, республикалық, облыстық байқау-жобалар мен олимпиада жүлдегері Шыңғыс Сәпиев, №32 ЖОББМ Парламентінің Президенті, қалалық, облыстық, республикалық шығармашылық конкурстардың жүлдегері Дарья Карева замандастарын еліміздің патриот ұландарының қатарын толықтыруға шақырды. Өз сөздерінде ұлы ақын А.Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерінен рухани қанаттанып, болашаққа сенімдері бекігенін де ерекше атап өтті.
Форум жұмысын білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова қорытындылады. «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне» сәйкес, білім беру ұйымдарында оқушыларды тәрбиелеу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстары туралы мәлім етіп, оқушыларға патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік құндылықтарға құрметін арттыру бағытында алдағы міндеттерге тоқталды.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі