4.11.2022, 21:58
Оқылды: 17

БҚО әкімі «Әлеумет» кешенді орталығының жұмысымен танысты

Осыдан дәл төрт ай жарым бұрын Орал қаласында «Әлеумет» кешенді орталығы ашылған еді. Бүгін ашылған күні келіскендей Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев кешеннің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысуға барды. 

WhatsApp Image 2022-11-04 at 20.17.37

Мекеме қызметкерлері мен қызмет алушылар келушілерді жылы қарсы алып, кешен жұмысымен таныстырса, тұрушылар өз өмірлеріндегі өзгерістер туралы қуана айтып берді. Кешенді орталық 20 адамға есептелген, қазіргі уақытта 14 адам қызмет алады. Бүгінгі таңда орталықта тұратын азаматтар өз-өзіне толықтай қызмет көрсете алады. Өз тамағын өздері дайындап, өз кірлерін жуып, қала ішінде еркін қозғала алады, төлемдерді өз бетімен жүргізеді. Ең басты өзгерістердің бірі олардың өз бейімділігіне қарай мамандық таңдап, белгілі бір кәсіпті игеруі. Ал кейбір азаматтар жергілікті жұмыс берушілер мен орталықтың арасындағы меморандум негізінде жұмысқа да орналасқан.

– Қызмет алушыларды жұмыспен қамту туралы меморандум аясында «ПОСТМЭН» ЖШС, «Нұралы» ЖК, «Абатов» ЖК және «Жоламан» ЖШС сияқты кәсіпкерлер орталықпен серіктестік қызмет атқаруда. Нәтижесінде жеті қызмет алушы жұмысқа орналасып, өз бетімен жұмысқа қатынап, ешкімге алаңдамай өз қажеттіліктерін өтеп жүр. Кәсіпкерлер қызметкерлердің жұмысына риза және орталық тұрғындарын жұмысқа алуға ниетті. Меморандум бір ай мерзімге жасалып, ай сайын мерзімі ұзартылады. Меморандумда қолданыстағы заң аясында азаматтардың денсаулық ерекшеліктеріне қарай еңбек шарттарындағы ережелер де ескеріледі, - дейді орталықтың бөлім меңгерушісі Гүлнұр Ескабулова.

WhatsApp Image 2022-11-04 at 20.15.54

Кешенді орталықтың бірінші қабатында тігін шеберханасы, психолог кабинеті, конференц зал, аспаздық шеберхана, мейірбике кабинеті, үстел теннисі залы, шағын полиграфия, ағаш шеберханасы және фитнес зал орналасқан. Бұл орталықта тұратын азаматтарға сүйікті ісімен айналысуға, мамандық игеруге, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді және салауатты өмір салтын қалыптастырады.

WhatsApp Image 2022-11-04 at 20.15.48

Екінші қабатта жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Қызмет алушылардың тұратын бөлмелері, асхана, қонақ бөлмесі, теледидар және wi-fi желісімен жабдықталған тынығу бөлмесі, жуылған кірлерді  кептіру, үтіктеу үшін қамтамасыз етілген тұрмыстық бөлмелер, жуыну бөлмелері, дәлізде киімдер үшін шкафтар, ауыз су бар. Ал дәліз қабырғалары мен фото аймақ тұрушылардың өз қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдарымен безендірілген.

WhatsApp Image 2022-11-04 at 20.15.41 (1)

Тағы бір айта кететін жай тынығу бөлмелерінде «Біздің жетістіктер» бұрышы бар. Бұл жерде қызмет алушылардың түрлі сайыс, жарыс, байқауларға қатысып, жүлделі орындар алғаны үшін берілген медальдары мен дипломдары ілінген. Ғимаратқа кірген кезде тек аппақ болып әктелген қабырғаларға орталықта тұратын азаматтар жан бітірген. Дәстүрлі нақышта безендіріліп, оюлы көрпе-жастықтар жайылып, төбесінде шаңырақ, қабырғаларда домбыра ілінген қазақы бөлме де осы жандары сұлу, қолдары шебер жандардың еңбегі.

WhatsApp Image 2022-11-04 at 20.15.42

Орталық ауласында қызмет алушылар үшін футбол және волейбол алаңы қарастырылған. Бірнеше күн бұрын «Нұралы» ЖК, «ПОСТМЭН» ЖШС демеушілігімен салынған шағын жылыжай іске қосылған. Қазір жылыжайда алғашқы көкөністер отырғызылған.

WhatsApp Image 2022-11-04 at 20.15.44 (1)

– Төрт жарым ай бұрын «Әлеумет» кешенді орталығы ашылды. Орталыққа тиісті әдістемелер мен әдіскерлердің барлығын қамтыдық. Ашылған кезде 12 адам болса, қазір 14 адам қызмет алады. 14 азаматтың жетеуі қазір жұмыс жасауда. Олар жарнама компанияларында, асханаларда, сауда орталықтарында өздеріне лайықты жұмыс тауып, жалақыларын алып отыр. Кейбір қызмет алушылардың өз бетімізбен шығамыз деген жоспарлары бар. Кейбіреуі өз ата-анасының жанына оралғысы келсе, көпшілігі қаражатына сәйкес қаладан шағын үйлер іздеп жүр. Біздер жұмыс берушілермен бірге бірлесіп, жұмыс орындарына жақын маңнан арзан бағаға сатылатын пәтер не үймен қамту мүмкіндігін қарастырамыз. Көлемі 1,5 млн теңге бюджеттен бөлінетін тұрғын үй сертификаты бар, бұл бастапқы жарнаны жабу үшін беріледі. Сонымен қатар қызмет алушылардың өздерінің депозиттегі жиналған азғантай ақшасы бар, осы екеуін қосып, пәтер алу бағытында жұмыстанамыз. Біздің келесі мақсатымыз орталықтан шығуға өздері дайын болса, біз тұрғын үй жағдайын жасауымыз керек. Орталық жұмысында нәтиже бар, жұмыстар ойдағыдай жүруде, - дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев қызмет алушыларға қатысты болашақ жоспарлары туралы.

WhatsApp Image 2022-11-04 at 20.15.49 (2)

Орталық қызметкерлері мен қызмет алушылардың арасында байқаған адамға көзге көрінбейтін бір жақсы байланыс бар. Көздерінен шаттық, сөздерінен жылу еседі. Қызметкерлердің қызмет алушыларға деген қарым-қатынасында аса бір ұқыптылық, қамқорлық байқалады. Ал, осы жерді мекен еткен жандар аз ғана уақыттың ішінде жеткен жетістіктерін жарыса жеткізуде.

Бұл орталықты ашудағы мақсат – ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қоғамға, ортаға бейімдеу, өз бетімен өмір сүруге үйрету, дамыту, сөйтіп жаңа өмірге жолдама беру болатын. Осы ретте қызмет алушылар болашақта орталықтан шыққан жағдайда баспаналы болуы үшін тұрғын үй кезегіне тұрғызу, банкте депозиттер ресімдеу де жолға қойылған. Қазірдің өзінде 7 қызметкер тұрғын үй кезегіне тұрып, жеке шоттарын ашқан, шоттың біреуі «Отбасы» банкінде, екіншісі «Kaspi» банкінде.

Олай болса «Әлеумет» кешенді орталығын жергілікті атқарушы орган мен бизнес өкілдерінің бастамасымен бюджет қаражатына жүзеге асырылған сәтті жобалардың бірі деп толық айтуға болады.

WhatsApp Image 2022-11-04 at 20.15.40

Альфия Шамаева, 

Суреттерді түсірген: Динара Насыр

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале