ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі эпидемологиялық жағдайды баяндады және коронавирусқа қарсы қанша вакцина қолжетімді екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаның 500 мың дозасы бар. Бұл Qazvac және Sinofarm. Қазір құжаттарға қол қойылып жатыр, бізге гуманитарлық көмек – Pfizer вакциналары келіп жатыр. Менің ойымша, келесі аптада Pfizer вакцинасының қанша дозасын алатынымызды хабарлаймыз. Және ол вакцина алғысы келетін халықтың барлық санатына беріледі», - деп жауап берді А. Ғиният тілші сұрағына.
Қазір жаппай вакциналау болмағандықтан, ревакцинация негізінен бустерлік дозалармен (бір доза) жүреді, сондықтан егу науқаны негізінен емханаларда өтіп жатыр.
«Ревакцинация жүргізу керек. Себебі, қазір әлемде коронавирус жұқтырғындар саны өсіп жатыр. Әсіресе, Қытай, Әзербайжан, Израильде және тағы басқа елдерде вирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Сондықтан біз халыққа ревакцинация керек деп ақпарат таратып жатырмыз. Ол үшін коронавирусқа қарсы вакциналар бар. Адамдар вакцина алмай тұрып, профилактикалық тексеріс жүргізіледі», - деді Денсаулық сақтау министрі.