25.11.2022, 12:18
Оқылды: 65

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар бизнес ашып жатыр

Орал қаласында 1 224  отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл көмекті алып отырған отбасылар ішінде кәсіп ашуға талпынатындар саны артып келеді дейді мамандар. Биылдың өзінде қала бойынша үш отбасы атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, бизнеске бет бұрған.

9BDF67EA-149E-4E26-B4C2-A7193DF0F569

Бірнеше жыл қатарынан атаулы әлеуметтік көмек алып отырып, кәсіпке бет бұрғандардың бірі – Анита Мельничук. Ол сурет студиясын 2021 жылы ашыпты. Қазір мектеп жасындағы балаларға сурет салудың қыр-сырын үйретіп жүр.

– Сурет студиясына 20-ға жуық бала барады. Балалар төрт топқа бөлініп оқиды, - дейді бізбен сөйлескен Анитаның өзі.

– Мен атаулы әлеуметтік көмек алатын едім. Өзім үйде бала күтімімен отырған кез. Бір күні менеджерден мемлекет өз кәсібін ашқысы келетіндерге грант беретіндігі туралы естіп қалдым. Мен өзім бұрыннан сурет саламын, безендіремін. Бірінші мамандығым суретші, екіншісі педагогикалық мамандық.  Өзім қолымнан келетін іс болғандықтан, осы істі бастаймын деп шештім. Олар мені оқуға жіберді, бизнес жоспар жаздым, осы орынды таптым. Кейін мемлекеттік грантты ұтып алдым. Мен балалармен  жұмыс істегенді ұнатамын. Осы ауданда оқушылар баратын қосымша орталықтар жоқ. Мен ашқан бойда ата-аналар балаларын курсқа жазып, әкеле бастады. Екі кіші топ, екі жоғары топ бар. Өз ісімді ашқаныма өте қуаныштымын, - дейді Анита Мельничук.

Азаматтардың үкімет беретін тиынға телміріп отырмай кәсіпке қарай бет бұрып жатқаны құптарлық іс.

Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары да атаулы әлеуметтік көмек алатындар арасында кәсіп ашуға шақыру, үгіттеу мақсатындағы жұмыстар жиі жүргізілетінін айтады. Соның нәтижесінде үш отбасы атаулы әлеуметтік көмектен бас тартты, есесіне кәсіптері бар.

– Атаулы әлеуметтік көмек қиын жағдайға қалған азаматтарға беріледі. Бұдан бөлек балаларға деп азық-түлік пен тұрмыстық заттар беріледі. Балаларға берілетін кепілдендірілген азық-түлік сөмкесі 6 жасқа дейінгі балаларға беріледі. Біз әлеуметтік көмек алушыларды қайта оқытуға жіберіп, кәсіп ашуға да баулимыз, шақырамыз. Міне, бүгінгі Анита сондай аналардың бірі. Ол бұрын атаулы әлеуметтік көкмек алды. Қазір өзі шағын бизнес ашып, өз нәпақасын өзі тауып отыр, - дейді қалалық жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Сағира Бимұхамбетова.

Алдағы жылдары атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар арасынан шығатын шағын кәсіп иелерінің санын арттыру жоспарланып отыр.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале