Жуырда Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалы және Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен «Жайықтың қаламгер жастары» атты кеш өтті.
Жұбан Молдағалиев, Хамза Есенжанов, Жанғали Набиуллин, Сағынғали Сейітов, Сағат Әбдуғалиев сынды ақын-жазушылардың жолын жалғап, әдебиетсүйер қауымға жақсы жырларымен ұнаған өңіріміздегі жас қаламгерлер бүгінгі таңда оқырманды жақсы жаңалықтарымен қуантып жүр. Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Айбол Исламғали, Бауыржан Ширмедин-ұлы, Марлен Ғилымхан, одан бөлек, Жанерке Ғинаят, Асылбек Қуанышқалиев, Нұршат Тұрсынхан секілді жас ақындар өлеңдерін оқыды. Ән айтылып, күй шертілді.
– Жас ақындардың жырын тыңдап, толғандық. Осындай керемет кездесулердің ұйымдастырылуына себепші болып жүрген орталықтың директоры Бауыржан Ергенұлына рақмет! Түрлі мүшәйраларда, әдеби байқауларда жүлде алған жас ақындар алдағы уақытта да талай шыңды бағындыратынына сенемін. Қадірлі жас қаламгерлер, шығармашылықпен жүйелі шұғылданып, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер! Бастамаларыңызды қолдауға қашанда дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Кеш орталықтың конференц залында еркін сипаттағы жиынға жалғасты. Бұл басқосуда Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Халиолла 2022 жылдың өңір қаламгерлері үшін табысты болғанын атап өтіп, жастарға шығарма-шылық табыс тіледі. Сондай-ақ қаламды серік еткендердің әрқайсысына Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалы және Қадыр орталығының атынан екі қоржын сыйлық берді.
Іс-шара қатысушылары емін-еркін пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Бірі кітап шығару мәселесін қозғаса, бірі өңірімізде өтетін облыстық, республикалық мүшәйралардың, әдеби байқаулардың санын арттырып, олардың жеңімпаздарына қомақты қаржылай сыйлық тағайындау керектігін жеткізді.
– Бақытжан Хаберұлы мен Бауыржан Ергенұлы басқосуда айтылған ұсыныстарды қолдайтынын тілге тиек етіп, ақындарды қуантып тастады. Алдағы уақытта қаламгерлердің туған жерінде кештер өтіп, олардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған түрлі мәдени-әдеби іс-шаралар жиі ұйымдастырылатынына сенімдімін, – деді Тасқала аудандық білім бөлімінің әдіскері, облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы Меңдібек Лұқпанов.
Жалпы 2022 жылы Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалы көптеген игі істің басы-қасынан табылып, ақын-жазушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында тынбай жұмыс істеді. Атап айтар болсақ, 7 қаламгердің кітабы жарық көрді. Оның біреуіне Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалы қолдау көрсетті. Одақ филиалы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығымен бірге былтыр 9 мәдени-әдеби іс-шара өткізді. Орал қаласында «Қаламгерлер» алаңы ашылды. Алдағы уақытта одақ мүшелеріне облыс әкімінің бірреттік шәкіртақысы тағайындалмақ. Сонымен қатар филиал одақ мүшелерін «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетіне жаздырды. Аталған шаралардың басым бөлігі жергілікті демеушілердің көмегімен жүзеге асқан.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz