8.06.2023, 18:00
Оқылды: 103

БҚО: Қырықтық жарысына қатысқан 12 жастағы бала елді тәнті етті

Бұған дейін Тасқала ауданының Амангелді ауылына қарасты «Жигули» қыстағында қой қырқудан жарыс өткендігін хабарлаған болатынбыз.

Аталмыш жарыста, кіп-кішкентай болып, қолына қайшы алып бір өзі жеті қой қырыққан ең жас қырықтықшы Саян Сырым болды.

IMG-20230608-WA0179

 

Оның жасы - 12 де. Саянның айтуынша, 10 жасынан бастап анасымен бірге қой қырқуға қатысқан. Содан бері бұл жұмысқа барынша ден қойған. Басында анасы қойдың арқа жүніне дейін қырқып Саянға дайындап береді екен. Қалғанын өзі қырқып аяқтап жүрген. Қазір бір қойды бір өзі қырқа алады. Қойды да өзі ұстайды. Үлкендерден қалысып жатқан жоқ. Қырыққан қойлары да әдемі шықты.

IMG-20230608-WA0180

Саян бүгінгі жарыста «Ең жас қатысушы» аталымына және қаржылай сыйлыққа ие болды.

- Қой қырқудан жарыс өтеді дегенді естігесін, ауылымның намысын қорғайын деп келдім. Биыл бірінші жыл болғандықтан сәл қобалжу болды. Келер жылы, бұйырса бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткіземін деп ойлаймын, - дейді Ақтау ауылдық округінен келген жас қырықтықшы.
Жиналған халықты Саянның пысықтығы таңқалдырды.

IMG-20230608-WA0181

Қазақта «болам деген баланың, бетін қақпа, белін бу» деген нақыл сөз бар. Салтанатты шарада ел ағалары Саянның батылдығына риза болып, баталарын берді.

Назгүл Жәрдемова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале