8.06.2023, 17:30
Оқылды: 477

Тасқала ауданы: «Алтын қырықтық - 2023»

Бүгін Тасқала ауданының Амангелді ауылына қарасты «Жигули» қыстағында қой қырқудан аудандық ашық біріншілік өтті.

IMG-20230608-WA0165

2019 жылдан басталып, содан бері дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан ерлер арасындағы «Алтын қырықтық - 2023» байқауы Тасқала аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің және Амангелді ауылдық округінің ұйымдастыруымен, сонымен қатар аудан әкімдігінің қолдауымен іске асты.

Шараның басты мақсаты - жастарды еңбекке баулу, қой қырқу дәстүрін кеңінен насихаттау және үздіктерді анықтау.

IMG-20230608-WA0166

Аталмыш шараға аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов пен аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, ауылдық округ әкімдері мен жастар қатысты. Жарыста әр округтен барлығы 8 команда қатысып, әрқайсысы өз ауылының намысын қорғады. Әр командаға он қойдан берілді. Бұл күні 18 бен 35 жас аралығындағы мен-мен деген 16 жігіт өз ептіліктерін көрсетті. Сапа мен жылдамдыққа, қойды жарақаттап алмауға мән берген команда мүшелеріне біраз тер төгуге тура келді. Жарыс нәтижесінде білектіде епті жігіттер алдыңғы қатардан көрініп, жүлделі орындарды иеленді.

IMG-20230608-WA0167

Дәлірек айтсақ Атамекен ауылынан келген Армат Жанаков пен Алмаз Құспанов 32 минут 18 секундта өздеріне берілген тапсырманы бұлжытпай орындап жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.

Екінші орын Амангелді ауылдық округінің қырықтықшылары Даурен Тамашев пен Сатыпалды Алдабергеновке бұйырса, жүлделі үшінші орынды мерейлік Думан Жанаев пен Айбек Кетиков еншіледі. Шара барысында осымен үшінші жыл қатарынан жүлделі бірінші орынға қол жеткізген атамекендік қырықтықшы Алмаз Құспановтан қой қырқудың арнайы ережесі барма деп сұраған болатынбыз.
«Қой қырқудың қатып қалған ережесі жоқ. Әркім өз ыңғайына қарап қырқады. Қой қырқу жылдамдық пен ептілікті, шыдам мен шеберлікті қажет ететін қабілет. Мен бала кезімнен қырқу науқанына қатысып жүрмін. Сондықтан қой қырқуға төселіп қалдым. Бұрын қырықтықшы ата-әжелеріміз қой қырқудан жарысқа қатысып жүлделі орындарды иеленіп, тіпті шетелге барғандары да бар. Сондықтан бұл кейінгі жастарға керек дүние деп есептеймін», - дейді.
Ал бұл сайыста кіп-кішкентай болып, қолына қайшы алып бір өзі 7 қой қырыққан ең жас қырықтықшы Саян Сырым болды.

Оның жасы небәрі 12 де. Саян «Ең жас қатысушы» аталымына және қаржылай сыйлыққа ие болды.
Барлық жеңімпаз бен қатысушыларға алғыс хаттар мен дипломдар, сондай-ақ бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жарыстың бас демеушісі Жасұлан Дүйсенғалиев пен Әділбек Хальбеков бірінші орын иегерлеріне бір қойды сыйға тартты. Салтанатты шарадан соң жастар ән шырқап, арқан тартысып, бір серпіліп қалды

Назгүл Серікқызы,

Фотоға түсірген автор

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале