Жарты ғасырға жуық рухани серігіме айналған «Орал өңірі» газетінде (06.06.2023 ж. №45) жарияланған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Т. Сапаровтың «Киікке су көзін табу – кезек күттірмейтін міндет» деген сұхбатын оқып, қолыма қалам алдым. Сөз жоқ, сұхбатта аймағымыздағы өте өткір мәселе орынды көтеріліп отыр. Мен де осы орайда өз пікірімді білдіргім келді.
Фото: Қайырбек Сариев
Бүгінде жылдар өткен сайын, жалпы, су жайы жер жаһанда күйіп тұрған мәселеге айналып барады. Ғалымдар да бұл туралы дабыл қағуда. Анау Африка құрлығында ішер суға зар болып отырған халықтың жан айқайына қазір бүкіл дүние жүзі алаңдай бастады. Жұмыр жердің құйтақандай бір бөлшегі – біздің Ақ Жайық өңірінде де мал мен жанды сумен қамтамасыз ету жыл өткен сайын өткірленіп келеді. Тіпті, кейбір өңірімізде судың жетіспеушілігі мен тапшылығы мықтап сезіле бастады. Күн өткен сайын бұған алаңдамасқа амалымыз қалмай бара жатқанын жасыруға болмайды.
Аталмыш сұхбатқа келсек, онда киіктің бүгінде 2 миллионға дейін көбеюі аймағымыздағы жағдайды уақыт өткен сайын ушықтырып бара жатқаны жақсы баяндалыпты. Биыл табиғат анамыз иіп, су жақсы келіп, өңіріміздегі өзен-көлдер мөймілдеп толды. Алайда оның жылма-жыл қайталана бермейтінін тәжірибе талай көрсетіп жүр. Әсіресе, Жайықтың жайы күрделеніп барады. Ол – өңірімізге тіршілік нәрін жеткізіп отыратын жалғыз өзен десек, қате айтпағанымыз. Жыл сайын жіңішкеріп, тайыздала түскен Жайықта су өте аз, ал жоғарыдағы көршіміз, Орынборда да су тапшылығы өткір сезіле бастапты. Бұл дегеніңіз, бара-бара өңіріміздегі су қоймаларын суға толтыру оңай болмайды деген сөз. Оңтүстік аудандарымызға келетін болсақ, олар әзірге Сарыөзен мен Қараөзен арқылы жан бағуда. Қос өзенімізді Еділ суға толтырып тұр.
Еділ өзені – Жайыққа қарағанда су қоры мол, үлкен өзен. Қаржы табылса, болашақта одан тұрақты түрде су алынуы мүмкін. Аталмыш сұхбатта осы өзендер арқылы Бөкей ордасы ауданы аумағына су құбыры арқылы су тартуға болатыны жөнінде айтылған. Құптарлық мәселе! Бірақ бұл бүгін-ертең атқарыла бастайтын шаруа деп айта алмаймын.
Менің ойымша, Бөкей ордасын суландырудың басқа жолдары бар сияқты. Ол тап қазір мен ашып отырған жаңалық емес. Бұл мәселені бөкейліктер соңғы он жылдың бедерінде әр түрлі деңгейдегі билік өкілдеріне айтудай айтып келеді. БАҚ құралдары жазудай-ақ жазып жүр. Өкінішке орай, күні бүгінге дейін олардан еш нәтиже болмай тұр. Сонымен біз қандай ұсыныс айтып жүрміз? Енді соған келейін. Сырты дала, іші пана жарықтық Нарынқұмының асты-үсті қазына ғой. Сол Нарынқұмында Аймекен деген жер бар. Сол Аймекеннің астында екі ауданды қамтуға қоры жететін үлкен су көзі бар. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдарда ауыз суды жойдасыз пайдаланудың кесірінен Бөкей өңірінде де жер асты суы қашып, деңгейі төмендеп кеткен. Ол бөкейліктердің мақтанышы хан Жәңгірдің көзіндей кезінде өзі отырғыздырған орман алабына орасан зор зиянын тигізе бастаған. Жайқалып тұратын шабындықтардағы су да тартылып, ол тіпті ашып кеткен. Міне, турасын айтқанда, табиғи апаттың алдын қазірден алмаса, ертең кеш болады, бармағымызды тістейміз. Таяу жылда Хан ордасы ауылының маңайында орналасқан Қопа көлін Ресейден су арнасымен келетін Еділ суымен толтырып, сүзу (фильтрация) арқылы жер асты су көзін толықтыру қажет. Оның екі жолы бар. Біріншісі: Мұратсай су қоймасын толтырып, одан артылғанын Қопа көліне құю керек.
Екінші жолы: Мұратсай ауылдық округіне қарасты Тайғара елді мекеніне келіп тұрған су арнасын созып, табиғи жылғалар арқылы Қопаға жеткізу. Әрі қарай, тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізіп осы су арнасын Бисен арқылы Аралсор сорының жағасы мен Ұялы ауылына дейін тартуға болады. Аралсор мен Хаки сор – киіктің кезінде мекендеп, жайлаған жерлері. Қысқа қарай жайылысы кең, көкпек, жусан секілді шөптері мол өскен аймақ. Енді осыларды жүзеге асыру үшін алдымен аудан басшылығы техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуі керек. Ол дайын болғасын облыстық бюджет арқылы жобалық-сметалық құжаттама жасап, тиісті қаржыны бөлгізіп, жұмысқа кірісуге болады. Мұратсай су қоймасын және Тайғара арқылы Қопаны суландыру көп шығынды талап етпейді. Оларды білек сыбана кіріссе, осы биылғы күзге дейін облыстың күшімен атқаруға болады. Алайда бізді тап қазіргі кезде алаңдататыны – осы шаруаға білек сыбанып кірісіп кететін жанашыр басшының тезірек табылуы. Енді найқалсақ, уақыттан ұтыламыз, мүмкіндікті жіберіп аламыз.
Киіктің санына келетін болсақ, оны реттейтін шешім бір-екі жылда қабылданбай-
ды, сондықтан ішкі мүмкін-діктерімізді пайдаланғанымыз жөн. Тағы бір айтайын дегенім, шұғыл шаралар қабылданбаса, оңтүстік аудандардағы мал биылғы қоян қысында қатты қиналуы мүмкін. Әрине, оның бетін әрмен қылсын, тіпті, малдың орнын сипап қалып жүрмейік. Оған дәлелді алыстан іздеп керегі жоқ. Жайылыстарды, шабындықтарды киік отап кетсе, малға ештеңе қалмайды. Ол күзде қоңданбай, арық-тұрық күйінде қысқа кірсе, қоянның қаһарына шыдай ала ма? Өткенге көз жүгіртсек, Қоянның қысының оңай болған кезі жоқ. Мен сары уайымды соғып, қара аспанды төндіріп отырған жоқпын. 1951-1952, 1963-1964 жылдардағы жұттардың қайталанбайтынына кім кепілдік береді.
Енді осы арада малшы-қойшы жандардың да жанына батып жүрген мәселені де айта кетейін. Бүгінде тіл-көзіміз тасқа, ауылдағы ағайынның қорасында қытыр, қазанында бүлкіл көбейіп, шаруасы шүкірге бұрылды. Жекедегі төрт түліктің қарасы мол. Алайда сол малды жеке адамдардың шаруасы деп қарауға болмайды. Мен айтқалы отырған ұсыныстар тап биыл іске аса қалады деу де қиын. Дегенмен айтайын, көрші облыстардағы сияқты ең болмаса, оңтүстік аудандарға мал азығын дайындау үшін субсидия бөлгізу керек. Ақтөбе облысында соңғы үш жылда ірі қара малына – 30 мың теңге, саулық қойға – 8 мың, жылқыға 8 мың теңгеден облыстық бюджет қаржы бөліп келеді. Осындай жағдай Атырау, Маңғыстау, Қызылорда т. б. облыстарда жасалынды. Бөлінген қаржыға шаруашылықтар шөп, жем сатып алып, артығын шектелген бағамен халыққа сатты. Сөйтіп, олар малшысы мен қойшысын кәдімгідей көтермелеп отыр. Ал бізде ол неге жоқ? Қалай болғанда да, уақыт оздырмай (әрі бір жағынан, алда келе жатқан Қоянның қысына алдын ала қамданып) біз айтқан бағытқа қаржы бөлуді қарастыру қажет.
Лавр Хайретдинов,
«БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлер үйымы»
ҚБ-ның төрағасы