Шілденің 1-і күні Қазақстанда шетелдік нөмірлі көліктерді тіркеуге өтінім беру науқаны аяқталды. Былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тасымалданған көліктерді заңдастыруға тапсырма беріп еді. Құзырлы ведомстволар жыл басында шетелдік автокөлікті тіркеу тәртібін бекітті. Бірақ шекара асып келген көліктер мәселесі шаш етектен болып шықты. Көлік иелері мен белсенді азаматтардың талап етуімен тіркеу тәртібі бірнеше мәрте өзгерді. Алты айлық заңдастыру науқаны аяқталуға жақындағанда ҚР Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерге қойылатын талапты әлдеқайда «жұмсартты». Мәселен, министрлік алғашында елге бөлшек күйінде тасымалданып, кейін құрастырылған мәшинелер заңдастыруға жатпайды деп мәлімдеді. Оған қоса басқа елде тіркеуден шығарылмаған көліктер науқан игілігін көре алмайды деп жар салды.
Әу бастан шетелден келген көліктерді тіркеу мәселесі өте күрделі екені айқын болды. Қаңтар айында облыс әкімі Нариман Төреғалиев полиция департаменті өкілдерімен бірге осыған байланысты тұрғындармен кездесу өткізді. Осы жиында көптің көкейіндегі сан-сауалға жарытымды жауап болмады. Шекарадан жылыстаған көліктер қолдан-қолға сатылған. Әрқайсының нағыз иесі кім екенін, олардың қай қиырда жүргенін тап басып ешкім айта алмайтын. Белгілі болған күннің өзінде, «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, өзге елде жүрген қожайынмен тіл табысып, нақты дерек алмасу неғайбыл іс еді. Әкіммен кездесуде ту сонау Армениядан келген жүздеген темір тұлпардың бір кісінің «атына жазылғанын», бұл көліктерді сол мемлекеттегі тіркеуден шығару қиямет-қайым шаруа болатынын шырылдап айтқандар да болды. Осы жолы Нариман Төреғалиев тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсыныс-пікірлерін салалық ведомстволарға жолданатынын айтумен шектелді...
Полиция құрылымдары шетелдік тіркеуде тұрған көліктер жол жүру ережесін бұзатынына дәлел-дәйек келтіруден жалықпайды. Бірақ Ішкі істер министрлігі елде қанша шетелдік нөмірлі көлік бар екенін тап басып айта алмады. Министрліктің дерекқорында бұған қатысты мағлұматтың жоқтығы, негізгі ақпаратты сақтандыру компанияларынан алып отырғаны мәлім болды. Осыдан-ақ сырттан тасымалданатын көлік ағынын бақылайтын құрылымдардың әуелден шылбырды бос тастағанын біле аласыз. Ал мыңдаған шетелдік көліктің елде емін-еркін жүруі қауіпсіздік мәселесі екені былай тұрсын, түптің түбінде қараша халық пен құзырлы билік дау-дамайға килігетінін айтып, дер кезінде дабыл қаққандарға ешкім құлақ асқан жоқ. Бұл мәселе бойынша ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, жалпы кеден ісіне жауапты ведомстволардың бірде-бірі жауапкершілікті мойнына алмады.
Бұған дейін де армян және қырғыз көліктерін тіркеуге қатысты бірнеше мәрте қолға алынған науқандар аяқсыз қалып отырды. Президент пәрменімен биылғы қаңтар
айынан бастап шетелдік көліктерді заңдастыру кең ауқымда жүргізілді. Науқан барысында қордаланған мәселелер қызу талқыға түсті. Сарапшылар осы дау-дамайдың түпкі себебі – Еуразиялық экономикалық одақ аясында автокөліктерді нарыққа шығарудың нақты шарттары бекімегенінен болғанын айтады. Соңғы он жылда алыпсатарлардың дәурені дүрілдеді десек болады. Шетелдік нөмір таққан көліктер Қазақстандағы мемлекеттік тіркеуде тұрған мәшинелерден әлдеқайда арзан бағаға сатылды. Сырттан келген көліктерге қатаң талап қойылмады. Автосақтандыру полисін рәсімдегеннен кейін мәшине қолдан-қолға тез сатылатын. Көпшілік ешкім басы артық құжат сұрап талап етпейтін, қалтаға соқпайтын, лекерлеп жүруге жарамды көліктерді иеленуге бет бұрған соң, жатжерлік темір тұлпарлар жылдан-жылға көбейді. Үкімет заңдастыру аясында тәртіп күшейетінін, екінші жартыжылдықта ел азаматтарына шетелдік көліктерді жүргізуге автосақтандыру полисі берілмейтінін хабарлады. Жаңа қаулыға сәйкес Қазақстанға келген шетелдік тұрғынға сақтандыру полисі уақытша мерзімге беріледі. Бұл талап бөгде автокөліктермен емін-еркін жүруге тыйым салудың төте жолы болды.
Әуелден айтқанымыздай, заңдастыру науқаны басталмай жатып белсенді азаматтар арнайы топ құрып, бұқара мен билік арасына өкілдік етті. Соның арқасында салалық министрлік бастапқы кездегі райынан қайтып, көліктерді тіркеу тәртібін едәуір жеңілдетті. Үкімет көпшіліктің талап етуімен алдымен автобөлшек күйінде келген құрастырмалы көліктерді заңдастыруға рұқсат берді. Маусым айында Еуразиялық экономикалық одақ құрамына енген елдерде тіркеуде тұрған, сол мемлекеттерде әртүрлі себеппен (мүлікке тыйым салу, кепілдікке салу, борыштың өтелмеуі) шектеу салынған көліктерді заңдастыруға болатынын хабарлады. Бұл жағымды жаңалық бұқара арасында тез тарады. Басқа елде ресми тіркеуде тұрған көлікті есептен шығару мүлдем қиын. Көліктің бұрынғы иесін анықтау, онымен хабарласу, қандай да бір себеппен шектеу қойылған болса, борыш сомасын білу, ақыр аяғы өз қаражатымен өтеп беруге келісу қазақстандықтарды тығырыққа тіреді. Бұл тұрғыда, Ресейден келген көліктердің үлесі басым екені белгілі. Заңдастыру мәселесі бойынша құрылған уатсап пен телеграмдағы топтарда көлеңкелі сауда көрігі қыза түскен еді. «Басқа елден келген көлікті тіркеуден шығарып, бұрынғы «тарихын тазартып» берем» деп ақылы қызмет ұсынған делдалдар көбейді. Бейресми келісімдер бойынша орташа есеппен осы қызмет үшін 500 мың теңге төлеуді талап еткендер болды.
Орал қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы ұзын-сонар кезек әлі күнге таусыла қоймады. Жыл басынан бері заңдастыруға өтінім беру кезеңі аяқталғанымен, темір тұлпарларды тіркеу одан әрмен жалғасады.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Александр Плешаков (суретте) өңір бойынша жыл басынан бері 21 мыңнан астам өтінім тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде 14 305 шетелдік көлік заңдастырылды. Қаңтар айынан бастап жолданған 4289 өтінім мақұлданбаған. Яғни 894-і «көлікті тасымалдау уақытының сәйкес еместігі», 997-сі «мемлекеттік кірістер базасында мүлдем ақпарат жоқтығы», 1760-ы «Ресейде есепте тұрғаны немесе шектеу қойылғаны», 638-і қазіргі иесінің «өтінімді дұрыс бермегені» себепті қабылданбаған. Маусым айындағы қаулыға сәйкес ЕЭО шеңберінде басқа елде есептен шығаруға шектеу қойылғаны анықталған көліктерді заңдастыру шілденің алғашқы онкүндігінен кейін басталады.
– Шілденің 1-іне дейін өтінім беріп, бұдан кейін көлігін заңдастыра алмайды. Ал өтінімі мақұлданбаған көлік иелері мамандандырылған ХҚО-ға қайта жүгінеді. Арнайы бағдарлама арқылы оның келу уақытын, бұрын іздеу салынбағанын, бұған дейін өтінім беріп үлгергенін анықтаймыз. Егер талапқа сай болса, кузов нөмірі мен қолдағы бар құжатын тексеріп, бес жылға уақытша тіркеу нөмірін береміз. Осы ретте алғашқы тіркеу үшін алынатын 200 мың теңге төлеу қажет емес. Мемлекеттік нөмір алуға 9660 теңге, техникалық құжатқа арналған баж салығын өтеуге 4313 теңге төлесе, жеткілікті. Уақытша нөмір алған көлікті Қазақстаннан шығаруға және басқа біреуге сатуға тыйым салынады. Егер бес жыл ішінде көлік мәселесі шешіліп, шектеуі алынып тасталса, басқа елдегі тіркеуден шығарып алып келсе, қосымша 200 мың теңге төлеп, тұрақты мемлекеттік нөмір рәсімдеуге рұқсат беріледі. Былтырғы тамыз айынан кейін шекарадан өткен көліктер тіркеуге алынбайды, – деді Александр Плешаков. Бірнеше жылдан бері шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесімен шұғылданып жүрген қоғам белсендісі, халықаралық дәрежедегі заңгер Еркебұлан Кулбасовтың айтуынша, қазіргі уақытта көліктерді тіркеу мәселесі құзырлы ведомстволармен әлі де талқылануда. Республика бойынша жұмыстанып келген бастамашыл топ өтінім беріп үлгерген барлық көлікті заңдастыруды ұсынып отыр.
Фото сюжетттен кадр
– Легализация аясында шетелдік көліктерді тіркеу үшін бірнеше талап қойылды. Көбі кедендік тазартудан өтуі керектігі, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін келгені ғана өтінім бере алатыны және қылмыстық іздестіруде болмауы тиіс екені жөнінде шарттар қойылғанынан хабардар. Оған қоса осындай заңсыз жолмен елге ағылған көлік легіне тыйым салу керек деген талап та қойылды. Осы шарт әлі күнге орындалмады. Мәжіліс депутаттарының алдында есеп берген ҚР Үкіметі Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бір ай жарым турасында 91 мың шетелдік көлік келіп үлгергенін мойындады. Қазіргі уақытта 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін келген көліктер мәселесі қызу талқылануда. Біз бұл дау-дамай әлі ушыға түсетінін қаперге сала отырып, салалық министрліктерге заңдастыруға өтінім берген барлық көлікті тіркеуді ұсындық. Мемлекет басшысы алаяқтарға алданып қалған адамдарға да көмектесу керектігін айтты ғой. Қазіргі уақытта ЕЭО елдерінің нөмірін тағып, бірақ басқа мемлекеттен тасымалданған көліктерді сатып үлгергендер бар. Соның кесірінен кейбір азаматтар кедендік салық айырмасын, 5-6 миллион теңгеге дейін қосымша қаражат төлеуге мәжбүр болуда. Үкімет алаяқтардан зардап шеккендерге де мейлінше көмектесуді, тіркеуге жұмсалатын шығын көлемін барынша азайтуға мүмкіндік беру керектігін айтып, дабыл қағып жатырмыз.
Шетелдік көліктерді заңдастыру үшін қоғам белсенділері жұмыла еңбек етті. Расы керек, біздің біраз талап-тілегімізді орындап, ортақ мәмілеге келген Ішкі істер министрлігіне ризамыз. Бұл министрлік өкілдері «Еститін Үкімет» қағидаты бойынша біздің ұсыныс-пікірімізге ұдайы құлақ асып келеді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі де барынша қолдау-көмек көрсетті. Одан бөлек Маңғыстау, Ақтөбе облысы мен Астана қаласының әкімдіктері ұйымдастыру жұмысын жандандыруға қол ұшын берді. Біздің қоғам белсенділері ведомстволармен бірлесе отырып, қыруар жұмыс атқарды. Санамалап айтсақ, біріншіден, былтыр Президенттің шетелдік көліктерді шұғыл тіркеуді бастауға пәрмен бергенінің өзі үлкен жетістік болды. Екіншіден, техникалық регламент бойынша экологиялық стандарт шегін түсіруге, яғни халыққа қолайлы болуына ықпал еттік. Үшіншіден, конструктор-көліктердің заңдастырылатыны қуантты.
Төртіншіден, басқа елде шектеу қойылған көліктерді уақытша тіркеуге қол жеткіздік. Бесіншіден, халықтың ауызбіршілігі арқасында «Еститін Үкімет» қағидаты бойынша жұмыстануға болатынын дәлелдедік, – деді Еркебұлан Кулбасов.
Заңдастыру науқанында 21 270 өтінім келіп түсті:
Анықтама:
Армениядан келгендер – 932
Сары нөмір алғандар (Армения) – 808
Ресей Федерациясынан – 11 660
Беларуссиядан – 45
Грузиядан – 50
Араб әмірлігінен – 7
Қырғызстаннан – 24
АҚШ-тан – 1
Конструктор – 185
- Армения – 123
- Сары нөмір алғандар (Армения) – 116
- Ресей – 245
- Қырғызстан – 59
- Беларус – 18
- Оңтүстік Корея – 1
- Грузия – 23
- Конструктор – 8
БҚО полиция департаменті ұсынған дерек
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»