Облыста шомылу маусымы басталғалы бері екі адам суға кеткен. Бұл туралы бүгін БҚО Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Теміржан Танжанов айтты.
«Жазғы суға шомылу маусымы басталғалы бері облыста екі адам суға кетті. Бірінші оқиға бесінші шілде күні Бәйтерек ауданындағы Асан ауылы тұсынан өтетін Шаған өзенінде, екінші оқиға сегізінші шілде күні Бәйтерек ауданындағы «Карьер» жасанды су қоймасында болды. Соңғы оқиға бойынша суға кеткен адам ішімдік ішіп, су қоймасының тиым салынған бөлігінде суға түскен. Мүрдені құтқарушылар су қоймасынан алып шықты», - деп мәлімдеді Теміржан Ермекұлы.
Маманның сөзінше, қазіргі уақытта су айдындарындағы қауіпсіздікке қатысты департамент қызметкерлері құзырлы органдар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, еріктілердің қатысуымен рейдтік шаралар жүргізуде.
«Су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті рейдтік іс-шаралар мен патрульдеу кезінде ауқымды жұмыс жүргізуде. Өңірдегі рейдтік шаралар барысында екі жасөспірім құтқарылды. Тұрақты түрде әлеуметтік желілерде су қауіпсіздігіне қатысты ақпараттар кеңінен берілуде. Тұрғындарға жадынамалар таратылуда. Қазіргі уақытта облыс аумағында 25 жағажай тіркелген, олардың жиырмасы жұмыс жасап тұр. Бесеуі ұйымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін жұмыс жасамақ. Басты айта кететін жайт, су айдындарында азаматтардың қаза болуының басты себептеріне: тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде шомылу, мас күйде шомылу, жүзе алмау, балаларды қараусыз қалдыру жатады», - дейді ол.
«Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын орындамаған, бұзған жағдайда ҚР ӘҚБ кодексінің 412-бабымен әкімшілік шара қолданылады. Осы тарапта облыс тұрғындарына және қонақтарына тек жабдықталған, рұқсат етілген орындарда ғана шомылуды, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, балаларға үнемі қадағалау жүргізуді ескертеміз», - деді БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Теміржан Танжанов.
Еске салсақ, былтырғы шомылу маусымы кезінде өңірде 15 адам суға кетіп, қаза тапты. Оның ішінде алты жасөспірім бар.
Гүлмира Сансызбайқызы
zhaikpress.kz