Дәл қазір Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылы маңында «AGROFEST BATYS» егінжай күні өтуде. «АгроСервис-Батыс» ЖШС мен «AlemAgro» компаниясы ұйымдастырған агрофестивальға еліміздің түрлі өңірінен және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысуда.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев агрофестиваль нәтижелі өтсін деп тілек білдірді.
- Халқымызда «Ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген жақсы сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл. Елдің дамуының маңызды саласында қажырлы еңбек етіп, өңірдің дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жергілікті атқарушы биліктің алдына бірқатар міндет қойған болатын. Сол міндеттерді шешу үшін агроөнеркәсіп кешенді дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 30 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл өткен жылғыдан 1,4 есе артық. Соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын субсидиялауға 16 млрд. теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсетілді, - деді Нариман Төреғалиұлы.
Облыс басшысының айтуынша, алғашқы жартыжылдықта БҚО-да 95 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы саласына 8,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл 2022 жылдың деңгеймен салыстырғанда 33%-ға артық. 14 млрд. теңгеге кредиттік ресурстар тартылып, оның 5 млрд. теңгесіне 376 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар лизингке сатып алынған.
Бүгінгі күні дақылдарының алқабы 429 мың га құрап отыр. Соның ішінде дәнді дақылдар егісі 306 мың гектар, майлы дақылдардың алқабы 113 мың гектар.
Айта кетсек, өңірде егін ору науқаны басталып кетті. Қазірдің өзінде гектарынан орташа 13,5 центнер өнімділікпен 78 мың тоннаға жуық астық жиналды.
Егінжай күнінде ұйымдастырылған көрмеге 20-ға жуық компания ауыл шаруашылық техникасын, он шақты батысқазақстандық шаруашылық асыл тұқымды ірі қара шығарды. Егінжай күні жайлы толық ақпарат облыстық газеттердің алдағы санына шығады.
Нұрлыбек Нұрланұлы,
фотоға түсірген автор
zhaikpress.kz