Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Сырым ауданына қарасты Аралтөбе ауылының тұрғындарына атыс қаруымен оқ атып, жарақат келтірген күдіктіні ұстады. Бұл туралы БҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев мәлімдеді.
– Кеше кешкісін спирттік ішімдік ішкен шаруа қожалығының басшысы мен сол ауылдың тұрғыны арасында жанжал туып, арты төбелеске ұласқан. Осы кезде күдікті өзінің «Lexus» маркалы автокөлігінен әйелінің атына тіркелген аңшы мылтығын алып, бірнеше рет қарсыласының бағытына оқ атқан.
Нәтижесінде ауыл тұрғынының сол жақ жанбасына және аяғына жарақат келтірген.
Сондай ақ, жергілікті 59 жастағы ауыл тұрғыны мен оның бүлдіршін немересі атыс қаруынан жарақат алған.
Қылмысты жасағаннан кейін күдікті оқиға орнынан автокөлігімен бой тасалаған.
Адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігіне және 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полиция департаментімен жедел-іздестіру іс–шараларын жүргізу қолға алынды, «Тосқауыл» жедел-жоспары енгізілді және өңірдің барлық жеке құрамына бағдар берілді.
Нәтижесінде полиция қызметкерлерімен күдікті ұсталып, ол Сырым АПб. уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қылмыс құралы тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Тергеу жалғасуда, оның нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі, - деді ол.
zhaikpress.kz