Жуырда «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының жол картасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында партиялық бақылау комиссиясы аудандағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жұмысымен танысты.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы, Сәкен Ишанов, «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Асылбек Байғазиев «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан Бостандық ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Қараөзен ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктіне бас сұғып, құрылыс қарқынына баға берді.
Бостандық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарқынды жүруде.
Қазіргі уақытта аталған нысанның ішкі әрлеу жұмыстары және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал Қараөзендегі фельдшерлік-акушерлік пункттің төбесі жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары, сайдинг жұмысы жүргізіліп жатыр.
Участок бастығы Нұрлан Айшовтың сөзіне сүйенсек, қос медициналық нысанның құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалып отыр.
Дегенмен партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мердігерге жұмысты сапалы жүргізіп, уақытында аяқтау қажет екендігін ескертті.
– Жұмыстың қарқынды жүргізіліп жатқандығын көріп отырмыз. Ең бастысы ауылға жаңа, заманауи үлгідегі медициналық нысан салынады. Бұл өз кезегінде ауылдағы медицина саласындағы ахуалды реттеуге септігін тигізеді. Халыққа есеп емес, іс жүзіндегі нәтиже қажет. Сондықтан жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, сапаға мән беріп, нысанды белгіленген уақытта тапсыруға тырысыңыздар. Біз құрылыс жұмыстарын бақылауда ұстап отырамыз, - деді Сәкен Сәлімжанұлы.
Айта кетейік, дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын БҚО құрылыс басқармасының тапсырысымен «Альтаир-СК7» ЖШС жүргізуде.
Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі қазан айына жоспарланған.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
zhaikpress.kz