Алматы халықаралық әуежайында iPhone 15 ұялы телефондары контабандасының жолы кесілді. Заң бұзған азаматқа 103,5 мың теңге сомасында айыппұл салынбақ. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
«Дубай-Алматы» рейсін кедендік бақылау кезінде жеке тұлғаның декларацияланбаған 34 дана iPhone 15 телефонын әкелмек болғаны анықталды. Телефондардың алдын ала есептелген кедендік құны – 25,3 млн. теңге болса, келтірілген шығын көлемі – 3,1 млн. теңге.
Ұялы телефондар жеке тауарлар санатына жатады және жеке тұлғалар оны кедендік шекара арқылы өткізген кезде олардың саны бір адамға екі бірліктен аспауы тиіс (ҚР ҚМ 2015 жылғы 31 наурыздағы № 250 бұйрығы).
Тәркіленген тауарлар кедендік рәсімдеуден өту және рұқсат құжаттарын жасату үшін уақытша сақтау қоймасына жіберілген.
Ұялы телефондарды декларациялаусыз әкелуге әрекет жасаған адамға ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабының 1-бөлігіне сәйкес 103,5 мың теңге (30 АЕК) айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.