Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев "домбыраны, жалпы ұлттық аспаптарды ұшаққа кіргізуге рұқсат па?" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Коллаж: ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, биыл жазда депутат Ринат Зайытов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәселе көтеріп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүгінген еді. Депутат “ұлттық аспаптарды ұшаққа кіргізуге рұқсат етілуі керек” деп есептейтінін жеткізген. Оның бұл сауалды жолдауына айтыскер Айшолпан Тілеутайға Fly Arystan қызметкерлерінің домбыраны қол жүгі ретінде ұшаққа кіргізуге рұқсат бермегені себеп болған.
“Осы мәселені шешіп беріңіздер. Қазақтың саусаққа толмастай 4-5 ұлттық аспабы бар. Сол аспаптар ұшаққа кіргізуге рұқсат алсын. Егер қолдарыңыздан келмесе, онда Алматы, Астананың әуежайына жоқ дегенде 1000 домбырашыдан қойып, "Адай" күйін ойнатып, жалынып сұрайық", - деген еді Ринат Зайытов.
Ұлттық аспаптарды жалпы ұшаққа алып кіруге бола ма? Бүгін осы сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаевқа қойған.
“Біз сол мәселені заңды түрде қарастырдық. Талқыладық. Әрбір музыкалық аспапты бортқа өзімен алып жүруге рұқсат. Бірақ жолаушы әуе компаниясын алдын-ала ескертуі керек. Ескертсе, оған заңды түрде ешқандай кедергі болмайды. “Рұқсат емес” деген заңда жоқ. Негізі рұқсат. Өзіңіз білесіз, ұшақ әртүрлі. Мәселен, Qazaq Air компаниясының багажды полкасына көп жүк сыймайды. Басқа жолаушыларға екінші жолаушының заты қолайсыздық туғызуы мүмкін. Сол себепті алдын-ала ескертсе, экипаж біліп, жолаушыларға көңіл аударып, мәселені реттей алады”, – дейді Талғат Ластаев.
ulysmedia.kz