Боксшы Карина Ибрагимова Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарының финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Фото: Спортты дамыту дирекциясынан
Қазақ боксшысы (57 кг) жартылай финалда Миджона Самадовадан (Тәжікстан) басым түсті. Төрешілер шешімі 3-2. Қазірдің өзінде Каринаның еншісінде Париж Олимпиадасының жолдамасы бар. Енді Ибрагимова финалда Тайбэй былғары қолғап шебері Ю Тин Лимен күш сынасады.
Ұлттық құрама спортшысы Ханчжоуда ширек финалда Намуун Монхорды (Моңғолия) жеңген. Ал алғашқы айқасында Жинь Хьян Пэкті (Солтүстік Корея) жарыс жолынан шығарған. Айта кетейік, Ибрагимова әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері, 27 жастағы спортшы биыл күміс, 2022 мен 2018 жылы қола медаль алған. Былтыр Азия чемпионы атанған.