19.10.2023, 17:30
Оқылды: 27

Тасқалада облыс чемпионаты өтті

Тасқала ауданында 2009-2010 және 2011-2012 жылдары туған, 2013 жылғы және одан кіші жасөспірімдер арасында волейболдан Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті.

волейбол (1)

Жарысқа Орал қаласы мен Бөрлі, Жаңақала, Казталов, Сырым, Шыңғырлау, Ақжайық және Тасқала аудандарының командалары қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында Тасқала ауданы әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауединұлы құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

 – Құрметті спортсүйер қауым, баршаңызды бүгінгі жарыстың ашылуымен құттықтаймын. Жарыс болғасын жеңіс болады. Сондықтан баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Аян Халауедин.

Екі күн бойы тартысқа толы болған додаға спортшылар жақсы дайындықпен келген.

Жарысқа қатысуға өз ықыласын білдірген командалар әдемі ойын көрсетті. Дода бар жерде мәре бар. Жарыс қорытындысында жеке жүлделер мен үздік жарыс ойыншысы, үздік қорғаушы, үздік шабуылшы, үздік байланыстырушы, сондай-ақ жарыс жеңімпаздары анықталды.

волейбол (2)

Атап өтсек, 2013 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында Бөрлі ауданы командасы жарыс жеңімпазы атанды. Жеке жүлделерге келсек, «Үздік ойыншы» аталымымен бөрлілік Арсен Байтемиров, «Үздік шабуылшы» – оралдық Камиль Казак, «Үздік байланыстырушы» – тасқалалық Станислав Образков, «Үздік қорғаушы» аталымымен тасқалалық Рамазан Досқалиев марапатталды.

2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында Орал қаласынан келген команда үздік атанды.

Алаңның әр бөлігіндегі үздіктерге келсек, «Үздік ойыншы» аталымына оралдық Мирон Валышев, «Үздік шабуылшы» – тасқалалық Әбілмансұр Темірболат, «Үздік байланыстырушы» – ақжайықтық Нұрислам Жолдасқали, «Үздік қорғаушы» аталымына бөрлілік Арман Қуаныш ие болды.

 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында да Орал қаласынан келген команда шеберлігін көрсетіп, жеңіске жетті.

волейбол (4)

Үздік ойын өрнегін көрсеткендерге келсек, «Үздік ойыншы» аталымына оралдық Арыстан Қазиетолла, «Үздік шабуылшы» аталымына оралдық Артем Рафиков, «Үздік байланыстырушы» аталымына бөрлілік Ратмир Сейтқазиев, «Үздік қорғаушы» аталымына ақжайықтық Әлімжан Қайрат ие болды.

 Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан диплом, кубок, медальдармен марапатталды.

 Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале