21.10.2023, 9:18
Оқылды: 191

Рита Сұлтанғалиева: "Бақытымның шыңына жол сілтедің, Он бірінші мектебі Оралымның!"

Біз "Он бірінші мектебі Оралымның" аталған қара шаңырақтан қанат қақтық, мектеп бізді бақыттың шыңына жол сілтеген!

7

Сәуле... Жаратушының жазуымен миллиондаған шақырымдарды секундтарда жүріп өтіп, жұмыр жерге тіршілік нәрін сыйлайды ол. Еркіндікті сүйеді, адамзатты сүйеді. Адамзат та оған ұмтылады. Маған азаматтық та, ұстаздық та сол аппақ сәуледей көрінеді. Қазақтың ең қымбатын «шырағым» дейтіні, «Шырағың сөнбесін!» деген тілек тілейтіні бекер болмаса керек-ті. Сырттай қарағанға бір-ақ түс. Ал біле білсек, оның бойында қаншама ғажайып бояу бар. Көк те, қызыл да, сары да. Ұстаздық та, ғалымдық та, азаматтық та – ардың ісі. Ол да сол сәуледей бір өзіне қаншама бақыт, қуаныш, үміт, арман, ізгілік құндақтаған.

Осы бір жарқырайтын сәуле қымбат таста да бар. Ол – гауһар. Гауһар тастың қыры көп болған сайын, жан-жаққа шашатын сәулесі де, жарқырайтын қасиеті де арта түседі. "Сегіз қырлы, бір сырлы" деген ұғым да бар. Бұл кез-келген адамға айтылмайтын, телінбейтін баға. Нағыз гауһар тас жан-жағына жарқыратып сәулесін шашып, нұрын сыйлайды. Нағыз ұстаз да – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола білген ардақты адамды мен кемел тұлғаға балар едім.

6

«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп шығыс ғұламасы әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс. Үлкен жауапкершілік жүкті абыроймен атқару да – арлы іс. Алдымен ұстаз бола білген, ең алдымен шәкірттеріне сыйлы, адалдық пен адамгершілікті биік тұғырға қойған ұлағатты да рухани жақын ұстаз әркімде болары сөзсіз. Ал біз көңілге жарық сәуле беріп, білім шырағын жаққан ұстаздарымызбен әрқашан мақтанамыз.

Ғасырлық тарихы бар, бүгінде Орал қаласындағы №11 С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешені кезінде «пансион» деген атпен-ақ белгілі болды. 100 жыл (алдағы жылы) бұрын ұлт тұлғасы С. Сейфуллиннің Орал қаласына келіп, осы мектептің іргетасын қалап, Жымпиты өңірінен он шақты қызды алып келіп оқуға берген екен. Сол кездегі қаладағы жалғыз қазақ мектебі болды және тұңғыш ұлттық мектеп болып ашылған. Ауыл балаларын оқытып бастаған шағын мектеп сан жылдық тарихында тамырын тереңге жайды. Бірнеше кезеңді басынан кешірді. 100 жылдық тарихы бар мектеп ұжымы бүгінде жаңа мұғалімдермен толысқан.

2

Біздің әулетіміз үшін мектептің өткен жылдық тарихында аттары алтын әріппен жазылар ұстаздар жетерлік. Өйткені бұл мектеп – ұстаздар ұстаханасы. Алдымен үйде ұстаз-ана, мектепте асыл мұғалім болған Жәрия Әйтімқызының біз үшін орны ерекше. Жәрия Әйтімқызы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Біздің әкеміз Бекжан Ақшаұлын (1938 жылғы) ауылдан жетектеп әкеліп, осы мектепте оқуға береді. Бұл 1951-1952 жылдар. Осы жылдардан бастап күні бүгінгі дейін оқығандар арасы үзілмей, жалғасып келеді. Дәстүр жалғастығы деген осы шығар. Менің әкеме тарих сабағынан Сүлеймен Өтешов, Мәрия Мамаевна, ағылшын тілінен Фейшбейн Любовь Яковлевна, физикадан Нұрдаулетов, биологиядан Мұхамбетжанова, химиядан Зинина, орыс тілінен Фанна Генка Михайловна, кейіннен Кузнецовалар сабақ берген екен. Оқу ісінің меңгерушісі Жаботинская Вера Любовна болса, мектеп директоры Жәлел Самарханов, кейін Сәукей Сағидуллиндер болған екен. Осы жылдары білім алғандар сапында Марат Тоқтамысов, Сәкен Тоқтамысов, Байарыстан Қамалов, Кеңес Қазиев, Шайхы Сабиров, Аманғали Сұлтановтар екен. Бұл 1955-1956 жж. бітірген түлектер болса керек. Әкеміз бұл жылдарды сағына еске алатын.

Осы білім шаңырағы арман-мақсатын айқындап берген болу керек. Ұстаздық жолды таңдап, ұзақ жылдар мектепте қызмет етті. Ұстаз әкенің балаларының болашақ білім алуларына салғырт қарамайтыны анық. Өз балаларын да осы мектепте оқытуға тырысты. Ақынның "Сыр сандығын" жатқа оқығам, кішкентай кезімнен, "әкем өлең оқы" дегенде "Сыр сандықтан" бастайтынмын (мән-мағынасына кейін үңілдік қой), кейін поэмаларын да. Таңдамалы жинағы тұратын әкемнің кітаптар сөресінде, әлі есімде, түсі қызыл кітап болатын. "Сәкенді түсініп оқу керек" дейтін. Кейін орта сыныпқа келгенде, "әрі қарай өте жақсы оқысаң, өзім оқыған, ағаң оқыған Сәкен мектебіне оқуға апарамын" дегенде, үлкен жауапкершілік тұратын, сол кезден сезінгем. Арман боп қалмай, мақсатқа айналып, Сәкен мектебінің оқушысы атандым. Ағаларым Ерлан Сұлтанғалиев, Мәдәлі Ақшиев, Шыңғыс Ақшиевтер мен әпкем Рима Сұлтанғалиева, одан кейін 1997 жылы бұл мектепке мен оқуға келдім. Үш буын ұрпақ білім алуды жалғастырған екен. Әкемнің тұңғыш немересі Бекжан Еркежан да осы мектепті аяқтады. Ізгі дәстүрді жалғастыруды мақсат еткен Еркежан да білім бәйгесінде мектебінің мақтанышы болды.

3

Білім бәйгелері қашанда адамды шыңдайды. Оза шапқанның деңгейін анықтайды. Әлі тәуелсіздік алмаған кез. 1990 жылдар болу керек. Мен бар болғаны алты жастамын. Бала болсақ та, қандай да бір қуанышты сезетініміз анық. Одақтас республикалар арасындағы физика пәнінен өткен олимпиада туралы радиодан хабар берілді. Бұл хабарда ағам С.Сейфуллин атындағы мектептің оқушысы Шыңғыс пен физика пәнінің мұғалімі Сәния апайдың аты аталғанда көп болып қуандық. Осы кезден бастап мен де осы мектептің оқушысы болсам деген ой қалыптасты. Бала арманның адастырмағаны анық. Мен де 1997 жылы оқуға келіп, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдететін сыныпта оқыдым. Ұстазым Айғаным Есқазиева Аманжанқызы болды. Төрт жыл бойы мектеп қабырғасында білім алып, 2001 жылы Алматы қаласына оқуға аттандым. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдадым. Алғашқы курстың өзінде көп нәрсені біліп барғандай болдық. Оқытушы орнымыздан тұрғызып сұрағанда, С.Сейфуллин мектебінен екенімізді үнемі мақтанышпен айтатынмын. Аспирантура жылдарын қосқанда, қазақ тілі мен әдебиетін он бір жыл оқыппын, оқытып та, әлі де оқып келеміз. Өзім таңдаған әдебиеттен кандидаттық диссертация қорғадым. Қазіргі уақытта М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде қызметтемін. Екі мәрте мемлекеттік ғылыми стипендия иегері де атандым. Мектеп берген азық ұзақ жыл қызмет еткендей.

Айғаным апаймен олимпиадаға дайындалған кездер де әлі есімде. Апай мектептегі дайындықпен шектелмей, бізді интернаттан сұрап алып, дайындық үйінде де жалғаса беретін. Қазақстан тарихынан Махамбет ағай, химиядан Марфуға апай, физикадан Қадыр ағай, орыс тілінен Ақылай, Нұржамал апайлар, математикадан Алма апай, ағылшын тілінен Гүлжиян апай, алғашқы әсери дайындықтан Рахым ағай сабақ берді. Марқұм Махамбет ағайымыз жексенбі күндері жұмысқа келіп, сабақ алатын. Демалыста үйге барғысы келетін жандар аптаның алты күнінде сабақ тапсыратынбыз. Дәл қазіргі уақытта оқушының қамы үшін демалысын арнайтын мұғалімдер сирек шығар, мүмкін, жоқ та шығар... Барлығының жарқын жүздері көз алдымызда. Қазір ұстаздарымыздың көбі құрметті еңбек демалысында. Маған сабақ бермесе де, қамқор болып жүретін ұстаздардың да еңбегі бір төбе. Тілеужанова Шара апам, Сейтақова Тамара апайларымның әркез тілекші боп жүретіндері көңілге қуаныш сыйлайтын. Гуманитарлық бағытта болсақ та, математикаға, химияға, физикаға деген махаббатымыз бөлек болатын. Пәнге деген махаббаттың артында ұстазға деген ерекше ықыластың тұрары айқын ғой. Біз мектеп бітіргенде ҰБТ-ны төрт пәннен тапсырдық. Ұмытпасам, тесттік емтиханның үшінші жылдары болса керек. Демалыс уақыты, тест уақыты да жақын, интернаттағы бөлмелес жан досым болған Айтолқын екеуміз менің ағамның үйіндеміз. Дайындықтамыз. Көшеден жеңгемді танып, біздің үйді сұрап, үйге іздеп келіп, үйіне дайындыққа алып кеткен ұстазымыз да болған. Қолымызға аттестатымызды алып, мектептен кетсек те, біздің жақсы оқуға түсуіміз үшін жоғары балл жинасын деп, жаны ашып үйге дейін келген Жылқайдарова Алма апайымыз еді. Бұл қамқорлық, бұл мейірімді мен ешқашан ұмытқан емеспін. Ұстаздарымыздың мейірімі бөлек болатын. Қатаң талап та қоя білетін. Мен интернатта үйді сағынып, жылап көрмедім, сабақтан алғаш төрттік алғанда, жылағам. Сондай бір мектепке келген алғашқы кезде орыс тілінен Шманова Нұржамал апай демалыс күнгі мектептегі кезекшілігін маған арнаған. Интернаттан шақырып алып, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ өтіп, түсіндіріп те кеткені есімде. Біз барлығымыз интернатта жатып білім алдық. Интернат меңгерушісі ағаларым оқыған уақыттан келе жатқан Есенгелді ағай еді. Интернаттағы тәртібімізге, бөлме тазалығына, әсіресе жақсы сабаққа дайындығымызға, береке-бірлігімізге ерекше сүйсініп қарап жүретін. Тәрбиешілік атқарған апайларымыздың еңбегі де бір төбе болатын.

Оқу ісінің меңгерушісі болған Роза Александрқызының да еңбегі зор еді. Түстен кейінгі қосымша сабақтарға осы кісі жауапты болатын. Олипиадаға дайындыққа жинайтын, университет ғалымдары жүргізетін сабақтарға шақыратын да осы кісі. Сонымен қатар, «Поэзия», «Журналистика» сабақтары жүретін. Поэзияға аса қызықпадым, ақындық қабілетіңнің жоқ екенін білсе де, болашақта пайдасы болатынын айтатын. Ал, журналистикаға қызығушылықпен қатысатынмын. Ақын ағамыз Ғайсағали Сейтақ жүргізетін. Оқушының жазғанын түзеп, өңдеп, "Орал өңірі" газетіне үнемі шығарып отыратын. Оның өзі бізге қуаныш сыйлайтын. Міне, ізгілік нұрын шашқан менің ұстаздарым мен мақтан етер мектебім осындай болған.

Біз оқыған жылдары мектептің 75 жылдық мерейтойы тойланды. Дәстүр бойынша Сәкен Сейфуллиннің туған күнінде тойланатын. Озат оқушылар слеті өтті. Ол менің есімде, ұмытылмайды да. Мерейтойлық белгі де тақты. Сынып боп құттықтап, бізді қолдап барды. Мектеп сахнасының өзі ерекше еді. Кейін шығармашылық байқаулар, олимпиадалармен жалғасып, Сәкен мектебінің абыройын түсірмеуге тырысып оқыдық, талпындық. Сәкен мектебі Алматыға апарды, жоғары білімді сол қалада алуға жолдама бергендей. Республикалық "Дарын" орталығына оқуға жіберген. Мен сол кезде болашақ жетекшім профессор Серік Мақпырұлымен танысқам. Кейін аспирантурада білім алғанда әдебиетші ғалым, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішұлымен танысқанда, оқыған мектебімнен бастағам. Оқушы кезде біз Тұрсынбек Кәкішұлына ұстазымыз Айғаным Есқазиева жетекшілігімен сынып болып хат жазғанбыз. Ол кісі де ұмытпаған екен жауап жазғанын. Ол да кездейсоқ емес шығар. Кейін Тұрсынбек Кәкішұлы батасын беріп, шәкіртіндей көрді. Ағайдың құрметін, ерекше қолдауын сезінгем. Кейін Махамбет университетінде Алаштың, Қазақ елінің алғашқы астанасы Орынбор қаласында ресейлік ғалымдардың бастамасымен көрнекті қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына арналған "Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы" тақырыбында халықаралық ғылыми конференцияға шақырту алдым. Орынбор сапарына міндетті түрде барғым келді. Сәкен шығармашылығы туралы баяндама жасауым алғашқы рет емес еді. Сол жиында тыңдаушы аудитория үшін баяндаманы орыс тілінде алғаш рет жасауым. Маңыздысы ол емес еді. Үлкенінен жасына дейін Сәкен туралы ұйып тыңдайтын ортаны көрдік. Орынбор қазақтары ғана емес, сондағы орыс халқының Сәкенге деген ерекше ықыласын көрдік. Баяндама жасаған Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдарының Сәкен шығармашылығына деген ерекше сүйіспеншілігін көріп, тағы бір қуандық. Қазақ поэзиясына өзіндік үн, соны жаңалығымен келген өз дәуірінің жаңашыл ақыны – ол. Оған дәлел қарымды қаламгер Сәбит Мұқановтың сөзімен жауап берсек, "Сәкен қазақ әдебиетіндегі жаңа эраның көш бастары". Баяндамамыздың тақырыбы Сәкен поэзиясындағы символдық көркемдік-поэтикалық қолданыстарға арналды. Классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтқанда, Сәкен "тұла бойы тұнған ақын" екендігін әр туындысы арқылы делелдеп кеткендей. Сәкен мұрасы дәуір өткенмен, еш ұмытылмайды, өз дәуірінің жаршысы, тек сол дәуірдің емес, кейінгі дәуір үшін де қайраткер, ұлтшыл тұлға, азамат ақыны. Сәкен мұрасын ұлықтау – бүгінгі буынның азаматтық парызы. Ұлы тұлғаға деген өзге ұлттың да ерекше құрметін, ұлылығын ұлықтауын сол шара, ғылыми жиын дәлелдегендей. Орынбор қаласында өткен «Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы» атты конференцияның тарихи ғимаратта өтуі ерекше әсер қалдырды. Дәл осы жерде Сәкен Сейфуллин қызмет атқарған. Жай қызмет емес. 28 жасында екі үлкен жүгі ауыр қызметті қатар алып жүрген қайраткер. 1922 ж. "Еңбекші қазақ" газетінде редактор болды. Және үлкен қызметі Қазақ үкіметінің, Қазақ АССР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, яғни Совнаркомның төрағасы. Қазіргі тілмен айтқанда, Премьер-министр. Бұл ғимаратта 1922-1925 жылдары үкімет отырса, оны Сәкен Сейфуллин басқарған. "Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік", "кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізейік" деген ұлт үшін мәлімдеме жасаған Сәкен Сейфуллиннің бір кездері кеңсесі болған, өзі сөйлеген тарихи орында ұлы тұлға туралы сөз сөйлеу, сол мінберде Сейфуллин шығармашылығы туралы баяндама жасау бұйырған тарихи күн болған. Сәкен мектебінің түлегі ретінде Сейфуллин қызмет атқарған қазақтың астанасы болған Орынборда ақын туралы мінберден сөз алу да тарихи естелік боп қалары сөзсіз.

Келер жылы ақынның туғанына 130 жыл, Сәкен мектебіне 100 жыл, мектебімізге Сәкеннің есімі берілгеніне 60 жыл. Ұлылар есімі ұмытылмайды, ұлықталады. Сәкен мектебінің түлегі болғанымды әркез мақтан етемін.

Бүгінгі күн мен үшін ерекше күн болды. Сәкен мектебі өз шәкіртін құшақ жая қарсы алып, керемет кездесу кешін арнады. Бір сұрақ болды, сіз оқыған кез бен қазіргі мектепте ерекшелік байқала ма деп... Әрине, мектеп жаңарған, оқимын деген, оқытамын деген жанға да барлық жағдай жасалған. Ғасырлық тарихы бар мектептің ізгі дәстүрі үзілмей, сабақтастықпен жалғаса берсін деген тілектеміз. Шәкірт тілегін естіп жүрміз ғой. Кеш барысында сөз алған ұстазымыздың бірі Нұржамал Оралқызының шәкірт туралы тілегі де, естелігі де ерекше толқытты. Осы кешті ұйымдастырушы Ағерке Орынқызының әр сұрағы өзгеше өріліп, кеш тақырыбының әдемі нүктесін қойды. "Бақытымның шыңына жол сілтедің, Он бірінші мектебі Оралымның". Дәл солай еді... Филология ғылымдарының кандидаты атанып, университетте қызмет атқарып, Еуропа, Оңтүстік Корея елдерінің халықаралық білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарында біліктілігілімді арттырып, "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағы мен «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанған аз ғана жетістіктерімнің бастауында сен берген білімнің нәрі тұрары айқын.

Осындай әдемі кеш арнап, құрметті қонағы ғып, сый-құрмет көрсетіп жатқан мектеп ұжымына, ұйымдастырушы Байжиенова Ақерке Орынқызы бастаған барлық ұстаздарға алғысым шексіз. 100 жылдық қарсаңында бастау алған кездесулердің алғашқы қонағы боп бару құрметін сыйлаған ұстаздарыма бас иемін.

«Кемедейін айдында жүзіп арман,

Шақырды ма әлде оны қызық алдан.

Мәңгі бақыт емес пе қазақ үшін?!,

Кәрі Оралда Сәкеннің ізі қалған» деп ақын Ғайсағали Сейтақ жырға қосқандай, Сәкен із қалдырған бұл мектеп бүгінде оның атын биікте ұстап келеді. Мерейің үстем, мәртебең асқақ болсын, білім ордам, алдағы жылдың еншісіндегі ғасырлық тойың құтты болсын, асқақта, шарықта, шәкірттерің әрдайым қырандай самғасын!

                                    Рита Сұлтанғалиева,

                               М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры,ф.ғ.к., мемлекеттік ғылыми стипендия иегері, Сәкен мектебінің 2001 ж.түлегі

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале