2.11.2023, 9:30
Оқылды: 173

Асқар Шайхиев пен Асхат Шахаровтың арасында қандай байланыс болған?

Бала кезім, ағам облыс орталығында өткен Асқар Шайхиевтың жүлдесіне арналған самбо жарысына қатысып, үйге палуан ағамыздың суреті бар вымпел алып келді. Біз сонда әлемді мойындатқан ағамыз қандай екен деген ойға қалатынбыз. Вымпелдегі жылы жүзді жігіттің суретіне қарап, біз де Әлем чемпионы болсақ деп армандаймыз. Кейде үлкендер өзіміз қатарлы балаларды жиып алып, жарыс ұйымдастырады. Жеңген бала Асқар ағамыздың турнирінен келген вымпелді алады. Бала көңіл ме, әлде күреске деген қызығушылық па, вымпел үшін «жан алысып, жан беріскен» белдесулер өтетін. 

9d255714-91e8-4771-9b90-ef05b317b8e4

Ал сол аталған турнир самбодан үш дүркін Әлем чемпионы, дзюдодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері, ҚР еңбегі сіңірген спорт шебері, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың үлкен спорттағы жолын ашқанын біреу білсе, біреу білмейді.

Уақыт жүйрік, вымпел үшін ақ тер, көк тер болып күрескен балалар өсті. Әттең, Асқар аға арамызда жоқ. «Өңірімізден шыққан тұңғыш Әлем чемпионы қандай адам болды екен?» деген сауал көкейде қалды. Бүгінде «Даңқты палуанды өскен өңірі, туған ауыл-аймағы атын қаншалықты ұлықтауда? Жымпитыда ағамыздың ізбасарлары көп пе екен?» деген сан сауал тағы бар...

Сырым ауданының орталығы Жымпитыға жетісімен Асқар Шайхиевты жерлестері мақтан тұтып, ерекше қадірлейтіндігіне көз жетті. Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан орталығындағы спорт мектебіне әлемге әйгілі палуанның есімі берілген.

Иә, бұрыннан палуандар елі атанған Сырым ауданы спортшыдан кенде емес. Оған аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барғанымызда және бір көз жетті. Мектеп директоры Бауыржан Ихсанов ауданда дзюдо, самбо, еркін күрес, қазақ күресі сияқты спорт түрлеріне қызығушылық жоғары екенін айтты.

– Кешен ішіндегі күрес залы босамайды. Таңғы сегізде бір топ, сағат онда бір топ. Әр екі сағат сайын жасөспірім палуандар жаттығу залынан табылады. Биылдың өзінде жымпитылық жеткіншек спортшылар ел чемпионатынан үш қола еншіледі. Облыстық жарыстар мен түрлі турнирлерден алған жүлде саны тіптен көп, – дейді Баукең.

Зәулім кешенге сыймаған палуандар аудан орталығындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы мектеп пен «Қайсар» спорт клубының залында жаттығады екен. Биылғы жыл басында Асқар ағамыздың атын ұлықтау үшін оның 60 жылдығына орайластырылған еске алу турнирі өткенінен хабардармыз. Сосын екінші мәрте «Алаш барысы» және «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық кезеңі өткені мәлім.

Біз әңгімеге тартқан самбо бапкері Ержан Чукуровтың жетекшілігімен 30 бала жаттығады екен. Бір тобына күрес әліппесін енді ашқан балалар келсе, енді бір тобында жарыстарға шығып, азын-шоғын болса да тәжірибе жинақтаған жеткіншектер. Республикалық, облыстық турнирлер мен халықаралық жарыстарда жүлде алған бозбалалар да баршылық.

– Мансұр Аманқос, Асылхан Ерболатов, Рахман Нұрболат сияқты шәкірттерім жақсы күресіп жүр. Берісі Атырау, әрісі Астана мен Ресейдің Орынбор, Тұзтөбе қалаларында өткен жарыстарға қатысып қайтты. Әрине, барлық бала чемпион бола қоймас. Бірақ әрқайсысының өмірден өз жолын тауып, елін сүйген, туған жеріне пайдасын тигізер азамат болып қалыптасуына ықпал еткіміз келеді, – дейді бапкер Ержан Чукуров.

Балалар жаттығатын залдың бір қабырғасына Асқар Шайхиев, Оралбек Қожагелдин, Азат Қасымов, Еділ Үсенов, Гауһар Сағадат сынды Сырым күрес мектебінің және де басқа жарқын жұлдыздарының фотобейнелері бар стенд ілінген. Ержан бапкер әр шәкірті суреттегі аға-апаларына қарап бой түзеп, солардың жеткен жетістігіне жетуді, мүмкін болса, асып түсуді армандайтынын айтады. Сондай-ақ Сырым ауданында футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, гір спорты, жеңіл атлетика, қол күресі секілді спорт түрлері де жүйелі жолға қойылған. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 500-ден астам жеткіншек жаттығады. Осы күні футболшылар мен волейболшылардың алды облыстық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы бола бастаған. Қол күресімен шұғылданушылардың да жетістігі бір төбе.

Асқар ағамызға қоса, Сырым елі – Оралбек Қожагелдин, Азат Қасымов сияқты мықты палуандарды тәрбиелеген аудан. Жергілікті жұрт оларды «Сырымның үш арысы» деп атайды. Аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев жергілікті халық бұл үш палуанды ерекше құрмет тұтатынын, жастар жағы алдыңғы буын ағаларындай болуға ұмтылатынын тілге тиек етті.

– Біраз жылдан бері жыл сайын Асқар Шайхиев, Оралбек Қожагелдин, Азат Қасымовты еске алу турнирлері өткізіліп келеді. Осы үш жарыс біздің аудан жеткіншектерінің күреспен шұғылдануға деген құлшынысын арттыра түсуде. Сырым ауданында барлық талаптарға сай келетін екі үлкен спорт кешені бар. Біріншісі, аудан орталығындағы Асқар Шайхиев атындағы ғимарат болса, екіншісі, биыл пайдалануға берілген Бұлдырты ауылындағы спорттық кешен. Алдағы уақытта толыққанды арнайы күрес залын ашамыз. Ол жерде тек қана палуандар жаттығады. Бүгінде аталған нысанның құрылысы жүріп жатыр. Алдағы екі-үш айда жаңа спорттық нысан пайдалануға берілді, – деді Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев.

Артурдың өзі де Асқар ағамыздың алдын көріп, тәрбиесін алған азаматтардың бірі. Ауылда күресті бастап, облыс орталығына барған кезде ол «Мехкомбинат» аялдамасының іргесіндегі «Батыр» клубында жаттыққан.

– 1997-1998 жылдары сегізінші сыныпты аяқтаған ауыл баласымыз. Асқар ағамыз ашқан «Батыр» спорт клубы Түменов Нұфтолла ағайдың қол астында дайындалдық. Ара-тұра Асқар ағамыз да келіп, әдіс-тәсілдерді үйретіп тұратын. Спортшылардың деңгейі өте жоғары болды. Оралда Азия чемпионаты өтті. Асқар ағамыз бапкері Батыр Қуанышевпен бірлесіп көп жұмыстар атқарды, – деп еске алды спортшы шағын Артур Шерғалиев.

Тоқсаныншы жылдардағы қиын жағдайға қарамастан палуандарға барынша жағдай жасаған Асқар ағамыз спортшыларды Ресейде өтетін жарыстарға жиі апаратынын да Артур бауырымыз тебірене еске алды. Өзімен бірге жаттыққан Артур Халықов, Қай­рат Қасымов, Ерболат Байбатыров сияқты танымал палуандар Асқар ағамыз ашқан осы «Батыр» спорт клубында шынығып шыңдалған екен. Шайхиевтан соң әлемді мойындатқан жерлесіміз Қоныс Жетпісов те осы клубта жаттыққан.

– Асқар ағайға үлкен тұлға ретінде қарадық. Әр сөзін, әр айтқанын екі етпеуге тырыстық. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі – әр сөзін қимыл-қозғалыспен түсіндіретін. Жаттығу кезінде әдісті таза жасауға, соңына дейін жеткізуге ерекше көңіл бөлетін еді. Жиналыстан немесе маңызды кездесуден соң костюм-шалбармен залға кіріп келетін. Сол кезде әдісті таза жасамай жатқан балалардың қасына келіп, аяқ киімін шешіп тастап, ақ көйлек, қара шалбармен галстугі желпілдеп, қалай жасау керек екенін көрсетуші еді, – дейді А. Шерғалиев.

IMG_0323

Жымпитыдағы Асқар Шайхиев атындағы спорт кешені

Сонымен қатар ол Асқар ағамыз екі сөйлемейтін, айтқанын орындайтын азамат болғанын да атап өтті. Бірде жаттығудан соң Асқар Тастайұлы балаларды жинап алып, дзюдодан ел чемпионатын жеңіп алған шәкіртіне «Жигули» сыйлайтынын айтқан. Көп ұзамай Тайман атты жігіт Ақтөбеде өткен ел біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Асқар ағамыз сөзінде тұрып, 18 жасар палуанға өзі айтқан көлігін тарту етті.

– Асқар ағай бізді өз үйінде тұрғызды. «Көшеде сенделгенше, біздің үйде болыңдар. Жаттығуды тастамаңдар!» деп жиі айтатын. Ағайдың Асхат атты ұлымен дос болдым. Әлі күнге дейін арамыз суыған емес. Ұлымның атын ырымдап Асқар қойдым. Оның кіндік әкесі – чемпион ағамыздың кіші ұлы Асхат, – дейді Артур Мұратұлы.

Ауылына қамқор еді

Сапар барысында Асқар Шайхиевтың балалық шағы өткен Шағырлыой (бұрынғы Абай совхозы) ауылына бардық. Чемпионның көзін көрген замандастарына жолықтық, даңқты палуанға арналған мектеп музейіндегі бұрышты көрдік. Білім ошағындағы музейге Әлем чемпионының әр жылдары жеткен жетістігі, түрлі халық­аралық додаларда иеленген медальдары қойылған. Жалпы мектеп мұғалімдері мен ауылдың үлкен-кішісі Асқар ағамызды ерекше мақтан тұтатыны айқын сезіледі, анық аңғарылады. Тіпті, кезінде ағамыз оқыған кітаптарға дейін музей төрінен орын алған.

– Біздің ауыл-аймақта әлемді мойындатқан спортшының туып-өскенін мақтан етсін деген ниетпен, 2006 жылы ауылдағы орталық көшелердің біріне Асқар Шайхиевтың есімі берілді. Бірнеше жыл бұрын Асқар бауырымыздың көзін көрген замандастары бастама көтеріп, қажетті қаражат жинап, мектеп қабырғасына ескерткіш тақта ілінді. Ол істің басы-қасында Асқар Тастайұлының сыныптасы Махамбет Өтепберген жүрді, – деді Шағырлыой ауылдық округінің әкімі Айбол Жақиев. Сондай-ақ, палуан ағамыздың көзін көрген бапкер Ержан Бисенғалиев және ауылдастары Ермекқали Әшімов, Сәбит Арыстанғалиев сынды замандастарымен тілдесудің сәті түсті. Саналы ғұмырын ауыл балаларын күреске баулуға арнаған Ержан Бисенғалиевтің палуандық ғұмыры Асқар ағамызбен қатар басталған. Күрестің қыр-сырын жетік меңгерген ол Асқар Шайхиевтың Азамат, Тимур, Дастан сияқты інілерін баптаған. Ауыл балаларына қарайласып жүретін Асқар палуан туған жеріне жол түсе қалса, Ержан бапкердің жаттығуына міндетті түрде келетін бопты. Қимылы ширақ, әдіске епті қара домалықты көзі шалса, «Мына баланы маған берші, өзім баптайын» деп қолқа салады екен.

– Асқар совхоз орталығының маңындағы Қызылтаң деген бөлімшеде туды. Біздің ауылға төртінші сынып оқып жүргенде көшіп келді. Шайхы атайды да, әкесі Тастай ағамызды көре қалдық. Қарапайым жандар еді. Асқармен бірге өстік. Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-интернатқа оқуға кетті. Сол жақта спортқа ден қойып, жақсы нәтиже көрсете бастады. Қандай биікке көтерілсе де, ауылға келгенде сол бала кездегі ақжарқын Асқар болып қала берді, – деді әңгімеге араласқан ағамыздың замандасы Сәбит Арыстанғалиев.

1988 жылы Әлем кубогын иеленіп, 1989 жылы Әлем шем­пионы атанған А. Шайхиев ауылына келген кезде жерлестері аяғын жерге тигізбей қарсы алып, ат мінгізген. Елдің осынша қошеметін көрген палуан да қолынан келгенше ауылына, ауыл балаларына барынша көмектесуден танбаған.

Студенттік шағын Асқар палуанмен бірге өткізген Ермекқали Әшімов деген замандасы да оның елгезектігі мен жанашырлығын ерекше алға тартты.

– Мен грек-рим күресімен айналыстым. Асқармен кейде жаттығу залында кезігіп қаламыз. Қалада өткен жарыстарда бізді қолдай келетін. Біз оның күресін көруге баратынбыз. Оның ең бір басты қасиеті – адамгершілігі еді, – деді ол.

Ауыл баласы дүние жүзін мойындатқан соң жерлесте­рі оның атын ұлықтай түсу мақсатында түрлі турнирлер ұйымдастырып, оған жанжақтан талай мықтыны шақырады екен. Сондай жарыстардың бірінде шағырлыойлықтар әр жеңімпаз балаға ат мінгізіпті. Бұл палуанға деген кіндік қаны тамған ауыл-аймағының құрмет-ықыласы қандай болғанын көрсетсе керек. Ауылдастары Асқардың ерекше қонақжай екенін де тебірене еске алды. Қала көшесінде кездесіп қалған ауылдасын қояр да қоймай үйіне ертіп кететін көрінеді. Дастарқан басында домбырасын қолға алып, өзіне тән құлаққа жағымды дауысымен ән шырқайтынын да көзін көргендер ұмытпаған. Ауыл-аймағына көмек көрсетуді азаматтық парызы санаған Асқар ағаның тоқсаныншы жылдардағы қиын шақта бүтін бір ауыл жұмысшыларының жалақысын алуға ықпал еткені және бар. Ол оқиға колхоз-совхоздар тарап, Кеңес өкіметінің берекесі біржола қашқан кезде болған. Банк жүйесі жұмыс жасамайды. Қойлы ауыл жиған жүнді өт­кізе алмай қиналған. Халық бірнеше ай бойы жалақы алмайды. Сол кезде ауылдастарының жағдайын түсінген Асқар жиналған жүнді өткізуге көмектескен көрінеді. Ол кез қылмыстың, әлімжеттік жасап тонаудың, бір сөзбен айтқанда, рэкеттің кең етек жайған шағы. Үлкенді-кішілі кеңселердегі көртышқандар да көптің ырыздығын құлқынынан әрі асыруға құмар-тұғын. Сондай жабайылықтың кезінде ауылдастарының адал еңбегін еш қылғысы келмеген Асекең біраз адамның адал ақы, маңдай терімен тапқан ақысын алуға ықпал жасаған көрінеді. Асқар Тастайұлының ауыл-аймағына жасаған жақсылығын ауыл әкімі Айбол Жақиев нақты мысалдармен жыр қылып айтты.

Мәселен, ет сататын, басқа да саудаға бет бұрған ауылдастары Асқардың талай көмегін көрген. Ағаның көрсеткен үлгі-өнегесінің бір мысалы, ауылда мешіт салып, саябақ қалыптастырарда соңынан ерген інілері қолынан келер көмегін аямаған... Бүгінде Шағырлыойда өскен әр азамат қалтасына түскен қаржының бір бөлігін ауыл-аймағының мүддесі үшін бөлуді парыз санайды. Сондай жанашырлықтың арқасында ауылдық округтің орталығында спорт алаңы бой көтерген.

Ағаларының жолын жалғап, боз кілемнің шаңын қағып жүрген палуандардың бі­рі – Әзиз Ташкенов. Аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып жүрген жас палуан Асқар ағасы сияқты чемпион болуды армандайды.

Туған өлкесі Ақ Жайықтың даңқын аспандатқан палуан Асқар Шайхиевтың атында Сырым ауданында спорт кешені бар. Орал қаласының құрамындағы Зашаған кентінде көше бар. Туған ауылының төрінде ескерткіш тақта мен көше бар екендігін жоғарыда айтып өттік. Осының бәрі атамекені мен Отанын жер жүзіне мәшһүр еткен палуанға деген халқының құрметі. Енді Шағырлыой ауылында Асқар Шайхиевтың бюсті орнатылмақ.

– Биыл ел болып, Асқар Шайхиевтың 60 жылдығына арналған бәйге ұйымдастыруды ойластырғанбыз. Бірақ көпшілік «Дала қызықтары өтеді де кетеді. Одан да ауылдағы саябаққа бюстін орнатайық» деген ұсыныс түсті. Біз оны орынды ұсыныс деп қабыл алдық, – деді ауыл әкімі А. Жақиев.

Әке көрген оқ жонар

Елге елеулі, халқына қалаулы азамат Асқар ағамыз бен Аякөз жеңгеміз үш перзент сүйді. Альбина атты қыздарына қоса, Талғат, Асхат атты қос ұл өсірді. Осы күні олар өмірден өз жолын тапқан жандар. Асекеңнің қос ұлы да спорттан алыс емес. Талғат – өңірлік самбо федерациясының президенті. Жалпы Шайхиевтардың қай-қайсысы да спорттан алыс емес. Асқар ағамыздың немере інісі Рустам Шайхиев Батыс Қазақстан облыстық дзюдо федерациясына жетекшілік етеді. Азамат Шайхы – «Ақтөбе» футбол клубының басшысы. Немерелерінің бірі футболшы болса, енді бірі грэплинг спортымен шұғылданады.

Бізбен сұхбаттасқан Асхат бауырымыз: – Әкем әнді тамаша айтатын. Домбыра, гитара, баян және фортепианинода ойнайтын. Үйде болған кезде біз үшін ән шырқап, үй ішін шаттыққа бөлейтін. Халық әндерін тамаша орындайтын. Бірде жұмыс барысымен танымал кәсіпкер, облыстық мәслихат пен ҚР Парламентінің бұрынғы депутаты Аветик Амирханянмен жолығып қалдым. Мені бірден таныған ол: «Асқар бауырымыз мықты спортшы ғана емес, тамаша музыкант, білікті бапкер және өте қабілетті ұйымдастырушы әрі кәсіпкер еді» деді. Сондай шақта «Жақсы әкенің аты – балаға мың жыл азық» деген мақал еріксіз есіңе түседі екен, – деп тебіренді.

Аветик Амирханянның олай деуіне де негіз бар екен. Өйткені кезінде Асқар ағамыз Армения самбошыларына да көп көмектескен көрінеді. Әке жолын қуып, спорт жолын таңдаған Асхат өнерге онша жақын емес екенін жасырмады. Бірақ Әлем чемпионының музыкалық аспаптары  тұралап тұрған жоқ. Ағамыздың фортепианиносын Астанада тұратын Қарлығаш атты апасы алған. Оның қыздары осы аспапта ойнайды екен.

Кезінде қала шетінен үй салған Асқар ағай балаларының еңбекке бейім болып өсуіне ерекше назар аударған. Әңгіме барысында әкесінің осы қырын аша түскен кіші ұлы Асқар ағамыз қаладағы үйінің ауласында бір-екі ірі қара, 6-7 қой, бір-екі бас жылқы ұстаған екен. Өзі көбіне түзде жүрсе де, ұлдарына мал қарауды мұқият тапсырады екен.

– Күні кеше көрші Аман аға­мен әңгімелестік. Ол бірде әкемізден неліктен мал ұстап,  оны ұлдарына бақтыратынын сұраған. Сонда әкем: «Балаларым қалада өсіп жатқанымен, бәріміздің шыққан жеріміз – ауыл. Ал, мал бағу – қазақтың ата кәсібі. Осы арқылы мен, ең алдымен ұлдарымды еңбекке баулимын. Екіншіден, ауылды ұмытпауға, ата кәсіптің қыр-сырын ұғындыруға тырысамын» деп жауап беріпті. Бала күнімізде мал артынан қуалап жүруді, орнын тазалауды ұнатпасақ та, осы күні ол еңбектің өмірімізге тигізген пайдасының зор екенін көріп жүрміз, – деді Асхат Асқарұлы.

2014 жылға дейін боз кілемде болған Асхат пен Асқар ағамыздың інісі Азамат талай белесті бағындырды. Азамат екі мәрте Азия чемпионы, Әлем кубогының иегері атанды. Ал Асхат – Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы.

Спортты біржола қойған соң қызметке ден қойған Асхат – бүгіндері кезінде  әкесі бапкер болған Батыс Қазақстан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры. Ол Әлем чемпионын шығарсам деген әке арманын жалғап, ел мерейін өсірер спортшылар тәрбиелеуге белсенді атсалысып жүр. Жанында әкесінің көзін көрген, онымен қызметтес болған Владимир Александров, Александр Окуничников, Райбек Ромашұлы, Нұфтолла Түменов сияқты аға буын бапкерлері бар. «Әкең тамаша бапкер, жақсы адам болды» деген сөз жұмысқа деген құлшынысын арттыратынын айтады ол. Біраз жыл аталмыш спорт мектебінің директоры болған Татьяна Никишина да Асқар ағамыздың ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары, шәкірттеріне деген қамқорлығы ерекше болғанын айтып, Асхатты марқайтып тастаған.

Т. Никишинаның айтуынша, тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде 50-60 шәкір­тіне қажетті кимононы өз қаражатына сатып алған екен...

Дос сыры

Бесінші кластан кейін қаладағы Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектепте оқуын жалғастырған Асқар Шайхиев осы жақтан жаңа достар тауып, спорттағы алғашқы қадамын бастайды. Оның жеңістеріне де, жеңілістеріне де бапкерлік өмірінің алғашқы кезінде де жанында болған досы Шағуан Ығылманов.

– Ол кезде Плясунков көшесідегі №96 үйде орналасқан интернатта жаттық. Батыр Қуанышев ағамыз бапкерлік қызметін бастап, балаларды жинай бастады. Алғашқы болып Берік Жұмағалиев пен Асқар Шайхиев жазылды. Шымыр, қайсар Асқар бірден көзге түсті, – деп әңгімесін бастады Асқар Тастайұлының досы Шағуан ағамыз.

Осы азаматтың айтуына қарағанда, бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын. Асқар мектеп жанынан құрылған үрмелі аспаптар оркестрінің белсенді мүшесі болған көрінеді.

Көмекке мұқтаж жанға қашанда қол ұшын беруге дайын тұратын Асқар досы туралы Шағуан ағамыз мынадай бір естелікпен бөлісті.

– Қала шетінде Сәбит деген ұстазымыз ашқан кафе болды. Бір күні сол жерде түстеніп отырғанымызда, Асқардың көзі жол бойында ат жетектеп бара жатқан үлкен кісіге түсті. Дереу орнынан ұшып тұрып, Асқар әлгі ағаймен амандасып, жағдай сұрасты. Сөйтсе, ағамыз баласын Алматыда өтетін ән байқауына апару үшін жалғыз атын сатуға бел буған. Жылқыны қаншаға сататынын сұраған Асекең екі есе қаржы ұсынып, қарияның баласына Алматыға барып келуіне жағдай жасап берді, – деді Шағуан аға.

Асқар Шайхиев самбодан дзюдоға ауысып, балаларды да осы спортқа баули бастаған тоқсаныншы жылдары елімізде жөні түзу кимоно табу қиынның қиыны болған.

Талай жыл спортта жүрген оның әлемнің түкпір-түкпі­рінде достары бар. Шағуан ағамыз шетелдіктердің Асекеңді ерекше құрметтегенін де сөзіне өзек етті.

– Облыстық спорт басқармасына хат жазып, палуандарға кимоно алуға қомақты ақша алды. Елден жөні түзу кимоно таппайтынымызды түсініп, Ресейдің Самара қаласына баратын болдық. Ол жақта Олег Алехин деген спортшы досы қарсы алды. Келген шаруамызды естіген Олег самбодан Еуропа чемпионы Хабил Бекташевтың спорт дүкенін ашқанын айтып, сол кісіге жолдады. Көрсеткен мекенжайға барып, кимоно және басқа да спорттық керек-жарақтың қақын қарап жүргенде, алдымыздан Хабил шыға келді. Асқарды бірден таныған ол бізбен құшақтай амандасып, кабинетіне шақырды. Сол жерде отырып, шаруамызды айттық. Қажетті заттардың тізімін бердік. Көп ұзамай көмекшілер мен сатушылар бізге керек заттарды қап-қабымен, өлшем-өлшемімен (размерімен) іріктеп алдымызға жайып тастады. Қажет заттың барлығын бір жерден тауып, енді есептескелі жатқанда Хабил Бекташев «Асқар, дзюдоға ауысып, шәкірт тәрбиелеуге ден қойған екенсің. Бұл – үлкен шаруа. Сізді ерекше құрмет тұтамын, ісіңізге береке тілеймін, шәкірттеріңіз жоғары жетістіктерімен қуанта берсін! Ал мына керек-жарақ менің сізге және қазақ балаларына ұсынған сыйлығым болсын» деп ақшаны алмай қойды. Сонда Асекеңнің тек қазақ арасында ғана емес, барша ТМД аумағында үлкен абыройға ие азамат екеніне көзім жетті, – деді Шағуан ағамыз.

Шағуан аға Асқардың ерекше балажан болғанын да алға тартты. Бірде Қаратөбеде үлкен жарыс өтетін болған. Бір көлікке балаларды жайғастырып, енді бір көлікке киім-кешек пен жеңімпаз-жүлдегерлерге арналған сый-сияпаттарды тиеп жолға шыққан. Қаладан біраз ұзағанда Асқар мен Шағуан ағаларымыз отырған көліктің артқы жағынан бір кішкентай бала шыға келіпті. Тоқтап, кім екенін сұраса, Думан атты балақай екен. Ата-анасы әлі кішкентай деп жібермеген соң, қалада қалдырған бала бапкер ағайларынан жасырынып, көлікке тиелген киім-кешектің арасына тығылыпты. Қалаға апарайын десе, Қаратөбеге кешігеді. Ал бала болса: «Мен күрескім келеді, чемпион боламын» деп райынан қайтпапты. Содан амалсыз әлгі жүгермекті Қаратөбеге алып кетіпті.

– Асекең сонда әлгі балаға бір сөз айтпады, қабағын да шытпады. Маңдайынан иіскеп, әрі қарай жүре берді. Қаратөбеге жетісімен әлгі баланың ата-анасына хабарласып, жағдайды түсіндірдік. Ол болса, жақсы күресіп, жарыс жеңімпазы атанды. Кейін дзюдода да жақсы нәтижелер көрсетті. Ол баланың аты-жөні Думан Есекенов, – деді Шағуан мырза.

Чемпион жолы

Біз чемпиондықтың бергі жағын ғана көреміз. Ал Отанының Әнұранын шырқатып, Туын көктен желбіретіп, мінберде тұрған спортшының жүріп өткен жолы туралы ойлана бермейміз. Асқар Шайхиев та Әлем чемпионы атанғанша қанша тер төкті, қаншама бейнет көрді, қанша жарақат алды. Қанша мықтыны жеңді, талай мықтыға жол берді. Әйтеуір сол құла бейнет ақталып, ақыр соңында арман-мұратына жетті. Оған КСРО кезіндегі бұра тартуды қосыңыз. Қарсыласыңды жеңгенмен төрешіден, саяси жүйеден жеңілген сәттер спортшының жан дүниесіне ауыр соққы. Табиғатынан қайсар, дегеніне жету үшін кез-келген қиындықты еңсеруге бейім Асқар ағамыз ақыры абыройға бөленді. Оның жүріп өткен жолы мен жеңістері, сәтсіздіктері туралы досы Берік Жұмағалиев те ой бөлісті. Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері Асқар Шайхиевтың 1978 жылғы алғашқы жарысынан бастап 1999 жылы өткізген соңғы белдесуіне дейін білетін Берік ағамыз чемпионның жолы сүргіленген тақтайдай тегіс болмағандығын тілге тиек етті.

Алдымен қалалық, облыстық жарыстарды оңай ұтқан Асқар ел чемпионатында кәдімгідей қиналатын болған. Өйткені оның салмағында Еуропа чемпиондары Қанат Байшолақов пен Айтжан Шаңғараев күресті. Самбоның ол кездегі деңгейі де бөлек-ті. Қазақстан чемпионы атанудың өзі зор жетістік саналатын. КСРО чемпионатына барған кезде Асқар ағамызға Қанат пен Айтжанға қоса, ресейлік Андрей Ходырев, өзбекстандық Игорь Пискарев, белорусь Николай Цыпандин, әзірбайжан Жейhун Мәмедов қарсы тұратын. Ходырев төрт, Мәме­дов жеті дүркін Әлем чемпионы! 1987 жылы А. Шайхиев КСРО чемпионатында күміс еншілейді. Финалда Андрей Ходыревке есе жібереді, 1988 жылы Жейhун Мамедовтен ұтылып, тағы да күмісті қанағат тұтады.

IMG_0467

– Асқардың КСРО чемпионатының алғашқы жүлдесін алған шақта мен әскерде болдым. «Советский спорт» деген газеттен оқып, қуанғаным әлі есімде. Ол біріншілік Ташкентте өтті. 1988 жылы Омбы қаласында тағы да күміс алды. Асқар Шайхиев орынсыз шеттетуден біраз қиянат көрді. Халықаралық жарысқа бара алмаған кездері де болды, – дейді Асағаңның Берік досы.

Омбыда алтын алмағанына Асқар ағамыз қатты күйінген екен. Күміс алған кезде шетелдегі жарыстарға шығармай қинаған басшылық, енді алтын алмаса, әлем чемпионатына барар жолды біржола жабатынын да сезген секілді. Сондықтан 1989 жылы Алматы қаласында өткен КСРО чемпионатына тыңғылықты дайындалады.

– 1989 жылы бапкерлік қызметте жүрдім. Батыр Қуанышевпен менде бірге бардым. Асқар алғашқы екі белдесуін Қап тауынан (Кавказ) келген палуандарына қарсы өткізіп, оларды бұйым көрмеді. 1/4 финалда Қанат Байшолақовты ұпай санымен жеңді. Жартылай финалда Жейhун Мәмедовты, ал финалда Николай Цыпандинді жықты, – деді Ермектің Берігі.

Әрі қарай Әлем чемпионатында жеңіс тұғырының ең биік тұғырына көтеріліп, ағамыз асқақ арманына жетті. Асқар Шайхиев 1989 жылы Нью-Йорктен Әлем чемпионы атанып, елге оралған соң достарына «Әлем чемпионатына аттанар кезде ұшақ аспанға көтерілгенше баратыныма түбегейлі сенімді болмадым. Өйткені соған дейін бір халықаралық жарысқа бара жатқанымда ұшақтан түсіріп, орныма өзгені алып кеткен жағдай болған еді» деген екен.

аскар шайхиев

Бар ғұмырын боз кілемге арнаған ағамыз 2000 жылы мамыр айында кісі қолынан қаза тапты. Бапкерлікке ауысып, дзюдодан әлем, олимпиада чемпионын баптасам деген арманы адыра қалды. Сөйте тұра, шүкіршілік етеміз, өйткені қос ұлы мен інілері ағасының асыл арманын жүзеге асыру жолында аянып жүрген жоқ.

Жуырда ғана қазақ баласы оралдық Нұрлан Исатаев жас­өспірімдер арасында дзюдодан Әлем чемпионы атанды. Аға арманы осылайша орындалуда. Енді Олимп шыңына қазақ дзюдошысы көтерілсе, Асқар ағаның асқақ арманының орындалғаны болар еді.

Чемпион бапкері турасында

Қуанышев Батыр Қуанышұлы 1954 жылы Тайпақ ауылында өмірге келген. 1975 жылы Орал педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын 1976 жылы облыстық спорт мектебінде бапкер болып бастаған. 1989 жылдан Қазақстан Ұлттық күрес және самбо федерациясының, 1997 жылы Азия халықаралық самбо федерациясы атқару комитетінің мүшесі болды. 1995 жылы оның бастамасымен Орал қаласында халықаралық жарыстар өткізіліп, облыста ұлттық күрес және самбо федерациясының бөлімшесі құрылды. Сондай-ақ «Батыр» атты палуандардың клубы ашылды.

Б. Қуанышев – біраз жыл Батыс Қазақстан облысының самбо құрама командасының аға жаттықтырушысы болды.

Елімізге еңбек сіңірген бапкер Б. Қуанышев Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері А. Шайхиевқа қоса, Б. Мәмбетов, А. Қасымов, М.Оңдағанов, Ә. Қайыров, Т. Хасанғалиев, И. Ерішев, Е. Әлиев, Б. Есендияров, Қ. Есендияров және Қ. Жетпісов сынды біраз белгілі палуанды самбоның қыр-сырына қанықтырып, жеңіс тұғырына көтерген тәлімгер.

Бір өкініштісі, Асқар шәкіртінен соң көп ұзамай бапкері де қаскөйлер қолынан қаза тапты.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале