Қойнауы өркешті құм шағылдың арасында, жиегі иін, қара қазан көзді тұнық су, Қалдығайты өзенінің жарқабағында күмбездеп салынған бейіт тұр. Бұл – бір кездері аты аңызға айналған халық арасында кемеңгерлігі мен емшілігі елге таралған Едіге Шымырұлының бейіті. Атасының атақты әулие болғанын бала кезінен біліп өскен ұрпақтары үнемі тәуіп етіп келген адамдарды атайдың басына өздері бастап апаратын. Күрең күздің бір күнінде Аманжан атайдың үйіне ақ кірпіш тиеген үлкен жүк машинасы тоқтай қалды. Кабинадан қолына балдақ ұстаған қара торы қарт адам түсті. Қария ешкімнен бағыт-бағдар сұрамастан көздеген үйіне дәл келген екен. Ауладан қарсы кездескен Тұрсын шешейден: «Аманжан деген бала осында тұра ма?» деп жай ғана ішке енеді. Тұрсын шешей күнделікті жолаушылап келе жатқан құдайы қонақ болар деп шай қамына кірісе бастайды. Дастарқан басында келген қонақ өзінің әңгімесін асықпай бастады.
– Сонау сұрапыл аумалы-төкпелі заманда кімнің басына қара бұлт төніп, қазанын қақпақсыз қалдырды дейсің?.. Осындай бір қыспақшылық заманда атаңыз азаматтық жасап, бір рулы елді зұлмат зардабынан сақтап қалғанын әкем әрқашан есіне алып, бізге өсиет қылып айтып отыратын. Алла адамды да ерекше жарататынын өз құлағыммен естіген адаммын.
Атамыз ертеден таныс жолдасына көмек сұрай келгенін айта алмай, іштей азаптанып отырғанын сезген Едіге атай:
– Қапаланып калай сөз бастаймын деп, еңсеңді көтере алмай езіліп отырғаныңды келгеннен бері сезіп отырмын. Намысты ердің қайраққа қашалғанын қаламаймын. Аларыңды Алла алдыңа салды. Еліңнің ерні аққа тиеді. Алғыс айтып азаптанба! Асығыстық жасап қайтаруға қайтіп келіп жүрме! Жақсылық аққан өзендей қайтарылғанды қаламайды. Мына қара қамшыны қолтығыңнан тастама деп жолдасына ұсынған көрінеді. Әкемнен осы әңгімені естігеннен бері әулие атамыздың зиратына барып топырақ салғым келді. Қазір өзім Шыңғырлау ауданының имамы болғаннан кейін адамның ақ-қарасын талғамай, жақсылық жасағанды жаны қалаған атамыздың басына бір белгі қоюға ниеттенген жағдайым бар, – деп қария сөзін доғарды.
Қария 1991 жылы Қаратөбе ауданының алғаш рет имамы болып сайланған Қайролла Ерғалиевпен Орал қаласында кездескенде Ишан атаның ұрпақтары туралы сұрап біледі. Қайролла ата Әнестің балалары ел табанында тұратынын, өзінің сол әулетке күйеу болып келетінін айтқан екен. Үй иесі келген қонаққа құрмет көрсеткен соң, атасының қай жерде екенін әңгімелеп жол бастайды. Ауылдан бір-екі шақырым ұзап шыққаннан кейін қонақ Ғаппарғали атай:
– Балам, менің зиратқа көлікпен барғаным жөн болмас. Төрт шақырымдай қалғанда айтарсың. Мен көліктен түсіп жаяу барамын, – деп ескертеді. Өзі бір аяғынан сылтып басатын Ғаппарғали атай құм шағылдың ішімен төрт шақырымды жаяу жүреді. Ол кісі зираттың жобасын қағаз бетіне түсіріп алып келген екен. Оны Аманжан атайдың балалары Мұрат, ауылдың епті жігіттері Тілек, Қылыш, Талғаттар қолдарына алып:
– Ата, алыстан ат арытып, атамыздың аруағын ардақтап келгеніңізге көп-көп рақметімізді айтамыз! Арқалаған борышыңыздан періштедей арылдыңыз. Қалақ ұстап, қалап-сылауды өз мойнымызға аламыз, – деп ризашылықтарын айтып, уәделерін де берген екен.
1992 жылдың жайма-шуақ күзінде халық арасында кө-ріпкелдігімен қатар емшілік қасиеті елге тараған әулие атайдың күмбезді кесенесі бой көтереді. Өз заманының озық ойшылы, қиын кезде халқына қорған бола білген, өзге үшін отқа түсіп, темір торға қамалса да, елінің амандығын артық көрген ердің есімін ардақтау елдің ертеңін ойлағанмен бірдей.
Ұрпақтарының үлкендерінің айтуынша, Едіге қарт төрт рулы елден әйел алған. Қазіргі Нарөлген жерімен шектесіп, бір жағы Ақбазбен жиектесіп жатқан Қалдығайты өзенінің сол жақ беті бір кездері «Көкөзек» деп аталған көрінеді. Бұл жерасты суының шығар бұлақ бастауы болғандықтан осылай аталған деседі. Қазіргі Мүсірәлі қыстағының орнын Ишан қарт мекен еткен екен.
Нағашы қашанда жиенінің жүгін көтеру керек деген қазақи қағида бәріміздің де қанымызда бар. Бірде Едіге қарт бір тентек жиенінің кесірінен сау басы саудаға түсіп, түрмеге де отырған көрінеді. Қайсар қария қанша қиналса да, сабырлы қалпынан таймай, намазын қаза қалдырмаған екен. Түрме сақшысы таңсәріде темір тор ыңырана ашылып, қарияның сыртқа шығып келетінін бірнеше рет байқаған соң, түрме бастығына хабарлама түсіріпті. Бұл таңғажайып істің шындық екенін білген түрме бастығы қартты жеке қабылдауына шақырыпты. Екеуара әңгіме-дүкен барысында қыр қазағының орыс тіліне жетік, тіпті шешен сөйлейтініне қайран қалып, оның кінәсіздігіне көз жеткізгеннен кейін қолына босату қағазын беріп, ауылына дейін ат мінгізіп, шығарып салуды бұйырыпты.
Едіге Шымырұлы ұрпақтарының айтуы бойынша, сегіз жылдай Мысырда оқыған. Діни сауаты терең болғандықтан Ташкент, Самарқан қалаларындағы алқалы жиындарға арнайы шақыртылыпотырыпты. Бес тіл білген, ойын бірауыз сөзбен жеткізетін шешен болған. Өз дәуірінде туған жерінде ғана емес, Орта Азияға танылған. Меккеге қажылыққа барғандар «Едіге Шымырұлы келді ме? Қирағатты соған оқыту керек» деп аса ерекше құрмет жасайтын болған.
Қаратөбенің солтүстігінде «Демеу», күншығыс бетінде «Наурыз» мешітінің төмпе болып жатқан орындары бар. Сол жерде Едіге ишан атамыз шәкірт оқытқан екен. Қаратөбенің халық арасында «Қызыл бәлніс» аталып кеткен ескі ғимаратын салуға сол мешіттің тастарын ішінара пайдаланған. Пар өгіз шағылдан өте алмай қиналғанда, тоқылған шарбақтың үстіне саз төсеп, жол салған көрінеді. Арбашылар шағылда тұрып қалмас үшін айқай салып, өгіздерін тоқтатпай қамшылайтын болған. Сондықтан «Айқай шағыл» деп аталып кеткен деседі.
Уақыт көрген түстей зымырап өтеді. Кемел адамның келбеті – күн, ісі – темірқазық. Жұмбақ әулие адам ғана жылдар өтсе де, халық жадында мәңгі сақталады. Халық санасына үнсіз жатып-ақ парасат дәнін себетін, дем беріп, тынысын ашатын, кемеңгер адам жердің де, елдің де құты, шынайы иесі болып саналады. Құранда кездесетін «Әулие, уәли» деген сөздер хадистерде «Аллаға жақын, дос», «Жаратушының мейірі түскен адам» деген ұғымды білдіреді.
Бір рулы елдің ғана емес, тұтас өңірдің тұтқасы болған атамыздың ардақты есімі ұрпақ санасынан өшпесі анық.
Мәулен Салахаден,
Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы