Допты хоккейден жоғары лига командалары арасындағы турнирде Оралдың «Ақжайығы» Орынборда жергілікті «Локомотивпен» кездесті, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: "Ақжайық" спорт клубы
Бұл оралдықтардың жаңа маусымдағы сырт айдындағы алғашқы матчы еді. Николай Шавалдиннің шәкірттері түзде «Локомотивті» 10:4 есебімен қапы қалдырды.
«Ақжайық» сапында ресейлік сұрмерген Максим Пахомов бес доптың авторы атанды. Команда капитаны Максим Өтебалиев те қалыса қойған жоқ, оның есебінде 3 гол бар. Сондай-ақ Нұрбол Бөкешов пен ресейлік Артем Лапшин айдыннан бос кетпей, бір-бір голдан соқты.
Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» қазандық команданы екінші рет ұтқанын жазған болатынбыз.