Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Сырым ауданына жұмыс сапарымен келгенін хабарлаған болатынбыз.
Түске дейін облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысына қатысып, кейін бірқатар нысанды аралады.
Биыл өңірде «Қазақстан халқына!» қоры аясында 4 мектепке күрделі жөндеу басталған. Олардың ішінде Жәнібек ауданындағы Ғұмар Қараш атындағы мектеп, Бөкейорда ауданындағы С.Бабажанов атындағы мектеп, Ақсайдағы №5 мектеппен бірге Жымпитыдағы Қадыр ақын атындағы білім ошағы бар. Бүгін Бақытжан Нарымбетов Қ.Мырзалиев атындағы мектепке аяқтай барып, жөндеудің қорытындысымен танысты.
Айта кетейік, Қ.Мырзалиев мектебі - облыстағы тірек мектептердің бірі. Білім ұясында 104 педагог қызмет етіп, 1052 оқушы білім алады. Мырзалиевтіктер - спорт пен білім бәйгелерінде топ жарып жүрген үздіктер. 2023 жылы мектептің 32 түлегі білім грантын иеленді.
Облыс әкімінің орынбасары сыныптарды аралап көріп, мектеп музейіне лебіз қалдырды.
- Тәуелсіз Қазақстанның туының биікте желбіреуіне Қадыр мектебінің үлесі зор! - деп жазды Нарымбетов мырза.
«Қазақстан халқына!» қоры аясында облыста 3 жыл ішінде 12 мектеп жөндеу көреді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Фотоға түсірген: Айжан Амангелдина
Сырым ауданы
zhaikpress.kz