87 келі салмақ дәрежесінде еркін күрестен ел чемпионы атанған Нұржан Исағалиев туған ауылы Бұлдыртыға келді.
Нұржанмен кездесу ауылдағы спорт кешенінде өтті. Сырым ауданындағы балуандардың ұясы Бұлдырты азаматты құрметтеуді біледі. Алқа - салқа пейілді ауылдастар баласының алтын медалінің көрімдігін жылқымен берді.
Атап айтсақ, «Али» шаруа қожалығының жетекшісі Лесбек Нұрпейісов Нұржанға бір жылқы атаса, Ержан Мұратов пен Бисланбек Нұруллин бір-бір тұлпар мінгізді.
Құрметтен Нұржанның ата-анасының құрдастары да, Қабыловтар әулеті де қалыс қалмады. Олардың да сыйлығы - сәйгүлік. Сол сияқты, шаруа Жұмабек Ахматов бір ірі қара берсе, ауылдастар тағы бір арғымақтың құнын қолына ұстатты.
Осылайша атакіндік ауылынан Нұржан Исағалиев көңілі аспандап, мерейі тасып қайтты. 6 жылқы мен 1 мүйізді ірі қараның иесі атанғаны тағы бар.
Мінекей, ат мінгізген ештеңе емес, Бұлдырты ауылы чемпионның алдына мал салып берді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz