5.02.2024, 16:00
Оқылды: 884

Бұлдыртының баласы республика чемпионы атанды

Астанада ересектер арасында еркін күрестен өткен ҚР чемпионатында батысқазақстандық балуан, Бұлдырты еркін күрес мектебінің түлегі Нұржан Исағалиев 86 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

PHOTO-2024-02-05-15-34-34

Фото:«Сырым елі» газетінен келді

Нұржан бозкілемде батыл қимылдады. Ширақ, шалт қимылдады, шебер күресті. Бұл жеңіс Нұржанға лицензиялы турнирлерге, Азия біріншіліктеріне қатысуға мүмкіндік беріп отыр. Бұйырса, ініміз әлем спортының жаңа жұлдызы болады! - деді бізге ақжолтай жаңалықты сүйіншілеген белгілі спортшы, Батыс Қазақстан облыстық еркін күрес, грек-рим және әйелдер күресі Федерациясының құрметті президенті Бауыржан Бегайдаров.

Нұржанның Бұлдыртыдағы еркін күрес мектебінің түлегі екені рас. Өзі осы ауылда 2001 жылы 26 сәуірде дүниеге келген. Күрес әліппесін үйреткен бапкері - Руслан Бекжанов.

Нұржанның жеңісі кездейсоқтық емес, еңбек. Ол залға 3-сынып оқып жүргенде келді. Әр жеңісі үшін тер төкті. Әр жеңілісінен сабақ алды. 2013 жылы Оралдағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп интернатына оқуға түсті. Кейін Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатқа ауысты. Бүгінде еркін күрестен спорт шебері, - дейді алғашқы жаттықтырушысы.

Айта кетейік, Нұржан Исағалиев осыған дейін еркін күрестен жастар спартакиадасында ҚР чемпионаты мен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы ел жарысында күміс жүлдегері атанған еді.

2022 жылы ересектер ҚР чемпионы атанды. Алтын медаль биыл да Нұржанның мойынына бұйырды.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале