6.03.2024, 9:30
Оқылды: 132

Ақталған желтоқсаншының ісі «аса құпия» белгісімен сақтаулы келген

Ақжайық ауданы Ілбішін ауылының тумасы Гүлзада Қалелова Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп танылып, «Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңы негізінде толық ақталғанын осыған дейін хабарлаған болатынбыз.

желтоқсаншы гулзада

Осыған орай оның туған жерінде ауқымды  шара өтті. Аудан орталығынан басталған еске алу шарасына Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, Алматы қаласынан арнайы келген «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Бейсенбай Сейфолда, «Patriot 1986» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Ережолла Орынғалиев, «Aqjayiq» телеарнасының журналисі Мұнайдар Балмолда, «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» қоғамдық ұйымының құрылтайшысы Ақкүміс Ықласова, сонымен қатар Орал өңіріндегі желтоқсаншылардың басын біріктірген «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық бірлестіктің төрайымы Күнзила Мақсұтова мен Гүлзада Нәбиқызының інісі Мереке Халелов қатысты.

IMG_8527

Шараға жиналғандар алдымен  аудан орталығындағы Жұбан ақынның рухына тағзым етіп, оның ескерткішіне гүл шоғын қойды. Ауданға келген меймандар «Желтоқсанның жебесі» атанған ақиық ақын, сол күндері алаңда азап шеккен қазақтың қаракөздеріне араша түсіп, биліктен тайсалмай айып таққан Жұбан Молдағалиев атындағы орталықты аралап шықты.

IMG_8574

Есімі ақталған Гүлзада Нәбиқызының қабірінің басында оның рухына құран бағышталды.

Гүлзада Халелова Ол Лбішін ауылында 1969 жылы дүниеге келіп, 1984 жылы осындағы сегізжылдық мектепті бітірген. Алматыдағы кинотехникумға оқуға  түсіп, сонда оқып жүргенде, Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Абақтыға қамалған 17 жастағы бойжеткеннің басына қатты соққы тиіп, соның салдарынан 1987 жылдың ақпан айында  қайтыс болған. Оның құжаттары осы күнге дейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында «аса құпия» белгісімен сақтаулы келген.

IMG_8632

Ілбішін ауылында Гүлзаданың тума-туыстары, замандастары қатысуымен «Қыршын кеткен қаһарман» атты еске алу шарасында Желтоқсан оқиғасынан кейін жала жабылып, еліне темір табытпен сүйегі оралған қыздың тағдыры, ақтап алу үшін атқарылған қам-қарекет кеңінен баяндалды.

– Түсіне білсек, бүгінгі шараның мағынасы салмақты, маңызы ерек. 38 жылдан бері ақталмай келе жатқан Гүлзада жерлесіміздің есімі жағылған жаладан арылып, Қайрат, Сәбира сынды Желтоқсанның батырларына теңестірілді. Осы ретте сан мұрағаттан дерек-дәйек сүзген ардагер-ұстаз Алдаберген Сәрсеков ағамыздың да қарындасының рухын жаңғыртуға, жаладан арылуына арнаған өлшеусіз еңбегін атап өтуіміз керек. Барша Ақжайық жұртшы, Желтоқсанда биліктен елдің еркіндігін талап еткен қыз-жігіттерді жоғары мінберден жақтаған Жұбан ақынның елі атынан қаршадайынан қыршыннан қиылған бойжеткен есімін ақтап алғандарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Біздің ауданда сол кезде Алматыда білім алып, Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың 18-і қазір ортамызда. Олардың ерлігі, елжандылығы, ұлтқа адалдығы әрдайым насихатталып, кейінгі ұрпаққа сабақ етіледі. Осылай болуы да керек, себебі «елім» деп жүрегі елеңдеген аға-апаларының ізін басқан келешек буын  патриотизмді, отансүйгіштікті, міне, тап солардан үлгі алып, сіңіреді, – деді аудан басшысы шарада.

IMG_8620

Ол Гүлзада Халелованың ісін алғаш тауып, басылым беттері, телеарналар арқылы жерлесінің кінәсіздігі туралы жар салып, ақталуына сеп болған ардагер-ұстаз, өлкетанушы Алдаберген Сәрсековтің иығына шапан жауып, алғысхат табыс етті. Сонымен бірге Сонымен бірге М.Сердалин Алматыдан шараға арнайы келген Б.Сейфолда мен К.Мақсұтоваға Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығы жинақталған кітапты табыс етті.

Шарада жазықсыз құрбан болған Гүлзада Халелова туралы деректерді А.Сәрсеков ортаға салды.

– Гүлзаданың ісі жөніндегі құжаттарға 1997 жылы кез болдық. Мақсат өзгеше еді – облыстық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына 1930 жылдары сталиндік репрессияға ұшыраған жерлестеріміз туралы дерек іздеп барғанмын. Ойламаған жерден қолымызға тиген хаттамада Гүлзаданың желтоқсан оқиғасынан кейін ұсталғандығы, заң орындарына берген жауаптары жазылған екен. Таныс болмасақ та, еліміздің тәуелсіздігі жолында қыршын кеткендердің қатарында біздің ауданнан да бар екенін ойлап, «мынау керек болады-ау» дегендерін көшіріп жазып алдық. Ойымызда басқа бөтен ой болған жоқ. Алайда мұрағаттан шығарда есік алдында отырған кезекші: «Мұны алуға болмайды», – деп, бәрін сыпырып алып қалды. Аудан орталығына келген соң туған-туыстарын іздестірдік. Анасы Қалампыр көзі тірісінде «Қызымның ақталуына көмектесші» деп, «маскүнем, жезөкше, нашақор» деп тағылған жаманаттан арылтуын өтінген-тін, – деді ол.

IMG_8616

1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандары үшін жауапқа тартылған азаматтар өздерінің бірлестіктерін құрып, жазықсыз қараланғандардың есімдерін анықтап, ақтау мақсатында жұмыстануда. Әрине, бұл іс үлкен ыждағаттылықты, күш-жігерді талап етеді. Осы қиындықтарға қарамастан, Гүлзада сынды қыршын кеткен қыз-жігіттердің толық ақталуына бағытталған жұмыс жалғаса беретінін Б.Сейфолда, А.Ықласова, К.Мақсұтова, М.Балмолда, марқұммен Алматыда бірге оқыған құрбысы Светлана Нұрманова, желтоқсаншы  Бауыржан Шұғыл айтты.

Б.Сейфолда Ақжол ауылдық округінің әкімі Дәурен Нұрқожаға Г.Халелованың ақталғанын растайтын құжат, марқұмның фотоларын табыстады.

Кездесудің соңында Гүлзада Халелованың інісі Мереке Нәбиұлы апасы туралы естеліктерін ортаға салып, оның есімінің ақталуына үлес қосқан баршаға ақжарма алғысын ақтарды. Марқұмның құрбы-құрдастары Алматыдан келген меймандарға арнайы сый табыстады.

Әлия Шарапиева,

фотоға түсірген Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале