15.04.2026, 23:00
Оқылды: 0

Жуырда Теректіде жаңа жоба: әзілмен өнердің ұштасуы

Апта басында өңірімізге шығармашылық іс сапармен Ақтөбе қаласынан келген «Екі езу» сатира театрының негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлыбек Жұбатқанмен және режиссер-актер Бекбол Татебаевпен аудандық мәдениет үйінде кездесу өткен болатын.

670426364_18216073627316896_1130302565263887542_n

Аталмыш іс-шарада аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы Арман Сағидоллин сөз сөйлеп, ұжыммен таныстыра отырып:
- ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлыбек Хайруллаұлы мен актер Бекбол Татебаев сатира жанрындағы ұзақ жылдық тәжірибесін бөлісу үшін келді. Біздің облыста бұл жанр қатты дамымаған. Бұл кездесу мақсаты тәлім-тәрбие, сахналық тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарын өткізіп, Теректі ауданында сатира жанрын қалыптастыруға бағытталған. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, осы жұмысқа білек сыбана кірісіп, нәтиже көретіндей, бойларыңыздағы өнерді көрсетуге жақсы мүмкіндік туып тұр. Біз қазір Республикалық деңгейдегі сатира жанрының өкілімен кездесіп отырмыз, бұл салада біліктілігімізді арттыруымыз керек» деп ұжымын табыстап, игі бастамаға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Арман Рахметоллаұлы Нұрлыбек Жұбатқанның Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Лұқпан Есеновтің шәкірті екенін тілге тиек етіп, қазіргі уақытта әзілдерді таңдау, актерлерді бөлу сынды қызықты жұмыстарға кірісіп кеткені жөнінде айтып өтті. Мәдениет үйі басшысының айтуынша, алдағы уақытта «Екі езу» сатира театрымен тығыз байланыста жұмыс істеп, болашақта жобаның тұсаукесеріне қонақ болып келеді.

Қос театрдың бірлескен жобасы

670531628_18216073645316896_1050756317439163037_n

Өз кезегінде «Екі езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі әрі Қазақстан журналистер одағының мүшесі Н.Жұбатқан тілдесу барысында Теректі өңіріне сапары жөнінде былай деді:
-Осыдан бір ай бұрын Арман Рахметоллаұлы хабарласып, «Теректіде сатира жанрын қолға алайық, бізде өнерлі қызметкерлер бар» деп қолқа салған болатын. Бір жағынан қуандым, бізге де осы саланың көбейгені жақсы. Сатира жанры қазір кенже қалып келе жатыр, көп жерде жоқ, болса да саусақпен санарлық. «Қолымыздан келгенше қолдау білдірейік» деп келіп отырмыз. Басында керегі – қызықты материал. Біз репертуарымыздан артылғанын жинақтап алып келіп отырмыз. Әртістерді таңдау да оңай емес, бұл жанр кімге жақын, кімге қызық екені уақыт өте көрінеді. Осы уақыт аралығында 5 нөмірдей дайындап, жобасын жасап, сахналық форматын қойып берсек, ары қарай көркемдік жетекші және режиссермен бірге дамытады ғой. Ең бастысы біз іргетасын қалап кетуіміз керек. Келешекте жобаның ресми ашылуына қонақ ретінде қатысамыз. Сонымен қатар басқа да аудандарды араласақ деген ойымыз бар. «Екі езу» театры 2000 жылдары Оралға көп келіп едік, айлап жүріп аралайтынбыз. Бұл жаққа келмегенімізге біраз болды. Қазір гастрөлге көп шығып жүрген жоқпыз, - деп әңгімесімен бөлісті мейманымыз. Сұхбат барысында кенже қалып келе жатқан жанрға қатысты:
- Сатира тек қана күлдірмейді, оның айтатын ойы бар, астары бар. Тек оны күлкі арқылы жеткізеді. Жеткізудің әртүрлі формасы болады, ал әзілдің 70-80 форматы бар. Халықты күлдіру қазір оңай емес, бәсекелестік жоғары. Қазір тез күлдіретін «Жайдарман» бар. Көрермен соған үйреніп кеткен, бәрі тез-тез болғанын қалайды. Ал бұл жанрға жоғары дайындық, жақсы материал және өнерлі актерлар керек,-деді белгілі сатирик. Тілдесу кезінде сахналық қойылым тақырыптары өмірден алынатыны жеткізіліп, өмірдің өзі сатира екені және жүрген жерде идея өзінен - өзі келетіні айтылды. «Оны тек байқай білу керек»,-деді сатира театрының негізін қалаушы.

«Сатира тек күлдірмейді, оның айтатын ойы бар»

Осы тақырып төңірегінде біз әзіл – сықақ театры мен сатира театрының айырмашылығын білдік. Нұрлыбек Жұбатқанның айтуынша, әзіл – сықақ театры жеңіл қалжыңмен көрерменге тек көтеріңкі көңіл күй сыйлауға бағытталса, сатирада қоғамдық келеңсіздіктер ащы мысқылмен сыналып, кемшіліктерді түзету, сын айту, әлеуметтік өзекті мәселелерді көтеру көзделеді екен. «Сатира ащы болады, халық мүлдем күлмеуі мүмкін. Бұл жанр қарқылдатып күлдірмейді, ол тек шымшып отырады. Сатира - тікелей бетіңе айтатын, қамшылайтын қару. Ал қазақы қалжың нағашы мен жиен арасы сияқты, отбасылық, тұрмыстық әзілдерден құралған. «Екі езуді» сатира театры деп атайды, біз көбінесе қоғамдағы ащы дүниелерді сахналық форматқа саламыз. Халыққа өткізу үшін дұрыс форматын табу керек», - деді мәдениет қайраткері. Әңгімелесу кезінде қазір әлеуметтік желілер дамыған заман екені айтылып, қолдағы телефонды дұрыс қолданып, өз видеоларын желілерде жариялау керек екені атап өтілді. «Алматы, Астанада тұру міндетті емес, ауылда тұрып та жұлдыз болып жатыр. Талант болса, халық көтереді»,-деді өз сөзінде сұхбаттасушы. Сондай-ақ әзілге қойылатын талаптар жөнінде көркемдік жетекші былай деп бөлісті: «Әзілде біреудің кемшілігін бетіне басып, мазақ қылып, жекеге өтуге болмайды. Бұрын журналдарда шартты түрде фельетон жазылатын, қазір шартсыз түрде жазылады, яғни аты-жөнін айтпайды, жанамалап жеткізеді. Сахнаға қойылар кезде бәрін талқылап сұрыптаймыз». Сатира жанрының маңызы туралы Қазақстан журналистер одағының мүшесі Нұрлыбек Хайруллаұлы: «Қоғамдағы кемшілікті сатирамен астарлап, «осындай болмау керек» деу арқылы көпшілікке көрсетіп, алдын аласың. Халық неге күледі? Ол өзін, шындықты көргеннен кейін күледі. Өмірден алған дүние әрдайым өтімді. Қазақстанда Мұхтар Шерім деген өте мықты сатирик бар. Ол кісі қазір жасы 70-ке келіп қалды. Әлі де шығармашылық байланыстамыз. Өзім осы сатираға қызықтым, осы жанрды көбірек көрсетеміз. Тастанды балалар, қарттар үйі туралы миниатюраларда халық көзіне жас алды. Сатираның мақсаты - не күлкімен, не жылатып жеткізу»,- деп бөлісті. Одан бөлек актер әзілдің шығуы жөнінде: «Ел аралап жүріп, әртүрлі адамдармен танысып, олардың әңгімесінен жаңа ойлар туындайды, кейін тақырыпты одан әрі өрбітіп алып кетеміз» дей отырып, «Бүгін өз қорларымыздағы әзілдерімізді алып келіп отырмыз. Өнерде шекара жоқ, мәдениет үйі болғандықтан барлық жанрды қамтығаны дұрыс, осы жоба іске асып кетсе, қуанамыз»,-деп әңгімесін қайырды.

WhatsApp Image 2026-04-15 at 18.12.58

«Өнерде шекара жоқ»

Бір аптаға созылған шеберлік сабақтары жайында халықтық «Дат» театрының әртісі Қадырғалиева Кәмшат:
- Дайындықтар күнделікті уақытымен өтіп жатыр, берілген рөлдер өзіме ұнады. Мен екі миниатюрада бой көрсететін боламын. Бұл жерде әр әзілдің астары, айтар шындығы бар. Әзірлік барысында бірнеше тақырыптар оқылып, актерлер ойнатылып, рөлдер бөлінді. Ары қарай өзіміз жетілдіруіміз керек. Өзім өмірде көңілді жүретін адам болғаныммен, басында комедияны ойнау, халыққа жеткізу, күлдіру қиындау болды. Алайда күнделікті дайындық пен тәжірибелі жол көрсетушілердің арқасында көп нәрсе үйреніп, тәжірибе жинадық,-деді.
Апта аяғында Ақтөбеден келген мейманымыз, 28 жылдық тарихы бар көрермен көзайымына айналған “Екі езу” сатира театрының көркемдік жетекшісі және Қазақстан журналистер одағының мүшесі Нұрлыбек Хайруллаұлын Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова арнайы қабылдап, алғыс білдірді.
Осы уақыт аралығында көрермен назарынан тыс дайындық барысында қоғамдағы өзекті мәселелерді әзілмен жеткізетін әртүрлі репертуарлар ортаға салынып талданып, әртістер таңдалып, қойылым сахналанды. Бір аптаға жуық жалғасқан тәжірибе алмасу жұмада өз мәресіне жетіп, 5 тақырыпта миниатюра қойылып, аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы Арман Рахметоллаұлы қабылдап алды. Сонымен қатар Н.Жұбатқан мәдениет үйіне сатиралық туындылар жинағы бар бірнеше кітаптарын сыйлыққа тарту етіп, өзара ілтипат алмасты.

657371381_18216073546316896_6412284066606640922_n
Бұл шеберлік сабақтар - өнерпаздардың жаңа қырынан ашылып, шығармашылықта жаңа бағытты танып білуіне керемет мүмкіндік. Аудан жұртшылығын сахналық қойылымы, талғамы және ерекше көзқарасымен таң қалдырып келе жатқан халықтық “Дат” театрының әртістері жуырда сахнаға жаңа серпіліс әкеліп, теректіліктерді қуантпақ.

Қаламқас Аманжолқызы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале