16.04.2024, 11:57
Оқылды: 152

Өңеш обыры өршіп тұр

Облыста өңеш обыры асқынып тұр. Жыл сайын өңештің қатерлі ісігімен ауыратын 100-120-дан астам науқас анықталады. Өңірге келген Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ мен  «MIG-Қазақ­стан» ядролық медицина орталығының мамандары осы ауруды емдеудің тың тәсілдерімен бөлісті. Жергілікті дәрігерлермен бірге осы саладағы өзекті  мәселелерді талқылады.

фото мади салык3

Мамандар облыстық онкологиялық дис­пансерде «Өңештің қатерлі ісігін емдеудің заманауи тәсілдері. Радиотерапия­ның рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Мә­селен, Қазақ ОРҒЗИ жалпы он­кология орталығы­ның бас­шысы Руслан Расқа­лиев өңеш қатерлі ісігін емдеудің заманауи тәсілдері жөнінде баяндады. Ал осы мекеменің маманы Виктор Ким қатерлі  дертті сәулелік терапиямен емдеу жолдарына тоқталды.

Облыстық онкология диспансерінің хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, меди­цина ғылымдарының докторы Тайман Аманов «Өңеш қатерлі ісігіне ота жа­сау ба­рысында тігіс салу тәсі­лі» ат­ты авторлық әдісімен бөлісті.

фото мади салык5 риза боранбаева

– Алма­ты,  Шымкент  және  Орал қа­лаларын­да ядро­лық медицина­лық орталықтар  жұмыс істейді. Бұл орталықтарда қатерлі ісік ауруына  шалдыққан науқастарға ком­пьютерлік томография (КТ) және позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) зерттеулері жүргізіледі. Онкологиялық ауруларға заманауи жабдықтармен диагностика жасалады. Науқастарды сәулелік терапиямен емдейді. Облысқа келген сапарымызда «Қаз ОРҒЗИ» мамандары өңеш қатерлі ісігіне шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады. Жалпы ядролық медицина орталықтарының онкологиялық диспансерлердің жанында орналасуы науқас­­тарға өте қолайлы. Олар өзде­рі ем алып жатқан диспансердің ішінде ем-дом қабылдайды. Қатерлі дертке шал­дыққандарға барлық ота мен ем-шара тегін жасалады, – де­ді  «MIG Қазақстан» ядролық медицина орталығының бас директоры Риза Боранбаева.

Мамандардың мәліметінше, өңеш обыры елімізде он­кологиялық аурулардың арасында 10-орында тұр. Жыл сайын осы індетке шалдыққан 1300-ден астам науқас тіркеледі екен. Облыстық он­кологиялық диспансер дирек­торының орынбасары Нұрлан Төлемісовтің ай­туынша, өңірде әр жылда өңеш обырымен ауыратын науқастар 7-10 пайызға артып отыр. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті.

фото мади салык4 нурлан толемисов

«Өңірде өңеш обыры ерлер арасындағы өкпе обырынан кейінгі екінші орында тұр. Бұл дерттің нақты неден пайда болатынын дөп басып айту қиын. Сусындарды, соның ішінде шайды үнемі ыссылай ішу соның бір себебі болуы мүмкін. Яғни өңештің шырышты қабаты тітіркеніп, зақымданады. Біз темекі шегудің өкпеге зиян екенін жиі айтамыз. Алайда  темекі өнімдері асқазан-ішек жолдарына, өңешке де зиян. Адамдар ағзадағы өзгерістерді, дертті алғашқыда байқамайды. Тек қатты тағамдарды жұтудан қинала бастағанда шағымдана бастайды. Өңеш обыры негізінен 55 жастан асқан адамдарда анықтала­ды. Бұл ауруды хирур­гиялық, сәулелік және хи­мия-терапиялық емдеудің өзіндік қиындықтары бар. Емдеу оңай емес. Науқастардың көпшілігі ауруды асқындырып алған соң, III-IV кезеңдерінде дәрігерге көрінеді. Ал ол кезде іс жүзінде бірдеңе істеу мүмкін емес. Ал алғашқы екі кезеңдерінде қиын болса да, бірнеше рет ота жасалады. Онкологиялық диспансердің жанынан ашылған ядролық медициналық орталық науқастарды сәуле терапиясымен уақтылы емдеуге, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр», – деді Н. Төлемісов.

Айна  Имашева, 

zhaikpress.kz

Фото: Мәди Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале