Облыста өңеш обыры асқынып тұр. Жыл сайын өңештің қатерлі ісігімен ауыратын 100-120-дан астам науқас анықталады. Өңірге келген Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ мен «MIG-Қазақстан» ядролық медицина орталығының мамандары осы ауруды емдеудің тың тәсілдерімен бөлісті. Жергілікті дәрігерлермен бірге осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Мамандар облыстық онкологиялық диспансерде «Өңештің қатерлі ісігін емдеудің заманауи тәсілдері. Радиотерапияның рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Мәселен, Қазақ ОРҒЗИ жалпы онкология орталығының басшысы Руслан Расқалиев өңеш қатерлі ісігін емдеудің заманауи тәсілдері жөнінде баяндады. Ал осы мекеменің маманы Виктор Ким қатерлі дертті сәулелік терапиямен емдеу жолдарына тоқталды.
Облыстық онкология диспансерінің хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Тайман Аманов «Өңеш қатерлі ісігіне ота жасау барысында тігіс салу тәсілі» атты авторлық әдісімен бөлісті.

– Алматы, Шымкент және Орал қалаларында ядролық медициналық орталықтар жұмыс істейді. Бұл орталықтарда қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастарға компьютерлік томография (КТ) және позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) зерттеулері жүргізіледі. Онкологиялық ауруларға заманауи жабдықтармен диагностика жасалады. Науқастарды сәулелік терапиямен емдейді. Облысқа келген сапарымызда «Қаз ОРҒЗИ» мамандары өңеш қатерлі ісігіне шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады. Жалпы ядролық медицина орталықтарының онкологиялық диспансерлердің жанында орналасуы науқастарға өте қолайлы. Олар өздері ем алып жатқан диспансердің ішінде ем-дом қабылдайды. Қатерлі дертке шалдыққандарға барлық ота мен ем-шара тегін жасалады, – деді «MIG Қазақстан» ядролық медицина орталығының бас директоры Риза Боранбаева.
Мамандардың мәліметінше, өңеш обыры елімізде онкологиялық аурулардың арасында 10-орында тұр. Жыл сайын осы індетке шалдыққан 1300-ден астам науқас тіркеледі екен. Облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Нұрлан Төлемісовтің айтуынша, өңірде әр жылда өңеш обырымен ауыратын науқастар 7-10 пайызға артып отыр. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті.

«Өңірде өңеш обыры ерлер арасындағы өкпе обырынан кейінгі екінші орында тұр. Бұл дерттің нақты неден пайда болатынын дөп басып айту қиын. Сусындарды, соның ішінде шайды үнемі ыссылай ішу соның бір себебі болуы мүмкін. Яғни өңештің шырышты қабаты тітіркеніп, зақымданады. Біз темекі шегудің өкпеге зиян екенін жиі айтамыз. Алайда темекі өнімдері асқазан-ішек жолдарына, өңешке де зиян. Адамдар ағзадағы өзгерістерді, дертті алғашқыда байқамайды. Тек қатты тағамдарды жұтудан қинала бастағанда шағымдана бастайды. Өңеш обыры негізінен 55 жастан асқан адамдарда анықталады. Бұл ауруды хирургиялық, сәулелік және химия-терапиялық емдеудің өзіндік қиындықтары бар. Емдеу оңай емес. Науқастардың көпшілігі ауруды асқындырып алған соң, III-IV кезеңдерінде дәрігерге көрінеді. Ал ол кезде іс жүзінде бірдеңе істеу мүмкін емес. Ал алғашқы екі кезеңдерінде қиын болса да, бірнеше рет ота жасалады. Онкологиялық диспансердің жанынан ашылған ядролық медициналық орталық науқастарды сәуле терапиясымен уақтылы емдеуге, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр», – деді Н. Төлемісов.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz
Фото: Мәди Салық