23.05.2024, 23:00
Оқылды: 54

Жоспарлы жұмыстар бақылауда тұр

Тасқала ауданына қарасты Ақтау ауылдық округінде аудан әкімінің тұрғындармен есепті кездесуі өтті. Алдымен округ әкімі Бауыржан Имашев жыл басынан бері ауылда атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоспарын бөлісті. Бауыржан Имашев сондай-ақ округте ауыл шаруашылығы саласында шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту арқылы инфрақұрылымдарды жаңарту, ауылды абаттандыру бағытындағы жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады.

IMG_5372

Одан әрі аудан әкімі Талғат Шакиров ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, Ақтау ауылында жүзеге асатын құрылыс жайын тілге тиек етті. Сонымен қатар ауылдардың санитариялық тазалығы, абаттандырылуы, әсіресе, жасөспірімдерге берілетін ұлттық тәрбиені одан әрі дамыту сынды маңызды мәселелерді қозғады. Осы бағытта ауыл активіне түрлі іс-шараны іске асырып, түсіндіру жұмысын жүргізу жайлы тапсырма жүктеді. Түстен кейін кездесу Қосшы ауылдық округі мен Кеңжайлау елді  мекенінде өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин қатысып, ондағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Жиында тұрғындар тозығы жеткен электр сымдарының кішкене жел тұрса үзіліп, істен шығып қалатынын тілге тиек етті. Одан бөлек жол жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Тұрғындар жаңбырлы кездері жолдың езіліп, көліктің қатынауына кедергі келтіретінін алға тартты. Айта кету керек, көшпелі әдіспен салынып жатқан Оян ауылының жолы биыл толықтай аяқталмақ. Аталған мәселеге қатысты пікір білдірген аудан әкімінің орынбасары елді мекендегі жағдайдың өзіне таныс екенін айтты. «Жарық мәселесіне келетін болсақ, ол – күрделі мәселе. Ауданда да, облыста да өзекті. Алдағы уақытта бұны да ретке келтіреміз», – деді Рауан Бисенғалиұлы.

IMG_5410

Осындай бағыттағы жиын Амангелді және Атамекен ауылдарында жалғасын тапты. Алдымен елді мекендерді аралап, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түрген Талғат Асқарұлы су тасқыны салдарынан көптеген жоспарлы жұмыстың, соның ішінде құрылыстың тоқтап тұрғанын тілге тиек етті. Кейбіреуі қаражатқа келіп тірелсе, кейбір жұмысты жүргізу үшін ПГС-тің тапшылығы қолбайлау болып тұрғанын жасырмады. Бірақ оны сылтауратып отыра бермей, көршілес Ресей жерінен құм алдыру үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Одан бөлек ауданда облыс әкімінің бастамасымен «Қаладан – ауылға» жобасының іске қосылғанын да жеткізді. Қысқы мал азығын дер кезінде жинап алу керектігін де алға тартты. Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі Достық ауылында жалғасып, нүктесі Тасқала ауылдық округінде  қойылды. Жиында Талғат Шакиров бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Сонымен бірге ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне шолу жасады. Тұрғындар ауыл тазалығы, жарық мәселесі, жол қауіпсіздігі, бөгеттерді қалпына келтіру секілді мәселелерді көтеріп, сауалдарына жауап алды. Кездесулердің барлығына аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева мен дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты. Жиыннан соң барлық ауылда аудан әкімі мен мекеме басшылары жеке қабылдау жүргізді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Кеңтоғаева тұрғындарға берілетін тұрғын үй көмегі туралы түсіндіріп өтті.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале