13.06.2024, 13:00
Оқылды: 16

Жәнібекте арулар байқауы өтті

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде жыл сайынғы дәстүрге айналған «Кішкентай ханшайым-2024» арулар байқауы өтті.

70EC2EAA-3E7C-4EE4-9F15-7CB2B58D5D88

Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамды қалыптастырып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптей отырып, инабаттылық пен ізеттілікке тәрбиелеп, көпшілік алдында өзін-өзі ұстау, өнерлері мен бойларындағы қабілеттерін ашуға көмектесетін шараға Қамысты, Тау, Ақоба, Ұзынкөл, Күйгенкөл, Жақсыбай, Жәнібек ауылдық округтерінен келген 7-10 жас аралығындағы ханшайымдар бақ сынады.

«Мен елімнің қызымын», «Мен анамның жалғасымын», «Менің әдемі көйлегім», «Өнерден де қалыс емепін» сынды төрт кезеңнен тұратын сайысты аудандық демалыс орталығы әдістеме бөлімінің басшысы Айымжан Егеуова бастаған қазылар алқасы бағалады.

Сайыстың шымылдығын талантты бүлдіршін «Арт Бәйтерек» халықаралық байқауының, «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауының I дәрежелі диплом иегері Әлия Тұрарова әсем әнімен ашты.

Он үш ару бақ сынаған сайыста өнерімен топ жарып, оқ бойы оза шапқан мықтылар өздерін көрсетіп, жүлделі орындарын қанжығасына байлады.

981CD903-4AF4-466B-B519-6B67EE8608EC

Соның ішінде үздік өнер көрсетіп жүлделі III орынды Тау ауылынан келген Жаннұр Алтай иеленсе, II орынды жәнібектік Дарина Қайырбекова иеленді.

Тартысты болған сайыста бірінші орын мен бас жүлде қызу талқыға түсті. Нәтижесінде жүлделі I орынды Ұзынкөлдің үздігі Сәбина Бекболат алса, бас жүлдені Ақоба ауылының намысын қорғап келген Мейірім Мұхтар жеңіп алды.

Қатысушы кішкентай ханшайымның барлығына алғысхат беріліп, естелік сыйлықтар табысталды.

Арай Сейфуллиева

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале