Тәртіп сақшысы дегенде, ойымызға әдемі киінген, тап-таза адам елестейтіні жасырын емес. Бірақ ол қызметтің де біз білмейтін, көрмейтін қиындығы бар. Кейіпкеріміз осы жөнінде толығырақ баяндады.
– Тәртіп сақшысының бойында жауапкершілік, жұмысына адалдық, өз-өзіне сенімділік, ұқыпты болу секілді қасиеттер болуы керек. Кез келген полиция қызметкерінің басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті ретке келтіру, қылмыстың алдын алу және болдырмауға жұмыстану. Сондай-ақ мемлекетке адал болуы да басты парыз. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Біздің жұмысымызда дәл солай. Күні-түні тұрғындардың тыныш өмірі үшін жұмыстанамыз. Берілген кез келген тапсырманы бұлжытпай орындауға барымызды саламыз. Әр ісімізге халық төреші. Ел алдындағы міндетімізді адал атқару – парызымыз, - деді Әлібек Сатаев.
Бәрімізге белгілі, полиция қызметкерлері ең бірінші кезекте құқық бұзған жанға қоғам алдындағы жауапкершілікті түсіндіреді. Халықты оқыс жағдайлардан қорғайды және алдын алады.
Әлібек Ғаббасұлының айтуынша, күнделікті қызметтері таңғы сағат 07.40-та басталады екен. Алдымен Теректі аудандық полиция бөлімінің бастығы Кенжебек Абушахманұлының қабылдауында болып, күннің жоспарымен танысады. Ал сағат 8.00-де кезекшілігін қабылдап алады. Содан соң уақытша ұстау изоляторының камералары мен бөлмелерін, техникалық күзет құрал-жабдықтарын, күзет-дабыл байланысы мен өрт дабылын тексереді. Изолятордағылардың хал-жағдайын біліп, таза ауаға серуенге шығарады.
– Қарбалас тіршілікпен өтіп жатқан қызметім өзіме қатты ұнайды. Жуырда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың атынан алғысхатқа ұсынылдым. Қызмет бабында әріптестерімнен үйренерім көп. Олар әрдайым қолдап, білмегенімді түсіндіріп отырады. Қазіргі уақытта халық пен полицияның арасында болып жатқан түрлі жайттарды әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Хабарлардың ақ-қарасын ажыратып алмай, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген қызметкерлерге топырақ шашудың қажеті жоқ. Қоғам халықтан құралады. Әр адам өз ісіне жауапкершілікпен, өз ұлтына махаббатпен қараса, бәрі жақсы болады. Осы елдегі барлық адам елдің тыныштығы мен тұрақтылығына атсалысуы керек, - дейді сержант мырза.