22.06.2024, 12:00
Оқылды: 117

«Әрбір мамандықтың өз қиындығы мен қызығы қатар жүреді» – Нұрхат Досқалиев

Теректіліктер үшін Нұрхат есімі жақсы таныс болуы керек. Аудандық полиция бөлімінде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер инспекторы, полиция аға лейтенанты болып қызмет атқаратын Нұрхат Досқалиев үнемі мектеп оқушыларымен тығыз байланыста отырып, ақыл-кеңесін айтып, қол ұшын созуға даяр тұрады.
 7BBD46A8-D707-4F00-A15D-4D82B018C54F
Нұрхат Махамбетұлының негізгі мамандығы – мұғалім. 2008 жылы мектеп бітіріп, Батыс Қазақстан облыстық гуманитарлық колледжінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алған.
Ал 2010 жылы Өскемен қаласында әскери борышын өтеген. Еңбек жолын Ақсай қаласында мұғалім болып бастап, кейін Теректі аудандық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығында, одан соң Орал қаласындағы «Жайық» спорт клубында қызметін жалғастырған.

– Қазіргі таңда сақшы болу – абыройлы іс, беделі жоғары мамандық. 
Өйткені әрбір Қазақстан Республикасының азаматының құқығын қорғау басты міндет. Қоғамдық тәртіп бұзушылықтар қадағаланбаса, ел ішінде одан үлкен дүрбелеңдер, қақтығыстар болуы бек мүмкін. Мен үшін тәртіп сақшысы – өз еліне адал, барша адамның құқығын заң шеңберінде қорғау мақсатында жұмыстанатын адам. Бала кезімнен әдемі киімге қызығып, әскери адам болуды армандайтынмын. Бүгінде сол арманым орындалды. Осы салаға келгеніме еш өкінбеймін. Әрбір мамандықтың өз қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Күн сайын бір-біріне ұқсамайтын оқиғалар болып жатады, - дейді Нұрхат Досқалиев.

Полиция қызметкері сұхбаттасу барысында басынан өткен қызықты сәтімен бөлісті. Айтуынша, Покатилов ауылдық округінде аумақтық рейд жүргізіп жүрген кезде, «Shacman» камазын тізгіндеген сол ауылдың азаматы жұмысына кедергі келтіріпті. Тоқтатса да, сөздеріне құлақ аспай, қаша жөнеліпті. Іс насырға шапқан соң, полиция қызметкерлері камаздың артынан көлікпен қуып жетіп, тоқтатады. Жүк камазын тізгіндеген азаматтың шарап ішкені анықталып, жауапкершілікке тартылады. Бұл тек бір ғана мысал.

Күнделікті қызыққа толы қызметін жақсы көретін Нұрхат Махамбетұлы жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылданады.

– Волейбол ойнағанды, ал қыс мезгілінде шаңғы тепкенді ұнатамын. 
Волейбол, футбол ойындарынан облыстық сайыстарда талай рет жүлдемен оралдық. Сонымен қатар көп ешкім біле бермейтін хоббиім – көкпар тарту. Бөрлі ауданында жұмыс жасап жүрген кезімде, көкпарға қатысып, жүлделі орынға ие болдым, - дейді полиция аға лейтенанты.

Нұрхат Махамбетұлы 2014 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде жары Мөлдір екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ол болашақта балалары өзінің жолын қуып, тәртіп сақшысы боламын десе, қарсы болмайтынын, әрдайым қолдайтынын жеткізді. «Себебі, әрбір ер азамат өз еліне, өз жеріне қызмет етуі керек. Отанға адал болуы тиіс», - деп сегіз қырлы, бір сырлы Нұрхат Досқалиев әңгіменің нүктесін қойды.
Балнұр Қанаева
Теректі ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале