25.07.2024, 12:45
Оқылды: 211

Импортты азайтып, экспортты арттыру керек

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы – ауылдағы халықтың негізгі табыс көзі және оларды жұмыспен қамтудың басым бағыттарының бірі. Біздің елде ауыл шаруашылығына жарамды жер қорының молдығы және ондай аумақтарда халықтың тығыз қоныстанбауы агросектордың көкжиегін кеңейтіп, әлеуетін арттыра түсетін фактор. Қазақстанның ауыл шаруашылықтық аумағы шамамен – 217 млн гектар (га). Оның ішінде егістік жерлер – 35 млн га (әлемде 10-орын және жан басына шаққандағы егістік жер-лер бойынша 2-орын), тыңайған жерлер – 13 млн гектар.

8-9_Страница_1

Қазақстан жер ресурстарына бай болғанымен, су қоры жеткіліксіз. Сол себепті біздің ел Еуразияда су ре-сурстарына зәру мемлекеттердің бірі саналады. Ел аумағының тек 2,8%-ы ғана сумен қамтылған, ал үштен екісі құрғақ аймақтар санатына жатады. Мемлекетіміз қазірдің өзінде су тапшылығын сезінуде және БҰҰ болжамдары бойынша Қазақстан 2040 жылға қарай барлық қажеттіліктің 50%-ы көлемінде су ресурстарының тапшылығына тап болуы мүмкін.

Климаттық жағдайларға қарамастан, өсімдік шаруашылығы елдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі бөлігін құрайды. Дәнді дақылдар тұрғысынан алғанда Қазақстан – әлемдегі жетекші бидай өндіруші және әлеуетті экспорттаушылардың бірі. Біздің елде ең көп таралған дәнді дақыл – жаздық бидай.

Бұл дақыл астық-ұн өндірісі мен нан өнімдерін өндіруде ерекше маңызға ие. Айта кету керек, елдегі жауын-шашын мөлшері бидай өсіру үшін жеткілікті, әсіресе, Солтүстік Қазақстанда. Дегенмен, Ресей мен Украинаның көрсеткіштерімен салыстыруға келмейді. Майлы дақылдардың ішінде күнбағыс тұқымын өндіру және экспорттау басым.

Сонымен қатар елде рапс, жүгері, қарақұмық, мақта, қант қызылшасы, зығыр, картоп, күріш, арпа, сұлы, сонымен қатар біраз бау-бақша дақылдары өсіріледі.

Қазақстанда мал шаруашылығы бойынша сиыр, құс, қой еті және сүт өнімдері өндіріледі. Бұл негізінен ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамта­масыз етуге толықтай жетеді. Мал шаруашылығының қолданы-стағы моделі көшпелі мал шаруашылығының тарихи дәстүрі негізінде қалыптасқан. Қазақстанның табиғи жайылымдарының ауданы – 180 млн га (Қытай, Австралия, АҚШ және Бразилиядан ке­йінгі әлемде 5-ші орын), ол жерлерде 30 млн-ға дейін мал басын өсіруге бо-лады. Қазір­гі уақытта жайылымдардың 30%-ы ғана пайдаланылуда.

Мал шаруашылығының құрылымында қой, сондай-ақ ірі қара мен жылқы өсіру басым. Шөлді және шөлейт аймақтарда түйе шаруашылығы кең таралған. Соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіруге  басымдық берілуде. Елде жұмыртқаға деген ішкі қажет­тілікті қамтамасыз ететін 65-ке жуық құс фабрикасы болса да, тұтынылатын құс етінің жартысына жуығы шетелден әкелінеді.

Жалпы, Қазақстанның ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті айтарлықтай. Мемлекет ірі нарыққа шығуға мүмкіндік беретін елдерге таяу орналасқан. Олар – Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, сондай-ақ Парсы шығанағы елдері. Сонымен қатар Украинадағы соғысқа байланысты қазіргі геосаяси жағдайды, сондай-ақ азық-түліктің жиі қымбаттауын ескере отырып, Орта Азия елдеріне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын одан әрі ұлғайту үшін айтарлықтай мүмкіндік бар. Шамамен есептеулер бойынша экспорттық әлеуетті 2030 жылға қарай жылына 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттырудың басты қиындықтарының бірі – тікелей теңізге шығу мүмкіндігінің болмауы. Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайтын әлемдегі ең ірі елдердің бірі және оның аумағы әлемдік мұхиттан ең шалғай орналасқан. Экспорттаушылар инфрақұрылымдық мәселелерге байланысты жоғары көлік және транзакциялық шығындарын төлемеу үшін басқа елдермен эко-номикалық қарым-қатынас жасауды жөн көреді. Көрші елдермен салыстырғанда аутомобиль жолдары-ның көп бөлігінің жағдайы (әсіресе, ауылдық жерлерде) нашар, ал ірі ауто­трассалардың жартысынан кө­бі жөндеуді қажет етеді.

Айтарлықтай әлеуеті мен бәсекелестік артықшылықтарына қарамастан, бүгінгі таңда Қазақстанның ауыл шаруашылығының даму қарқыны өте баяу. 2022 жылы Қазақ­станның ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі небәрі 5,2%-ды құрады. Сонымен қатар көрші елдерде бұл көрсет­кіш Қазақстанға қарағанда бірнеше есе жоғары (1-ақпаркесте).

2-ақпаркестеден көріп отырғанымыздай өсімдік және мал шаруашылығы бойынша  ішкі жалпы өнім көлемінде  тұрақты өсім байқалады. Дейтұрғанмен, осы саланың да өз мәселелері жетерлік. Мә­селен, өсімдік шаруашылығында әртараптандырудың деңгейі төмен, тұрақты белгілі бір дақылдарды жылма жыл егу, селекциялық жұмыстың жә­не тұқым шаруашылығы жүйесінің артта қалуының кесірінен өнімділігі төмен тұқымдарды егу арқылы өнім­нің өзіндік құнының жоғары болуы, топырақ құнарлылығының нашарлауы, суарғанда су үнемдеу технологияларын аз қолдану, техникалық және технологиялық жарақтандырудың төмендігі және тағы да басқалар.

Мал шаруашылығында да проблемалар баршылық. Мәселен, ұйымдастырылмаған форматта жұмыс істеп жатқан жеке қосалқы шаруашылықтарда малдың көп болуы, ауылдық елді мекендердің малы үшін жайылымдардың тапшылығы, азықтық базаның әлсіздігі, ауыспалы егістегі, суармалы жерлердегі азықтық дақылдар үлесінің төмен болуы, жайылымдық жерлердің тозуы. Сондай-ақ мал шаруашылығында білік­ті кадрлардың тапшылығы және тағы да басқа мәселелердің болуы осы салалардың қарқынды дамуына кедергі болып отыр. Осындай қиындықтарға қарамастан отандық ауыл шаруашылығы өнімдері 70 елге экспортқа шығарылады.

Нақтырақ айтқанда, ЕАЭО елдері, Иран, ЕО елдері, Түркия, Жапония, Корея, Грузия, Қытай, Моңғолия және басқа да алыс-жақын мемлекеттерге агротауарлар тасымалда­нады.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша айтатын болсақ, 2023 жы­лы бұл көрсеткіш шамамен 2,5 млрд долларды құрады, ал импорт – 1,2 млрд. Ең жоғары көрсеткіштер рекордтық өнімділікке байланысты 2022 жы­лы байқалды. Бұл өсімдік шаруашылығы өнімдері өнді­рі­сінің айтар-лықтай ауқымды екенін және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жартысынан көбі экспорттауға бек жа-рамды екенін аңғартады.

Өсімдік шаруашылығы экспортының шамамен 2/3 бөлі­гін бидай өнімдері құрайды. Сонымен қатар экспортта зығыр мен күнбағыс тұқымдары, арпа және кептірілген бұршақ дақылдары да басымдыққа ие. Импортта бидай мен күнбағыс тұқымдарының үлесі айтарлықтай жоғары. Бұл негізінен жергілікті ұн және май зауыттарының ресейлік арзан өнімдерді өңдеу үшін пайдаланатындарына байланысты. Көптеген жеміс-жидек түрлері мен гүлдер импортталады.

2023 жылғы мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты шамамен 1140 млн долларды  құрады, ал импорт – 2251 млн доллар. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жо­ғары. Жалпы мал шаруашылығы үшін керісінше кө­рініс байқалады. Сыртқы сау­да көрсеткіштері айтарлықтай аз, өйткені мал шаруашылығы өнімдері негізінен іш­кі тұтыну немесе өңдеу үшін қолданылады.

Мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша ірі қара мен қой еті басым, ал импортта сүт өнім-дерінің үлесі көп. Ірі қара малдың еті экспорттың жартысына жуығын, ал сүт өнімдері импорттың үштен бірін құрайды. Жалпы, біздің ойымызша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы саудасының негізгі проблемасы – экспорт көлемінің импорт көлемінен едәуір артта қалып отырғандығы. Атап айтқанда, бұл мал шаруашылығы өнімдері мен қайта өңдеу өнімдеріне қатысты. Мәселен, Қазақстан – ет пен ет өнімдерінің едәуір ірі өндірушісі, алайда осы санаттағы импорт көлемі экспорт көрсеткіштерінен әжептәуір асып түседі. Сонымен, 2023 жылы ет пен ет өнімдерінің импорты 331 миллион долларды құрады, ал экспорт тек 136 миллион доллар. Бұл ретте ет негізінен Бразилия, Аргентина, Уругвай және Парагвай сияқты Латын Америкасы елдерінен әкелінетінін айтып кету керек. Олар өте алыс, бұл сәйкесінше тым көп көлік шығынына ұрындырады. Бірақ соған қарамастан отандық өңдеуші кәсіпорындар бұл тауардың импорт көлемін азайтпай отыр.

Қазіргі таңдағы ауыл шаруашылығындағы қалыптасқан экономикалық өсім 2010 жылдан бастап ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында жүргізілген мемлекеттік саясаттың негізінде жүзеге асты деп айтуға болады. Мемлекет осы кезеңде экспортты қолдаудың орнына импорт­ты алмастыруға (өзін-өзі қамтамасыз етуге) назар аудара бастады. Импортты алмастыру – бұл сыртқы саудадағы отандық тауар өндірушілерді қолдауды жүзеге асыруымен танымал саясат. Мұндай саясаттың негізгі мақсаты шетелден импорттаудың орнына жергілікті тауарлар өндірі­сі ынталандырылады. Алайда халықаралық зерттеулер ұзақ уақыт бойы импортты алмастыру саясатын қолданған елдердің көпшілігі ешқашан бәсекеге қабілеттілігін нығайта алмағанын және ауыл шаруашылығы тиімділігінің төмендеуіне душар болғанын көрсетеді. Қазақстанда да экспорт көлемін ұлғайту бағытында жұмыстану керек деп ойлаймыз.

8-9_Страница_2

Біздің ойымызша, ауыл шаруашылығындағы кейбір мемлекеттік бағдарламаларды қайтып қарастырып, осы саладағы бәсекелестік пен тиімді жеке кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру қажет. Үкімет кәсіпкерлік, жеке инвестиция салаларының дамуына ықпал ететін бизнес ортаны құруға назар аударуы керек. Мұнда тиімсіз бизнес тез арада ти­імді бизнеспен ауыстырылады. Яғни бәсекелестігі төмен тауар өндірушіні жаңа бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік субьектісі ауыстыруы шарт. Секторда капитал мен еңбек ресурстарын қайта бөлудің нарықтық тетіктері аутоматты түрде жұмыс істеуі тиіс.

Мемлекеттік субсидиялар толығымен дерлік ауыл шаруашылығында инфрақұрылым мен адами капиталды дамыту жобаларына бағытталуы керек.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ білімді тарату және технологиялар мен ноу-хауды беру қызметтері түріндегі мемлекеттік қолдау, әдетте, ауылдық жерлерді дамытуға салынған барлық мемлекеттік инвестиция арасында тиімділіктің ең жоғары көрсеткіштерінің бірін қамтамасыз етеді. Себебі жаңа техника мен озық технологияларды пайдалану арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, пайда үлесін арттыруға болады.

Су қорының тапшылығы – отандық ауыл шаруашылығының ең көкейкесті мәселеле­рінің бірі. Айта кету керек, Қазақстанның су әлеуеті көлемінің 40%-дан астамы Ресей,  Өзбекстан, сондай-ақ Қырғызстанның сыртқы су көздері есебінен қалыптасады. Мұндай жағдайларда су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартудан және суды үнемдеу­ді ынталандырудан басқа, көршілес елдермен су ресурстарын бөлісу бойынша кооперацияны күшейту өте маңызды. Елдер трансшекаралық өзен-көлдерді тиімді пайдалануға негізделген келісілген іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, жүзеге асыруы керек.

Оған мысал ретінде кешегі болған су тасқынын айтуға болады. Су мәселелерімен айналысатын аймақтық құрылымдар да мүдделі тараптардың үлкен сенімін қажет етеді. Елдегі су және энергетикалық қауіпсіздікті мемлекетаралық деңгейде арттыру үшін су са­ласындағы ынтымақтастықты нығайтатын нақты қадамдарды бүгіннен бастау қажет.

Айгүл Қазамбаева

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, технологиялық даму орталығының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале