"1 қыркүйектен бастап еліміздегі 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала оқытылады, оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады", - деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
Фото: ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда өңірлерде оқулықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 90% құрайды. 20 тамызға дейін барлық оқулықтар өңірлерге жеткізіледі.
«Әкімдіктер тарапынан тегін тамақтандыруды ұйымдастыру үшін қажетті қаражат бөлініп отыр Яғни, 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатын болады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың балаға артық. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіліп келеді. Биыл 510 мың бала мектепке дайындалу үшін тиісті көмекпен қамтылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 22,6 млрд теңге қарастырылған», — деп мәлімдеді министр Ғани Бейсембаев.
Мектеп инфрақұрылымының қазіргі жағдайы
Бүгінгі таңда республика бойынша 7 859 мектеп жұмыс істейді. Оның 6 387-сі жақсы жағдайда.
«Дегенмен аймақтарда күрделі жөндеуді қажет ететін әлі де 1290 мектеп бар. Әсіресе, Жамбыл, Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында ең үлкен қажеттілік байқалады. Бұл мәселені 2027 жылға дейін шешуді жоспарлау қажет», — деп атап өтті министр.
Мектептердің инфрақұрылымын дамыту
Бірінші. Қолайлы орта құру мақсатында 280 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 222 мектептегі күрделі жөндеу жұмысы оқу жылының басына дейін аяқталуы тиіс. Ал, 58-де құрылыс-монтаждау жұмыстарының белгіленген мерзіміне сәйкес аяқтау көзделген.
Сонымен қатар Министрлік жүргізген мониторинг шеңберінде 15 нысанды күрделі жөндеу мерзімдерінің бұзылу тәуекелдері анықталды. Бұл Қарағанды, Алматы облысы, СҚО мен ШҚО және Алматы қаласы.
Екінші. Жаппай су тасқыны салдарынан барлығы 40 білім беру нысаны (11 балабақша, 22 мектеп, 7 қосымша білім беру нысаны) зардап шекті. Бүгінгі таңда қалпына келтіру жұмыстары 5 нысан бойынша аяқталды. Министрдің айтуынша, 16 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар 19 нысан бойынша тәуекелдер бар.
Үшінші. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында салынып жатқан мектептердің 20-сы мерзімінен бұрын биылғы 20 тамызға дейін іске қосылады. Жалпы, 2024 жылы 536,0 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.
«Бұл шаралар 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептердің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет», — деді Ғ. Бейсембаев.
Пәндік мың кабинетпен жабдықтау
Биыл 1383 робототехника, химия, биология, физика, STEM пәндік кабинеттерін сатып алу жоспарланған. Дегенмен, жоспардың орындалмау қаупі Алматы, БҚО, Қостанай және Ұлытау облыстарында байқалады.
Сондай-ақ шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 7 бағыт бойынша 1000 мектепті жаңғырту жоспарлануда.
Әр өңірге ауыл мектептерін жаңғырту бойынша көрсеткіштер бекітілді. Жоспардың орындалмау қаупі Алматы, Атырау, Павлодар, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында байқалады.
Сапалы интернетпен қамтамасыз ету
Мемлекет басшысының мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Оқу-ағарту министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жыл басынан мектептерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамту бойынша жаңа талаптар қойылды. Ғани Бейсебаевтың айтуынша, мектептердегі интернет сапасы 2023 жылдың басындағы 19%-дан 2024 жылы 90%-ға артты. Бұл жұмыс одан ары жалғасын табуда.
«Қазіргі уақытта Starlink спутниктері 1 879 мектептің 1 731-де орнатылған. 137 шекара маңындағы мектептерде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі терминалдарды жандандыру жұмысын жүргізуде. Дегенмен, Жамбыл, ШҚО, Атырау, Павлодар, Түркістан, БҚО және Ұлытау облыстарының әкімдіктері интернет жылдамдығы төмен мектептердегі мәселелерді тезірек шешуі тиіс. Бұл жұмыстар министрліктің қатаң бақылауында», — деді Ғ. Бейсембаев.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Мемлекеттің басым міндеті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау болып қала береді.
Өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесінің, бейнебақылау жүйесінің, турникеттердің және лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі талаптар күшейтілді. Алғашқы рет білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен барынша жарақтандыру қамтамасыз етілді. Ол үшін жергілікті атқарушы органдардың 2024-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспарлары бекітілді.
Еліміздегі мемлекеттік білім беру ұйымдарын жарақтандыру мақсатында келесі жұмыстар жүргізілді:
Мектептер маңындағы жол инфрақұрылымы
Білім беру ұйымдары маңындағы жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыруға баса назар аударылады. Екі министрліктің (Оқу-ағарту және Ішкі істер) бірлескен жоспары, сондай-ақ 2024-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспарлар іске асырылуда.
«Жоспар аясында 1873 жаяу жүргіншілер өткелін, оның ішінде бағдаршаммен реттелетін 563 жабдықтау, 1800 жасанды жол бұзушылықтарын, 20 мыңнан астам жаяу жүргіншілер қоршауын, 15 мыңнан астам жол белгісі, 2 400 автотұрақты орнату жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес 70% орындалды. Дегенмен, Атырау, БҚО, Қостанай облыстарында жұмыстар төмен қарқында жүргізілуде», — деп мәлімдеді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Техникалық және кәсіптік білім беру
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Бүгінгі таңда 145 мың грант бөлінді, оның 65%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы өткен жылғы деңгейден 50%-ға ұлғаяды.
Тиімді инфрақұрылым және колледждердің материалдық-техникалық базасын үнемі жақсарту маңызды рөл атқарады.
Материалдық техникалық базаны жаңарту белсенді қарқынмен жүргізілуде. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 104 колледждің МТБ-сы жақсарды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 64 колледжге артық.
Бұл базаның заманауи стандарттарға сай болуы және студенттерді оқыту мен педагогтердің жұмысы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуі маңызды.
2024 жылы 2 103 орынға арналған 8 жатақхана салу жоспарланған. Бүгінгі күні Павлодар және Түркістан облыстарында 259 орынға арналған 2 жатақхана пайдалануға берілді.
«Талдау нәтижелері өңірлерде қаладан тыс келген колледж студенттері жатақханалардағы орындармен жеткіліксіз қамтамасыз етілгенін көрсетіп отыр. Бұл Алматы қаласы, Астана және Ақмола, СҚО, Алматы облыстары, аталған аймақтарда жатақхана деген тапшылық байқалады», — деді министр.
Бұл тұрғыда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары әкімдіктермен, бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, басқа қаладан келген студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жаңа жатақханаларды салу, сондай-ақ, баламалы тәсілдерді ескере отырып, жалғастыру қажет.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы
Жастарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу мемлекет пен жалпы қоғамды дамытудың басымдығы болып саналады. 100% білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Биылғы наурыз айында Ұлттық құрылтайда белгіленген міндеттерге сәйкес Бағдарлама жаңартылды. Жаңартылған бағдарлама «Әділетті Қазақстан – Жауапты азамат – Прогрессивті ұлт» триадасы шеңберінде адамгершілігі жоғары, адал, табысты тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған.
«Жаңартылған бағдарлама шеңберінде білім алушыларда оң құндылықтар мен сапалы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған білім беру және тәрбие жобаларын, әлеуметтік практикаларды іске асыру жалғасатын болады», — деп түйіндеді баяндамасын Ғани Бейсембаев.