28.08.2024, 9:30
Оқылды: 177

«Сайлауға, сайлануға құқылысыз» – маман

Сайлау дегеннің сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға адам таңдау науқаны екенін бәрі біледі. Яғни, сайлау, күрделендіріп айтқанда, азаматтардың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны саналады. Адамдардың өз құқықтарын пайдаланатын тұсы да осы сайлау кезі. Осыған орай алдағы Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік мерекесі күні қарсаңында Бөрлі аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Қаржауовпен сұхбаттасқан едік.

713429F4-544F-494F-9F8F-1AA2E7048797

– Ерлан Аманжолұлы, әңгімені ҚР сайлау жүйесі және оның түрлерінен бастасақ.

– Әрине, сайлау – азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы елдің жаңа билік органдарын сайлауға мүмкіндік беретін заманауи саясаттың негізгі компоненттерінің бірі. Сайлаудың көмегімен азаматтар елдің саяси өміріне қатыса алады және үміткерлер арасынан сайлау арқылы өз таңдауын жасай алады. Өздеріңіз білетіндей, Республиканың сайлау жүйесінің қызметі Қазақстан Республика Конституциясымен және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен реттеледі. Сайлау құқығы Қазақстан азаматының сайлауға қатысу, сайлау жүйесінің барлық деңгейлеріндегі лауазымдарға сайлау және сайлану құқығын сипаттайды. Қазақстанда сайлау мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйелері бойынша өткізіледі.

Пропорционалды жүйеде депутаттық мандаттардың алынған дауыстар арасында пропорционалды бөлінуі байқалады. Бұл жүйемен ірі аумақтық округтер құрылады, кем дегенде екі саяси партия болуы қажет. Мажориталдық сайлау жүйесі абсолютті немесе салыстырмалы көпшілік принциптеріне негізделуі мүмкін. Салыстырмалы көпшілік сайлауға негізделген мажоритарлық жүйеде сайлау қанша адам қатысқанына қарамастан өткізілді деп саналады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР-ның Конституциялық заңы бойынша Қазақстанның әрбір азаматы мемлекетті басқару ісіне тікелей немесе өз өкілдері арқылы қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару орындарына жеке немесе ұжымдық өтініштер жасауға құқылы. Мемлекетті басқару ісіне азаматтардың қатысу формасының бірін Қонституция азаматтардың мемлекеттік органдарға немесе жергілікті басқару орындарына сайлауға немесе сайлануға құқылы екенігімен анықтайды. Сондай-ақ біздің елдің азаматтары республикалық референдумдарға қатысуға құқылы.

Конституцияның және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент Мәжілісінің, мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ аудандар мен қалалардың, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізіледі.

– Еліміздегі соңғы сайлау – 2023 жылдың наурызында кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауы. Осы сайлаумен қатар барлық деңгейдегі аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттар депутаттарының сайлауы өткен еді. Осы сайлауда қандай өзгешеліктер болды? Сайлау жүйесінің дамуы мен сайлаушылардың белсенділігі бойынша қандай жетістіктерге қол жеткіздік деп айта аламыз?

– 2023 жылдың наурыз айында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы болып өтті. Бұл сайлаудың ерекшелігі Мәжіліс депутаттарының корпусы мен облыстық мәслихат аралас сайлау жүйесімен жасақталды, яғни айтқанда, үміткерлерді ұсыну париялық тізім және аумақтық округ бойынша бір мандатты сайлау бойынша құрылды. Ал аудандық мәслихат бір мандатты окпугтер бойынша, толық мажоритарлық жүйемен сайланды. Сонымен бірге депутаттық мандаттар әйел адам, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар болып осы үш категория саяси партиялар берген депутаттық мандаттардың 30 пайызын құрауы керек болып белгіленді.

Сайлау науқанының алдында да, сайлау күні де округтік, учаскелік сайлау комиссиялары сайлау учаскелерінде азаматтардың өз құқықтарын жүзеге асырулары үшін барлық жағдайды жасай алды. Аудан бойынша сайлаушылардың сайлдауға қатысу пайызы 68,16-ны құрады. Сайлаушылар тізімімен жұмыс уақтылы жасалып, учаскелік комиссиялар бекітілген сайлаушылар тізімін Календарлық жоспарға сәйкес уақытында алды. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушылар тізімін анықтау үшін бірқатар шаралар жүргізді. Олар үй-үйді аралап шықты. Ал үйлерді аралау сайлау учаскесі аумағында тұратын азаматтардың сол үйде тіркелген-тіркелмегенін нақтылауға мүмкіндік берді. Тұрғындардың белсенділігін көтеру мақсатында БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы хабарландырулар беріліп, осы тақырыпта ЛЭД-экран арқылы күн сайын аудио, видеороликтер беріліп отырды.

– Аудандық сайлау комиссиясының жұмысы, орны, маңызы туралы айта кетсеңіз?

– Ауданымызда 1 аудандық-аумақтық сайлау комиссиясы, бір облыстық, 13 аудандық округтік және 33 учаскелік сайлау комиссиясы бар. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтыруларға байланысты аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларын тұрақты кәсіби негізге аудару туралы арнаулы пункт енгізілді. Сондықтан 2019 жылдан бері аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы тұрақты кәсіби түрде жұмыс жасайды. Ал 2023 жылдың қаңтар айынан бастап аумақтық сайлау комиссиясының үш мүшесі, яғни төраға, орынбасар және хатшысы тұрақты кәсіби түрде айналысуда. 2023 жылы бұрынғы шақырылымдағы сайлау комиссиясы мүшелерінің құзіреттілігі тоқтатылғаннан кейін аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамы жасақталды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына сәйкес, 2023 жылдың 27 желтоқсанында Бөрлі аудандық мәслихатының сессиясында аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 216 мүшесі бекітілді. 7 саяси партия мен 2 қоғамдық бірлестіктің ұсынысы бойынша 33 учаскелік сайлау комиссисында 209 учаскелік сайлдау комиссисының мүшесі мен 7 аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі таңдалды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 10, 20 баптарының талаптарына сәйкес, 33 учаскелік сайлау комиссияларында белгіленген тіртіп пен уақытында төрағалар мен оның орынбасарлары, хатшылары сайланды. Бұл жердегі басты мәселе – олардың қоғам мен заң алдындағы жауапкершілігі.

Қазіргі уақытта ҚР орталық сайлау комиссиясы жаңа сайланған комиссия мүшелерінің кәсіби деңгейлерін көтеру үшін семинар-тренингтер мен іскер ойындар, тағы да басқа шараларды көптеп өткізіп жатыр. Бұл жұмыс аудандық деңгейде де жүргіліп жатыр және жалғасын таба беретін болады.

– Алдағы жылдарда, мәселен, биылғы жылы сайлаушыларды не күтіп тұр?

– Биылғы жылы аудандық мәслихат депутының бір босаған орнына, нақтырақ айтқанда, №8 сайлау учаскесінде сайлау өтеді. Сонымен бірге сайлаушылармен, жастармен түсіндірме жұмыстарын, кездесулерді жалғастыра беретін боламыз. Ауқымды жұмыс келесі 2025 жылға жоспарланған. Қала әкімінің және 7 ауылдық округ әкімінің сайланған мерзімі аяқталады. Демек, сайлау өтеді.  

– Біраз мәлімет алдық деп ойлаймын. Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале