28.08.2024, 15:00
Оқылды: 304

Шыңғырлаулық Әділхан Нұрбергенұлы тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» турнирінің жеңімпазы атанды

Мақтансақ өзіміздің жерлестерімізбен мақтанайық. Сын сағаттарда суын ішіп, ауасын жұтып отырған жерінің намысын қорғап, туын жықпаған жандарды бүгінгі күннің көшбасшысы десе несі айып?

FDB5A869-3C19-438E-A5C5-604DC8186D81

Бүгінгі құлағы түрік қазақ жұрты Астанаға қарап елеңдеулі. Көптен күткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына да аз ғана уақыт қалды.

Осы үлкен дода алдында еліміздің түкпір-түкпірінде қазақ халқының ұлттық ойындарынан түрлі сайыстар өткізілген болатын. Облыста да осы көшпенділер ойынын қолдау аясында мәслихаттардың 30 жылдығына арналған тоғызқұмалақтан «Абай» жүлдесі үшін үлкен турнир өткен-тұғын.

Сол турнирде Шыңғырлаудың намысын қолдан бермеуге аттанған ауданымыздың бас имамы, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Әділхан Нұрбергенұлы жеңімпаз атанып, республикаға жолдама ұтып алғанын біреу білсе, біреу білмес.

Тоғызқұмалақ сайысын Парламент Сенаты мен Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясы ұйымдастырған болатын.

Тәуекелді желқайық етіп мінген Әділхан Астана төрінде де артында қалған елінің сенімін қолдан бермеуге барын салды.

Түркістан, Қарағанды, Павлодар мен Жетісу, Қызылорда және басқа да аймақтардан келген ең, ең деген мықтылар кеуде керіп тұрған байрақты бәсекеде жүрексінбеді. Өйткені, мұндай додаға жүйріктен озған жүйріктер келетінін білді, өзінің де азды-көпті тәжірибесіне сенді. Кеудесінде намыс пен жеңіске деген жігер атойлаған жас жігіт алдына келген қарсыластарын бірінен соң бірін жеңе берді, жеңе берді.

Сөйтіп жеңісті жалғастыра отырып турнир соңында жүлделі мінберден бір-ақ көрініп, республика бойынша «Үздік ойыншы» аталымын иеленді.

Әділханның жеңісі жалпы БҚО командасының І орыннан көрінуіне бірден бір сеп болды. Кей кейде бір адамның ғана жеңісі шешуші сәтте үлкен рөл атқаратыны тарихтан белгілі, Әділхандікі де әділ жеңіс, әділ жетістік болды.

Әділхан тоғызқұмалақты 12 жасынан ойнап келе жатса, осыған дейін облыстың бірнеше дүркін чемпионы және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан жүлдегері ретінде де танылған еді.

Иә, облыстың сонау Астана төрінде мерейін тасытқан Әділханмен қалай мақтансақта жарасады. 

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале