29.08.2024, 16:30
Оқылды: 98

Жәнібекте 48 бейнекамераның сегізі істен шыққан

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу бойынша кеңес өтті.

485B2953-5419-4627-A330-ADABFDD22969

Басқосуды аудан прокуроры Сәкен Молдашев ашып, жүргізіп отырды. Кеңеске аудан әкімі Тимур Шиниязов, ауыл әкімдері, мектеп директорлары, полиция бөлімінің қызметкерлері мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Күн тәртібінде құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу мәселесі қаралды. Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Жанболат Мұқашев иесіз жүрген малды алға тартып, ауданның көркіне келтіріп отырған келеңсіздіктерге тоқталды. Сонымен қатар бағымсыз жүрген малдың ұрлануы, малды бақпаса, иесіне салынатын айыппұл туралы айтты.

26CDC998-1D31-484C-93D6-DA4C4DD69BBC

Мал қамайтын айыппұл тұрағына да тоқталып, ауылдық округтерде бұндай тұрақтардың барын айтып, малын бақпайтын иелерге алдымен ескерту беріліп, кейін айыппұл салынатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ ол көп малдың сырғаланбағанын да айтып, жол-көлік оқиғаларында малдың иесін таппай қалатын жағдайларды баяндады.

Мәселен, күні кеше «Казталов–Жәнібек–Ресей Федерациясының» республикалық маңызы бар 120-шақырым жолында Ресей елінің азаматы автокөлігімен трассаның бойында жүрген құлын мен жылқыға соғылып, аман қалған.

Жылқы мен құлынның сырғасы болмағаннан кейін мал иесін анықтау қиындық тудырып отыр. Сол сияқты күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан прокуратурасының аға прокуроры Жандос Қуанышбеков құқық бұзушылықты болдырмау аясында атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған іс-шаралар туралы баяндады.

Сонымен қатар ол аудан бойынша жұмыс жасап және жұмыс жасамай тұрған бейнекамераларды атап өтіп, полиция бөліміне ескерту жасады. Аудан бойынша 48 бейнекамера болса, соның 8-і жұмыс жасамай тұр.

0B31B691-9490-4BED-A4E3-4819CDC33A44

Сол сияқты аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Мейрамхан Бапахов мал ұрлығы, есірткі мен алаяқтық қылмыстары бойынша баяндады. Қазіргі таңда ең күрделісі болып отырған алаяқтық қылмысы туралы профилактикалық және түсіндірме жұмыстары аудан деңгейінде дұрыс атқарылмай келеді.

Алаяқтарға алданғандар саны күн санап артуда. Сол себепті алаяқтардың іске асырып жатқан алаяқтықтың жаңа түрлерін халыққа қайта-қайта ескертіп, билбордтар орнатып, алдын алу керектігін баса айтты.

Күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша аудан басшысы Тимур Серікұлы жиынға қатысушыларға нақты тапсырма беріп, орындалуын талап етті.

Кеңесті аудан прокуроры Сәкен Сәрсенбайұлы қорытындылады.

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале