26.09.2024, 11:00
Оқылды: 107

Саягүл Ибрагимова: «Елге адал қызмет ету – парызымыз»

30 қыркүйек – Әділет құрылымдары қызметкерлерінің күні

Саягүл Ибрагимова облыстық Әділет департаментінде 16 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол ең алғаш инспектор, кейіннен мемлекеттік қызметте жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу бөлімдерінде қызмет атқарған. 2023 жылдың маусым айынан бастап әкімшілік бөлімнің басшысы қызметінде.

D4D09A03-10E3-48E2-812F-38D799B81449

Сурет: freepik.com

– Әділет саласында жұмыс істеу өзіме ұнайды. Әр адамның өміріндегі ең маңызды таңдаудың бірі – мамандық таңдау. Мен таңдаған жол, әрине, ең бірінші әділдікті қажет етеді. Азаматтарға заң аясында көмек көрсетіп, алғыс алу – үлкен жетістік. Кей кезде қиын тапсырмалар мен сынақтар да кезігеді. Соның өзінде, біз, әділет саласындағы қызметкерлер үшін халық жағдайы ең маңыздысы болып қалмақ. Мемлекеттік қызметші – халық қызметшісі. Сондықтан Ата заңымызға кір келтірмей, адал қызмет ету – парызымыз, – дейді бізбен ой бөліскен Саягүл Нұрланқызы.

Кейіпкеріміз – үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Ол перзенттерін ұлттық құндылықтарымызды ұғындырып тәрбиелегенді жөн көреді.

– Отбасымыздағы ең басты қағида – адамгершілік, имандылық, бауырмалдық, адалдық, жауапкершілік сынды қасиеттерді баланың бойына сіңіру. Ол үшін алдымен өзіміз іспен үлгі көрсетуге тырысамыз. Ұл-қыздарыма үлкенді сыйлау, бастаған істі аяқтау, тиянақты, ұқыпты болу қажеттігін айтудан шаршаған емеспіз. Отбасылық тәрбиеде ұлтымыздың салт-дәстүрін сақтай отырып, заманға сай ұстанамыз. Күнделікті дастарқаннан ұлттық тағамдарды үзбеуге тырысамын, – дейді мемлекеттік қызметші.

Кейіпкеріміз қазіргі қоғамдағы қазақ әйелінің бейнесі өте алғыр, пысық, іскер екендігін де жасырмады. Бұл бағытта өзі де заман ағымына ілесе отырып, өз жұмысына қоса, көпбалалы ана миссиясын тиянақты атқарғанды жөн көреді. Ол әйел ретінде үйдегі бала тәрбиесі мен қызметті ұштастырып жүрген әйелдердің көптігіне  қуанады.

Біз Саягүл Нұрланқызынан «Мемлекеттік қызметші қандай қасиеттерге ие болу керек?» деп сұрадық. «Мемлекеттік қызметші өз ісіне адал, адамгершілігі мол, білікті, парасатты, қарапайым, әділетті, коммуникативті болу керек. Өйткені мемлекеттік қызмет дегеннің өзі – мемлекет пен азаматтардың ортасындағы көпір» деп жауап берді.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале