3.10.2024, 16:45
Оқылды: 143

Оралда «Мизам шуағы» қалай өтті?

Мизам – қыркүйек айының ескіше атауы. Ал осыдан біразырақ күн бұрын, яғни, қыркүйек айының соңын ала облыс орталығында «Ағайын» қазақ мәдени бірлестігі «Мизам шуағы» атты мереке ұйымдастырды.

D99D0216-D28A-4CAA-A178-E113F54BCD80

«Ағайынның» төрағасы Арман Биғалиев өз сөзінде егін орылып, дән қамбаға құйылып, баубақша дақылдары да жиналып, төрт түліктің қысқы жемшөбі де қамдалып, яғни, бүкіл шаруаның етек-жеңі жинақталған соң өтетін осындай мерекенің жөні бөлек екендігін айтып өтті. Иә, биылғы қыркүйек әдеттегіден ерекше шуақты болды.

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында киіз үй тігіліп, оның алдына кілем төселді. Қазақы үйдің оң қапталында әжелер сәбиді бесікке салып, жүн түтіп, ұршық иіріп қазақы тұрмыс-тіршіліктің көрігін қыздырды. Ал киіз үйдің сол қапталында қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Бұған қоса ұлттық киім-кешектің үздік үлгілерінен сән-шеру де көрсетілді.

Жайық жұртына кеңінен танымал һәм кең байтақ елімізге де белгілі Биғалиевтер халықтық отбасылық ансамблі және «Әжелер сәлемі», «Ағалар әуені», «Жайық толқындары» сықылды өнер ұжымдары «Күміс құман-ай», «16 қыз», «Ауылың сенің іргелі», «Желкілдек» сияқты қазақтың небір халық әндерін әуелетті. Орал гуманитарлық-техникалық колледж студенттері күй тартысқа түссе, «Достық» би тобы мен «Қарақат» мектеп-студиясына қарасты «Айшуақ» би тобының бишілері «Шашу», «Балбөбек» билерімен көпшілікті тәнті етті.

Ал Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясына қарасты этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері Жайық жұртының бірлігін бекемдеп, берекесін еселер, ынтымағын нығайтып, ырысын молайтар мұндай мерекені жүйелі жаңғыртып, айнымас дәстүрге айналдыру керектігін алға тартты.

Үлкен-кіші түгел риза болған «Мизам шуақты» танымал әнші Мұрат Тілепов жиналған жұрт қосыла шырқаған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйіндеді.  

Бақытжан Ғабдуллин

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале