Бүгін АЭС құрылысына қатысты референдум басталды. Қала тұрғындары ертемен тұрып, дауыс беруде.
Құрманғазы атындағы саз колледжінде орналасқан №450 сайлау учаскесінде қарбалас ерте басталыпты. Ертемен бірінші келген тұрғынға, 18-ге енді толып алғаш өз таңдауын жасаған жастарға және 500-ші, 1000-шы болып дауыс берген қала тұрғындарына арнайы естелік сыйлықтар таратылуда.
Жуырда тағайындалған қала әкімі Мұрат Байменов те №450 учаскеге келіп, өз таңдауын жасапты.
– Халықтың келуі жақсы. Ертеңгілік осы жерде қарақұрым кезек болды. Көпшілігі отбасымен келіп, дауыс беруде. Кейбір тұрғындар өз пікірімен бөлісіп, АЭС-тің экономикамыз үшін тиімді екендігін айтып кетуде. Дәл қазір біздің учаскеге тіркелген сайлаушылардың 40 пайызы өз таңдауын жасады, – дейді №450 сайлау учаскесінің төраға орынбасары Роза Зайнуллина.
Аталмыш учаскеде 2 300-ге жуық сайлаушы тіркелген. Олардың 10-ы үйден дауыс беруге өтініш қалдырған.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz